«Алтын қақпа» интеллектуалдық ойыны

Сыныптан тыс жұмыс: «Алтын қақпа» интеллектуалдық ойыны

Бұл сыныптан тыс іс-шара қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен алған білімді жүйелеуге, ел тарихы мен салт-дәстүрді тануға бағытталған интеллектуалдық ойын түрінде ұйымдастырылады. Ойын кезең-кезеңімен күрделеніп, оқушылардың жылдам ойлауын, дәлелді жауап беруін және топпен жұмыс істеу дағдысын дамытуға көмектеседі.

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімін, сондай-ақ Қазақстан тарихы, салт-дәстүр туралы танымын тексеру.

Дамытушылық мақсаты

Ой-өрісті кеңейту, тіл байлығын арттыру, шапшаң әрі жүйелі ойлап, ойын нақты жеткізуге үйрету.

Тәрбиелік мақсаты

Ұйымшылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу; ел тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрді қадірлеуге баулу.

Көрнекілігі

Алтын, күміс, тас қақпалар; сұрақтар; конверттер; сандықша.

Пәнаралық байланыс

Қазақстан тарихы.

Ойынның ұйымдастырылуы

Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларға жалпылама сұрақтар қойылады. Дұрыс жауап берген оқушылар ойынға қатысады. Бір топта 5 оқушы болады.

Ойын ережесі

  • Әр қақпаның жанында конверт болады, әр конвертте 3 сұрақтан беріледі.
  • Үш сұраққа толық жауап берілсе, қақпа ашылады.
  • Үш қақпаны да ашқан топ «алтын сандықтағы» қорытынды сұрақтарға өтеді.
  • Алтын сандық сұрағына дұрыс жауап берген топ жеңімпаз атанады.

Жалпылама сұрақтар (іріктеу кезеңі)

  1. Сөзді дыбыстық жағынан тексеретін ғылым қалай аталады? Жауабы: фонетика.
  2. «Көк ат» тіркесінде қандай ықпал түрі бар? Жауабы: ілгерінді ықпал.
  3. С. Сейфуллиннің туғанына неше жыл толды? Жауабы: 110 жыл.
  4. «Көп» сөзінің антонимін тап. Жауабы: аз.
  5. Республика күні қашан атап өтіледі? Жауабы: 25 қазан.
  6. Көкшенің сал-серілерін ата. Жауабы: Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай т.б.
  7. Көкшетау қаласы қай жылы құрылды? Жауабы: 1824 жылы.
  8. Бір-біріне мағыналары жуық сөздер қалай аталады? Жауабы: синоним.
  9. «Жыр алыбы» атанған ақын кім? Жауабы: Жамбыл.
  10. Ш. Уәлиханов қай жылы туды? Жауабы: 1835 жылы.
  11. Екі етіске ортақ жұрнақты ата. Жауабы: -ын, -ін, -н.
  12. Қобыландының тұлпары қалай аталады? Жауабы: Тайбурыл.
  13. Қазақ лицейі қай көшеде орналасқан? Жауабы: Менжинский көшесінде.
  14. Қара өлең ұйқасын көрсет. Жауабы: ааба.
  15. Конституция қай жылы, қай күні қабылданды? Жауабы: 1995 жылы, 30 қыркүйек.

Тас қақпа сұрақтары

Бұл бөлімде тілдік талдау, сөз тіркесі түрлері, сөйлем құрылысы және тұрақты тіркестерге қатысты тапсырмалар беріледі.

  1. «Қайыңнан» сөзіне фонетикалық талдау жаса.
  2. «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді» сөйлеміндегі етістіктерге морфологиялық талдау жаса.
  3. Берілген сөз тіркестерін байланысу түріне қарай ажыратып жаз:
    кітапқа үңілу ағашты өңдеу ештеңе айтпау сабақ дайындау той дастарқаны таңертеңгі шай ақ жастық Ақылбайдың дәптері асықпай сөйлеу үнсіз отыру жібек белбеу орнынан тұру
    Қабысу
    Мысалдарды белгіле.
    Матасу
    Мысалдарды белгіле.
    Меңгеру
    Мысалдарды белгіле.
    Жанасу
    Мысалдарды белгіле.
  4. Жай сөйлем дегеніміз не? Оның түрлерін ата, мысал келтір.
  5. Берілген сөйлемдерді сөйлем мүшелеріне талда, сөз таптарын көрсет:
    Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды,
    Ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды.
  6. Айқындауыш мүше дегеніміз не? Оның қандай түрлері бар?
  7. Адамның күлкісіне еліктейтін сөздерді ата.
  8. Сөздердің байланысу тәсілдері нешеу?
  9. «Бетінен оты шығу» қандай тілдік бірлік? Қандай мағынаны білдіреді?

Күміс қақпа сұрақтары

Бұл бөлім әдебиеттану, көне түркі мұрасы және көркемдік тәсілдерге қатысты сұрақтар арқылы білімді тереңдетеді.

  1. «Ер Төстік» ертегісі ертегінің қай түріне жатады? Дәлелдеңдер.
  2. Жүсіп Баласағұн қай жерде туып-өскен?
  3. Мақал мен мәтелдің айырмашылығын қалай анықтаймыз?
  4. Әдеби ертегілер мен халық ертегілерінің айырмашылығын көрсет.
  5. Көне түркі жазбаларының оқылу кілтін тапқан кім?
  6. Үзінді қай шығармадан алынған?

    Балталы, Бағаналы ел аман бол!

    Бақалы, балдырғанды көл аман бол!

    Кірім жуып, кіндігім кескен жерім,

    Ойнап-күліп, ер жеткен жер аман бол!

  7. Көне түркі руникалық жазба ескерткіштері қай ғасырдың туындылары?
  8. Гипербола дегеніміз не? Мысал келтір.
  9. Көркем шығарманың кіріспе бөлімі қалай аталады?

Алтын қақпа сұрақтары

Бұл бөлім Қазақстан тарихы мен тәуелсіздік кезеңіне қатысты негізгі деректерді қамтиды.

  1. Қазақстан өз егемендігін қай жылы, қай айда алды?
  2. Еліміздің астанасы Алматыдан Астанаға қай жылы көшірілді?
  3. Жер аумағы бойынша Қазақстан әлемде нешінші орында?
  4. Қазақстанда қанша халық тұрады?
  5. Қазақстанның ұлттық валютасы қай жылы айналымға енгізілді?
  6. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранының авторларын ата.
  7. Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім? Ол қай жылы ғарышқа ұшты?
  8. «Невада–Семей» қозғалысын кім басқарды?
  9. «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасының авторы кім? Бұл қандай еңбек?

Алтын сандық сұрақтары (қорытынды кезең)

Ең күрделі, ойлануды және дәлелді жауапты қажет ететін тапсырмалар. Мұнда шешендік сөздер, жұмбақ мәнді мәтіндер мен логикалық түйіндеулер беріледі.

  1. Үргеніш ханның сұрақтарына Сырым не деп жауап берді?
    Сөз анасы не? Су анасы не? Жол анасы не?
  2. Дау мұраты не? Сауда мұраты не? Қыз мұраты не?
  3. Досбол шешеннің сөзінен:
    Қол бастау қиын ба? Жол бастау қиын ба? Сөз бастау қиын ба?
  4. Төле би қырық қарақшының қолына түсіп, келіні Данагүлге хат жазады. Хатындағы жұмбақ ишараны Данагүл қалай шешеді?

    «Кенже ұлыма құда түстім. Соған қырық құнан атан, 20 бура, 8 ақбас атанымды осы барған адамнан айдатып жіберіңдер. Және оң босағамда тығулы жатқан алтынымды, сол босағамда жатқан күмісімді де қоса жіберіңдер», — деп жазады.

Сабақты қорытындылау

Ойын нәтижесі бойынша топтардың ұпайы есептеліп, жауаптардың толықтығы мен дәлдігі талданады. Негізгі ұғымдар қайта жинақталады.

Марапаттау

Жеңімпаз топ марапатталып, белсенді қатысқан оқушыларға алғыс айтылады.