МАХАББАТ ДЕП ТҮСІНДІ МЫНА ӘЛЕМДІ..

«Махаббат деп түсінді мына әлемді…»

Талантты лирик ақын Жүсіп Қыдыров рухымен сырласу.

Жаңа мыңжылдықтың наурызы және естелік

Жүсіп, сен көре алмай кеткен жаңа мыңжылдықтың наурыз айы тағы да келді. Бұл — сен туған ай. Егер тірі болсаң, сенің жетпісінші көктемің болар еді. Әттең, жазмыштан озмыш жоқ.

Сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шенінде аялы құшағына алып, бауырына басқан ару қала — Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түскен сәтің де күні кеше ғана сияқты. Сенің сұңғақ бойың, мейірімді жүзің, елжіреген жүрегің, толқынды қою бұйра шашың әлі күнге көз алдымда. Жібектей есілген биязы мінезің қандай еді, шіркін. Иә, ол күндер ешқашан ұмытылмайды.

Сыр елінен келген жыр

Сен университет қабырғасына Сүмбіле жырлардың сүлейлері туған Сыр елінен келдің. Киелі ақындықты жас шағыңнан мұрат еткенің анық. Мектеп қабырғасында жазған жырларыңды университетте жалғастырғаныңның куәгері болдық.

Сол балаң жырларды бізге оқып беретін әдетің де бар еді. Жырларыңның әдемілік пен сұлулықтың шолпысындай сыңғырлаған әуезге толы екенін айтқанда, көңілің өсіп, көлдей тасыған сәттерің жадымда.

Көңілде қалған жолдар

Толды әлем күлкісінің сыңғырына,

Толды әлем әуезінің сылдырына…

Сұлулар, бар екенсің шын іздесе,

Сендім мен «Мың бір түннің» шындығына!

Түн баласына көз ілмей, бізді ұйықтатып тастап, Шығыс әдебиетінің інжу-маржандарын, әсіресе «Мың бір түн» хикаяларын бас алмай оқитының да есімде.

Абай, Мұхаң дәрісі және әдебиетке ашылған жол

Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасын», «Татьянаның қырдағы әнін» жаныңдай жақсы көретінсің. Университеттің соңғы курсында заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы Мұхаң — Мұхтар Әуезовтің абайтану курсынан дәріс оқуы бәріміздің, ең алдымен сенің әдебиеттегі жолыңды ашты.

Біз Мұхаңның Абай өмірі мен ақындық жолы туралы әңгімесін, Шығыс пен Батыстың өткен ғасырлардағы ғаламат ақын-шайырлары мен философтары жайлы уәжді ойларын ұйып тыңдайтынбыз. Сол заманда көп айтыла бермейтін Мағжан лирикалары туралы сөз қозғап, мөлдір де мөлтек жырларын төгілте оқығанда, кейіннен сол жырлардың сенің бойыңа ұрық сепкенін де аңғардым.

Мағжан, Хайям, Фет: лириканың мәңгі жастығы

Ақындық жолыңда Мағжан лирикасына, Омар Хайямның төрттағандарына, Афанасий Феттің махаббат өлеңдеріне ғашық болдың. Сенің: «Фет өмір бойы махаббат жырын жырлап өткен екен… Егер тірі болсам, мен де жетпісімде сондай өлеңдер жазған болар едім» деген сөзің («Қазақ елі» газеті, барыс жылы, 10–16 сәуір) де ойымда.

А.А. Феттен үзінді

Сад весь в цвету,

Вечер в огне,

Так освежительно — радостно мне!

Вот я стою,

Вот я иду,

Словно таинственной речи я жду…

Ақын бұл жерде қарттықтың қауқарсыздығын емес, лириканың мәңгілік жастығын айтып тұрғандай. Сен де өмірден үміт үзбей, сұлулықтың мәңгілік отын алаулата білдің.

Аурумен арпалысқан шақтағы сенім

Тіл сараң,

Дәл айта алмас — өнер сараң,

Әлі де сан арнармын өлең саған…

Жүзге келіп, мұңайып отырармын

Сезімді жеткізе алмай, сені аңсаған.

Өлең мұрасы және «Мың бір күн»

Құдай пешенеңе жазылған 46 жыл ғұмырыңда ғашықтық ғазалдарыңның жалтылдаған жалынымен, өшпес өлеңдеріңмен елге, жерге деген махаббатыңды өрнектеп кеттің. Осы уақыт ішінде жарық көрген оннан астам кітаптарыңдағы балдай тәтті, бұлбұлдай әуезді жырларың мен дастандарың, балладаларың соған дәлел.

Солардың ішінде өміріңнің соңғы сәтінде жазған, арада он жыл өткенде талантты журналист інің, бауырың Бақтыбай Айнабеков өзге де өлеңдеріңмен толықтырып қайта шығарған «Мың бір күннің» рухы айрықша. Бұл жинаққа қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлық та берілді. Әрине, оны өзің көре алмадың.

Эпиграфтағы өз сөзің

«Мың бір күн» — дидарласу нұр, гүлменен,

«Мың бір күн» — сұхбаттасу бұлбұлменен.

«Мың бір күн» — бал махаббат хикаясы,

Жастық шақ, іңкәр көңіл, мың бір өлең.

Бұл жинақта оқырман сезімін оятатын ойнақы жолдар мен толымды ойлар ойқастап алдыңнан шығады. Жыр кәусарынан тоясың.

Суретке айналған теңеу

Сенің өлеңдеріңдегі ғашық — ғұмыр: бәрі бейнелі теңеумен, көркемдікпен астасып жатады. Мына бір суретті аңдайық:

Шашың қандай, жаным-ау, шашың қандай,

Қара раушан үлбіреп ашылғандай.

Төмен қарай төбеңнен құйылғанда,

Екеумізді қою түн жасырғандай…

Бұл жолдарда ғашықтық пен ғарыштық ой тұспалдары тұстасып жатыр. Мен сенің шығармашылығыңды талдауға ниеттеніп отырғаным жоқ, бірақ осындай көркемдікпен көмкерілген лирикаларыңның қуатын айтпай кету мүмкін емес.

Поэзиядан тыс өріс: журналистика, пьеса, сын

Сен поэзияда ғана емес, есейе келе әдебиеттің басқа жанрларына да қалам тартып, қарымыңды таныта білдің. Оған республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті мен «Жұлдыз» журналында қызмет еткен жылдарың куә.

Драматургияға бейіл болып, сегіз пьеса жаздың. Өлең табиғаты жайындағы танымдық сыни-зерттеулерге де ден қойдың. «Поэзиядағы стандарт және ізденімпаздық» атты мақалаңда лирикадағы жастар шығармашылығы, соның ішінде өзің енгізген жаңалықтар — өлең өлшемі мен теңеу секілді көркемдік тетіктерінің жай-жапсары кеңінен сөз болды.

Замандастарға жанашырлық

Өткен ғасырдың 60-жылдарында әдебиетке келген жастар легінде сен өз замандастарыңның алғашқы табыстарына қуанып, достарыңның өркен жайғанына мақтана білдің. Сол жауқазындар қатарындағы Мұқағали мен Қадырдың, Тұманбай мен Төлегеннің өлең өнеріндегі қауырсын қанаттарына қуат беріп, жылы лебіз білдірдің.

Сол тұста сыншы назарынан тыс қала беретін замандас қыз-келіншектер поэзиясындағы жақсыны тап басып, жандарын жадыратқан да сен едің: Фариза Оңғарсынова, Қанипа Бұғыбаева, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева және өзге де талантты ақын қыздарды талғампаздықпен тани білдің.

Достық демеу болған күндер

Сен ауыр сырқат тауқыметін тартып, аурухана төсегіне таңылып, кейін үйде төсек тартып жатқанда аяулы достарың жаныңнан табылды. Өзің жазған «Алматы әуендері» сонеттеріңде жырлағандай, біз хал-жағдайыңды біліп, медеу де, демеу де болдық.

Достық туралы өз үнің

Тілегінен қанат ап,

Алаң көңіл әлденген.

Дос жүрегі — шарапат,

Қиын сәтте қол берген.

Сазгерлік-күйшілік өнеріңнің тағдырына араласқан абзал достарың — белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиұлы мен «Өнер» баспасының тұңғыш директоры Мақсұтжан Әубәкіров қырық күйіңді жарыққа шығару үшін тыным таппай, көңіліңді көтергендерін де көрдім.

Кеткендер ізі: Мақсұтжан, Зейнолла және аманат

Сен өмірден өткен соң, Мақсұтжан да дертке шалдықса да, ел тарихына тамыр тартатын, ұрпақтар сабақтастығын арқау еткен, студенттік шағымызды елестететін шырайлы туынды жазу мұратына жетті. «Бір үмітпен өмір сүр» романы — сенің де, менің де алыста қалған жастығымыздың көркем өрілген шежіресі деуге болады.

Өкінішке қарай, бұл бірегей шығармасын Мақсұтжанның өзі де көре алмады. Бірақ ол артына бәріміздің ғұмырнамамыздай естелік қалдырды. Ал талантты сыншы Зейнолла Серікқалиұлы дос аманатын бұлжытпай орындап, әдеби редакциясын басқаруға білек сыбана кірісіп, туындының көңілден шығуына тер төкті. Ол да өз парызын өтеп барып дүниеден өтті.

Кеңсайдағы үнсіз сұхбат

Жақында, биылғы ақпан айында, Алматыға жолым түсіп, Кеңсайдағы сендердің зираттарыңа барып, құран бағыштап қайттым. Сонау Көктөбенің ұшар басында менің аяулы достарым — өзің, Зейнолла Серікқалиұлы, Мақсұтжан Әубәкіров, Сабырхан Асанов, Сәңгерей Тәжіғұлов, Амангелді Ахметәлімов, Өмірсейіт Шәріпов, Тұтқабай Иманбеков мәңгілік ұйқыда жатырсыңдар.

Ұстаз үміті және буын тағдыры

Университет қабырғасында жүргенде тағы бір ұлағатты ұстазымыз — академик Зейнолла Қабдолов әдебиеттанудан дәріс оқып, қызықты семинар өткізетін. Бірде оның ұсынған «Көркем образ дегеніміз не?» деген тақырыптағы пікірталаста қызылкеңірдек болып кеткеніміз де есімде. Сонда аяулы ағамыз семинарды қорытындылай келіп: «Менің осы курста сендерден үмітім зор», — деген еді.

Ұстаз үмітін сендер ақтап кеттіңдер. Зейнолла — сарабдал, адал да қатал әдебиет сыншысы болды. Амангелді мен Мақсұтжан партияның Орталық комитетінде, республикалық баспасөз органдарында жауапты қызметтер атқарды. Мақсұтжан журналистік жолын ақыры жазушылық дарынымен түйіндеді; ол көпке әйгілі «Қызқарағай» әніне мәтін жазған, оны қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл апамыз орындайды.

Қазақ вальсінің хас шеберлері атанған Шәмші мен Әсеттің әуезді әндеріне талай мәтін жазған ақын Сабырхан есімі де оқырманға жақсы таныс. Тұтқабай ақындықпен қатар прозаға да қалам тартып, сазгерлік өнерімен де із қалдырды. Бұл жөнінде жақында Шерағаң — Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанда» жариялаған «Әттең, тонның келтесі-ай…» мақаласында жылы лебіз білдірген еді…