ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА БАҒЫТТАП ОҚЫТУ

Ғаламдану жағдайындағы ұлттық құндылықтарды сақтаудың мәні

Бүгінгі ғаламдану үдерісінде ұлттық құндылықтарды сақтау, өз болмысын және ізгі дәстүрлерін қорғау жолындағы күрес — ұлттық сананы сақтау күресі екенін терең түсіну маңызды.

Ұлттық тәрбие — жеке тұлғаның ұлттық сана-сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуы. [1, 273-б.]

Ұлттық мәдени құндылықтар: мазмұны мен жіктелуі

Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық мәдени құндылықтар — белгілі бір ұлтқа тән, халық ғасырлар бойы жинақтаған рухани және материалдық мұралар жиынтығы.

Рухани құндылықтар

Адам бойында қалыптасатын имандылық, ар-ұят, қадір-қасиет, адамгершілік өлшемдері.

Материалдық құндылықтар

Адам қолымен жасалған тұрмыстық тұтыну заттары, кәсіп пен еңбек өнімдері, материалдық мұралар.

Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру — ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту.

Құндылыққа бағытталған оқыту: болашақ азаматты тәрбиелеу міндеті

Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқу үдерісіне жүйелі енгізу арқылы ұлттың асыл мұраға толы рухани байлығынан болашақ ұрпақты сусындатуға болады. Бұл — отбасында да, білім беру ұйымдарында да ұлтжандылық пен отаншылдықты қалыптастырып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлға тәрбиелеудің берік жолы.

Тұлғалық байланыс туралы ойлар

«Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді».
Ж. Аймауытов
«Мен ағайынды екеумін: бірі — өзім, екіншісі — халқым».
Сырым Датұлы

Осындай ұлағатты ойларды халық игілігіне жаратып, келешек ұрпақты ел-жұртқа ие болатын азамат етіп тәрбиелеуде неліктен кеңінен қолданбасқа?

Сын тұрғысынан ойлау және шығармашылық оқу әрекеті

Қоғамдағы рухани, материалдық және мәдени құндылықтардың алмасуы көбіне оқыту үдерісі арқылы жүзеге асады. Соның ішінде сын тұрғысынан ойлау жобасы арқылы оқыту — саналы әрі нәтижеге бағытталған үдеріс.

Интеллектуалдық деңгейі жоғары тұлғаны қалыптастыру үшін тек оқыту жеткіліксіз. Оқушыны тұлға ретінде жан-жақты дамытуға жағдай жасайтын, шығармашылық сипаттағы оқу әрекетін тудыратын оқыту қажет. Бұл тәсіл баланы материалды жай жаттауға емес, өздігінен білім алуға ізденуге үйретеді.

Ұлттық тәрбиені әрекет арқылы іске асыратын негізгі құндылықтар

  • Белсенді қарым-қатынас

    Оқушы мен мұғалім әр мәселе бойынша өз көзқарасын ашық білдіріп, дәлелдей алуы.

  • Даралық (индивидтік тәсіл)

    Мұғалімнің әр оқушының ерекшелігін дамытуы және қоғам алдындағы жауапкершілікті ұғындыруы.

  • Өзіндік тәртіп

    Өзіндік бақылау мен бағалауды дамыту, шешім қабылдауды үйрену және оны дағдыға айналдыру.

  • Шыдамдылық

    Әртүрлі пікірлерді қабылдай алу, өзгенің ерекшелігін құрметтеу, сыйластық мәдениетін орнықтыру.

«Адам мен адамның бір-бірімен араласуы, өзара қарым-қатынасында ғана адамның адамдығы өзі үшін де, өзгелер үшін де ашылады».
М. М. Бахтин

Бахтин пікірінше, диалог тұлғаны қалыптастырудың құралы ғана емес, адамның болмысын ашатын тетік. Тұлғаның белсенділігі мен өзін-өзі дамытуға ұмтылысы өзге адамдармен диалогтық қатынаста жүзеге асады. Бірлескен қарым-қатынас оқушы–оқушы, мұғалім–мұғалім, оқушы–мұғалім арасында өзара құрмет, түсіну, мойындау және сыйластықты күшейтіп, толеранттылық пен мейірімді көзқарасты қалыптастырады.

Рефлексия: тұлғаның ішкі өсу механизмі

Сын тұрғысынан ойлау тұлға бойында рефлексиялық сапаларды қалыптастыруға ықпал етеді. Рефлексиялық сапа — білім мен тәрбиені өзіндік сана арқылы қабылдау, тұлғаның рухани дамуы және ғылыми ақпаратты игеруі.

Рефлексиялық дағдыларды қалыптастыру үшін маңызды бағыттар

  • Өз тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа білім арқылы дүниеге өзіндік түсінік пен таным қалыптастыру.
  • Өзге адамдар ұсынған идеяларға конструктивті көзқараспен қарай алу.
  • Қарама-қарсы идеяны жоққа шығарудан бұрын түсінуге ұмтылып, өзіне қажет нәтижені шығара білу.
  • Өз біліміндегі олқылықты көріп, оны жою жолдарын табу.

Рефлексиялық әрекеттер барысында оқыту тәсілдері талданады, өзіндік шешім қабылдауға жағдай жасалады. Нәтижесінде бала өзін-өзі дамытуға, тәрбиелеуге, өз әрекетін ұйымдастыруға мүмкіндік алады және өз ерекшелігі мен деңгейін нақты тани бастайды.

Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру: мәні мен қағидалары

Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру мұғалім тарапынан әр оқушының жақын даму аймағында дербес қабілетін дамытуға түрткі болуды, оқыту мен оқу құндылықтары жүретін практикалық әрекеттерге баулуды, қолынан келетін істерін қолдауды және күрделі мәселелерді шешуге көмектесуді көздейді.

1) Тұлғаның мәдени субъектісі болуына көмектесу

Адамның қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның өз мәдениетінің субъектісі болуына жәрдемдесу және шығармашылық өмірге үйрету.

2) Сырттан тәрбиелеу емес — адамдықты табу және дамыту

Тәрбиені сырттан таңу емес, адам бойындағы адамдықты табу, қолдау және дамыту арқылы өзін-өзі реттеуге, өзін-өзі тәрбиелеуге әкелу. Соның нәтижесінде өзіндік болмысы мен санасы бар тұлғалық бейне қалыптасады.

3) Денсаулық, адамгершілік және еркіндікке сүйену

Дене және рухани саулықты, адамгершілікті, бостандықты, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты, салауатты өмір мен парасаттылықты, өзіндік қатынасты негіз ету.

4) Қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталу

Мазмұны баланың өзін тұлға ретінде дамытуына және өз өмірінің субъектісі болуына жағдай туғызуға негізделеді.

Мұғалім құзырлылығы және жаңа білім беру философиясы

«Тәрбиелеу үдерісі оқушыны тәрбиелеуге емес, оқушының өзін-өзі тәрбиелеуіне әкелетін үдеріс болуға тиіс».
Л. С. Выготский

Соңғы жылдары оқыту үдерісіне жаңа жобалар мен озық технологиялар енгізілуде. Олардың мәні — тұлғаны өз әрекеттеріне талдау жасауға, өзі үшін маңызды мәселелерді айқындауға және шешу жолдарын табуға бағыттау.

Д. Дьюи идеясы тұрғысынан алғанда, білім өмірлік тәжірибеге сүйеніп қолданысқа түсуі керек: оқушы да, оқытушы да өз тәжірибесі арқылы алған білімін тиімді пайдалана білуі қажет. Сондықтан жаңашыл үрдісті енгізуде мұғалім тек сыртқы форманы емес, оның философиясын түсінуі маңызды. Негізгі мақсат — «таза білімді» беріп қою емес, бүгін алған білімді өмірлік қажеттілікке сай қолдануға үйрету.

Оқыту мазмұны қамтитын қызметтер

Құндылықтық қызмет
Тұлға үшін мәнді бағдар жүйесін құру, өзіндік даму траекториясын таңдай алу.
Танымдық қызмет
Ұлттық мәдениет пен дәстүрді, жан-жақты ғылыми білімді рухани дамудың негізі ретінде игеру.
Әрекеттік-шығармашылық қызмет
Оқу, еңбек, ғылыми, көркемдік және өзге әрекеттерде мүмкіндігін жүзеге асырып, шығармашылық қабілетін қалыптастыру және дамыту.
Тұлғалық қызмет
Өзіндік санаға бағытталған рефлексиялық қабілетті дамыту арқылы өмірлік мұратын дұрыс қалыптастыру.

Демократиялық-гуманистік қатынас және тұлғалық өсу нәтижелері

Білім беру үдерісіндегі демократиялық және гуманистік қарым-қатынастар оқушының танымдық қабілетін дамытуға, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алуына және өзін үнемі жетілдіріп отыруына ықпал етеді. Мұндай ұйымдастыру әр оқушының өзіндік ерекшелігі мен өмір тәжірибесін, құндылықтарын ескеріп, өзіндік және өзара дамуға жол ашады.

Қалыптасатын педагогикалық сапалар

Осы негізде оқушыда өзіндік сана, өзіндік таным, өзіндік білім алу, өзара қарым-қатынас мәдениеті және өз өмірінің субъектілігі сияқты рефлексиялық сапалар пайда болып, әрі қарай дамиды.

«Баланы тәрбие қылу — тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз... Баланы мұндай адам қыла алу үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек». [4, 24-б.]

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қ. Бөлеев. «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау». Алматы, 2004.
  2. Д. Дьюи. «Демократия и образование». 2000.
  3. В. А. Сластенин, В. П. Каширин. (дереккөз атауы толық көрсетілмеген).