Мұрат Сабыр

Халел Досмұхамедов және түркітану мәселелері

XX ғасыр басындағы өтпелі, дүбірлі кезеңде саяси күрес сахнасына шығып, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, болашағын болжаған, елдің өмір сүру құқығын қорғап тер төккен, сол жолда құрбан болған қазақ зиялылары аз болған жоқ. Бүгін Алаш қозғалысының мерейтойлық белестерін атап өткенде, ел үшін жанын қиған ерлердің рухына тағзым етіп, олардың еңбегін саралау және әділ бағасын беру — игілікті міндет.

Алаш үшін тер төгіп, ел қажетін өтеп, қоғамдық өмірдің сан саласына үн қосқан ардақтылардың бірі — туғанына 125 жыл толған Халел Досмұхамедов.

Өмір жолы және қалыптасуы

Халел Досмұхамедов 1883 жылдың 24 сәуірінде Тайсойған құмында дүниеге келді. Әкесі Досмұхамед көзі ашық, көкірегі ояу адам еді. Ол ұлын жергілікті орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Жасынан зерек Халел 1902 жылы Орал әскери-реалдық училищесін үздік бітіріп, 1903 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери-медициналық академияға түседі.

Оның студенттік кезеңі Ресейдегі саяси толқулармен тұстас келді. Бұл жағдай жас жігіттің қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Халел Досмұхамедов тарихта Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым ретінде өзіндік орны бар тұлға болып қалды.

Ғалымдық болмысы: кең тынысты ізденіс

Х.Досмұхамедовтың ғылыми ізденістермен терең шұғылдануына оның екі ірі қызметі ерекше әсер етті: біріншісі — қазақ-қырғыз білім комиссиясындағы жұмысы, екіншісі — Мемлекеттік ғылыми кеңес төрағалығы. Бүгінде халелтану бағытында қыруар іс атқарылып келеді. Халелдің мұрасын саралаған сайын оның жан-жақты біліміне таңданасың.

Кәсіби өрісі

Дәрігер, қоғам қайраткері, саясаттанушы, қоғамтанушы.

Ғылыми бағыттары

Тілші, тарихшы, әдебиетші, фольклор жинаушы.

Осы қатарға қосар ой: Халел — қазақтан шыққан алғашқы түркітанушылардың бірі.

«Диуани лұғат ит-түрік»: қазақ оқырманына алғашқы таныстыру

1923 жылы Халел «Шолпан» журналының 7-санында «Диуан лұғат ит-түрік» атты мақала жариялады. Осы еңбегі арқылы қазақ қоғамын ұлы сөздікпен алғаш таныстырып, Махмуд Қашқаридің ғылым тарихындағы орнын айқындап берді. Бұл тұрғыда ол «Диуанды» алғаш зерттеген В.В. Бартольд, В.А. Гордлевский, Т.А. Боровков, А.Н. Кононов сынды ірі ғалымдармен деңгейлес ғылыми пайым жасай алды.

Мақаласында ол Махмуд Қашқаридың шыққан тегін тарата отырып: «Кітаптың шығарушысы Махмудтың туған жері, ата қонысы Ыссықкөл жағасындағы Барсхан шаһары» екенін атап көрсетеді және Қашқаридың түрік бектері, әскері, ғалым-шайырлары арасында алдыңғы қатардан табылған тұлға екенін айтады.

Халел «Диуан» 1073 жылы жазылған деген ғылыми тұжырым жасайды. Сондай-ақ Махмуд Қашқаримен замандас Йусуф Хас Хажибтың «Құтадғу білік» еңбегі 1069–1070 жылдары жазылғанын еске алып, екі шығарманың жазылу аралығы екі-үш жыл шамасы екенін пайымдайды.

Көне түркі мұрасы және өркениеттік сабақтастық

Көне түркі мәдениеті IX–XII ғасырларда кемеліне келіп, көптеген жазба ескерткіштер дүниеге әкелді. Солардың ең көрнектілері — М.Қашқаридың «Диуани лұғат ит-түрік» сөздігі мен Ж.Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегі. Бұл мұралардан байырғы түркілердің мәдениетімен бірге ел басқару, мемлекет құру тәжірибесі — яғни өркениеттік келбеті де танылады.

Еуразия кеңістігінде көне түркі көшпелі тайпалары белгілі бір этномәдени негізде қалыптасты. Олардың материалдық әрі рухани жетістіктері кейінгі қазақ халқы мәдениетінің қалыптасуына қайнар көз болды. Н. Назарбаев «Тарих толқынында» еңбегінде: «Біз өз мемлекетімізді ұзақ уақытта меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деп жазады. Сондықтан этногенетикалық тамырымыз қандай еді, біз кімбіз деген сауалдың туындауы заңды.

М.Қашқари түркі жұртының болмысын былай сипаттайды: «Түркілер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішілік сияқты сансыз мақтаулы қасиетке ие».

Жас ұрпаққа этномәдени білім мен тәрбиені осындай ұлағатты сөз мәйегімен сіңіре алсақ, бұл — нұр үстіне нұр.

Халелдің түркітану туралы бағасы

Халел Досмұхамедов көне мұраның мәнін Орхон жазбаларымен қатар қоя отырып, Махмуд Қашқари еңбегінің маңызын ерекше атап өтеді:

«Түрк қауымы тіл, әдебиет һәм мәдениет тарихы үшін 1889 жылы Орхон жағаларынан табылған “бітік тастар” қандай әһәмиятты болса, Махмуд Қашқари кітабында да әһәмият сондай».

Түркітанудың бүгіні: мүмкіндіктер мен түйткілдер

Түркітану ғылымы көне түркі сына жазуларының табылып, олардың түркілік мұра екені дәлелденуімен XVIII ғасырда ғылым ретінде қалыптаса бастады. Кейін орта ғасырлардан жеткен «Диуани лұғат ит-түрік» секілді жазба жәдігерлердің табылып, ғылыми айналымға түсуімен түркітану өркендей түсті.

Алдағы уақытта Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат ит-түрік» еңбегінің жарық көргеніне мың жыл толуына байланысты ЮНЕСКО аясында әлемдік деңгейде атап өту жоспарлары белгіленуде. Жаңа ғасырдағы түркітанудың алдында іргелі міндеттер тұр.

Тәжірибе

Кеңес дәуірінде түркітану біршама өркендеді, бірақ белгілі саяси шеңберден шығып кете алмады.

Қазіргі ахуал

Тәуелсіз кеңістікте еркін әрекет бар, алайда оқшаулану, даралану және ортақ мұраны жеке ұлтқа телу үрдістері байқалады.

Түркітану — кешенді ғылым. Ол түркі тілдерінің өткені мен бүгінін ғана емес, түркі халықтарының тарихын, әдебиетін, дүниетанымын, мәдениетін, этнографиясын тұтастай қарастырады. Жаһандану жағдайында бұл ғылым саясаттану, философия, социология сияқты салалармен де сабақтасып отыр.

Жаһандану әлемдік үрдіс болғанымен, көбіне белгілі бір өркениеттік үлгілерге сүйенеді. Қазіргі тұста батысеуропалық және америкалық мәдени ықпал насихат, медиа және ағылшын тілінің басымдығы арқылы кең тарауда. Осындай кезеңде түркі халықтарының рухани сүйенері мен мәдени қалқаны — түркі өркениеті.

Ортақ міндет: бір-бірімізді түсінудің жолы

Түркі тілдерінің тамыры бір, өзегі ортақ болғанымен, жаңа ғасырда бір-бірімізді түсіну қиындай түскені байқалады. Бұған кеңестік саясаттың салқыны, әліпби алалығы да әсер етті. Ортақ әліпби жасау туралы ұсыныстар айтылды, бірақ түркі тілдерінің өзіндік айырмашылықтары бұл үдеріске толық мүмкіндік бере бермейді: біз — алып бәйтеректің әртүрлі жапырақтарымыз.

Бірнеше түркі тілін терең меңгерген мамандар да аз. Сондықтан филолог жастарды даярлау үшін түркі тілдес елдер арасында жоғары оқу орындарының студенттерін алмастыру, тағылымдама мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын жандандыру қажет.

Профессор Ш. Ыбыраевтың пікірі бүгін де өзекті: «Дүниежүзілік және ұлтаралық дәстүрі әлдеқашан қалыптасқан түркология ғылымының қазіргі заманғы тізгініне ұмтылу — егемен түркі мемлекеттерінің абыройлы міндеті».

Расында, түркітану ғылымының басында тұрған алаш ардақтыларының қасиетті де салмақты әдеби, тарихи, тілдік зерттеулерін тану — парыз. Ал оны жаңа ғасыр талаптарына сай жалғастырып, тереңдете зерделеу — егемен ұрпақтың жауапкершілігі.

Қазақ тілінің қадірі

Қазақ тілі — аса бай, икемді тіл. Орамын тауып, қисынын келтіріп қолдансаң, бұл тілмен сурет салуға да, тас қашауға да, текемет оюға да болатындай. «Бұл тілден май тамады» деуге де әбден сияды. Халықтың тіліне, жырына құлақ түрсең, шекер-балдай татитын нәрі мен әріне тоймайсың.

Ғашықпын қазақ тіліне!

Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады?!

Нұртас Оңдасынов