УӘЛИҰЛЫ АБЫЛАЙХАН

Тарихи тұлға

Уәлиұлы Абылай хан (1711–1781)

Уәлиұлы Абылай хан (Әбілмәнсүр) — қазақ халқының әйгілі ханы, Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, төре әулетінің өкілі. Шежіре деректері бойынша оның тегі: Шыңғыс хан – Жошы – Тоқайтемір – Қожа – Бадақұлан – Өріс хан – Құйыршық хан – Барақ хан – Әз Жәнібек – Жәдік – Шығай хан – Ер Есім хан – Жәңгір хан – Уәли сұлтан – Қанішер Абылай сұлтан – Көркем Уәли – Абылай хан болып таратылады.

Алмағайып дәуірдің тынысы

Абылай хан әкесі Көркем Уәли Түркістанда сұлтан болып тұрған кезеңде дүниеге келді. Бұл уақыт — қазақ халқы үшін жойылып кету қаупі төніп, өлім мен өмірдің арасында күн кешкендей алмағайып заман еді.

Қазақ даласын қысқан төрт бағыт

  • Батыста — отаршылдық тәсілін меңгерген Ресей империясы ықпалын күшейтті.
  • Шығыста — өзін «аспан әміршісіне» балайтын Қытай империясы қысымын үдетті.
  • Оңтүстікте — діни фанатизм күшейген өңірлер қазақтың тәңірлік ұстанымына тосырқай қарады.
  • Жапсарлас — көшпелі өмір салты ұқсас болғанымен, саяси бәсеке туғызған Жоңғар хандығы (1635–1758) «аш бүйірден шаншудай» қадалды.

Дәуірді бедерлеген бір шумақ

Дуалы ауыз ақын сол кездегі әскери-саяси ахуалды ғана емес, сыртқы күштердің дипломатиялық әдісін де бір ауыз өлеңге сыйғызды:

«Былай барсаң Қоқан бар, Қоқаңдаған әкең бар.
Былай барсаң Қалмақ бар, Күшіңді еппен алмақ бар.
Былай барсаң Қытай бар, Жапырағыңды бұтай бар.
Былай барсаң орыс бар, Балаңды берсең қоныс бар».

Бұл шумақта сыртқы державалардың қысымы, ықпал ету амалы және басқыншылық тактикасы айқын аңғарылады.

Тәрбие мен тұлғалық қалыптасу

Абылай хан тағдырдың ауыр сынын ерте көрді. Жастайынан жетім қалған ол Төле би сияқты ақылгөй абыздың, Әбілмәмбет ханның, Бөгенбай батырдың тәлімін алып, елдің саяси-әлеуметтік өміріне қоса жорық-жортуылдың да қыр-сырын танып өсті.

Өмірлік мұрат

Абылай ханның бүкіл ғұмыры бір мақсатқа бағынды: еркін өскен қазақ халқын аман сақтап қалу. Осы жолда ол ақыл-ойы мен қажыр-қайратын аямады, пендешіліктің бәрін тәрк етіп, шын мәнінде исі қазақтың біртуар көсемі бола білді.

Ерлік, бедел және көшбасшылық

Ол он бес жасынан бастап қан майданды көзімен көрді, кейінгі шайқастарда жеке басының ерлігімен, тапқырлығымен танылды. Талай рет жекпе-жекке тіленіп түсіп, Қалдан Шеріннің сүйікті жиені Шарышты жекпе-жекте өз қолымен өлтіргені айтылады.

«Ықпалы жүрген ер еді,
Алтыннан қылыш будырған.
Абылайлап ат қойып,
Жауды көрсе құтырған».

Жырау жыры оның жаужүрек болмысын ғана емес, ел ішіндегі ықпалын да танытады.

Бұл тұрғыдан алғанда, Абылай хан Мүде, Бумын, Күлтегін, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Едіге, Тоқтамыс, Әз Жәнібек, Керей, Бабыр, Есім хан, Қасым хан секілді көшпелілер көсемдерінің дәстүрін жалғап, өмірдің барлық сәтінде жеке басымен үлгі көрсете білген соңғы ірі тұлғалардың бірі еді.

Ел үшін ауыр шешімдер

Ел қамы, халық тағдыры таразыға түскенде Абылай хан тайсалған жоқ. Ресей мен Қытайдың қысымын тежеу үшін күші жетпей, сөзі өтпей қиналған тұстарда ең жақын ұлдарын аманатқа (кепілге) беруге мәжбүр болғаны да айтылады.

Рухы берік хан ардақты батырлары майданда қаза тапқанда көз жасын ішке жұтып, өзін тежей білген кездері болған.

Бұқар жыраудың көңіл сұрауы

Абылай хан ауырып жатқанда Бұқар жырау көңілін сұрап, былай дегені айтылады:

«Қалыңсыз қыз алдырған, ханым ай,
Қайырусыз жылқы салдырған, ханым ай.
Үш жүздің боздағын жолыңа шалсам,
Қалар ма екен бір шыбындай жаның ай!»

Халық қадірлеген ханға айтылар сөздің салмағы да осындай болған.

Тұтастық пен дербестік стратегиясы

Абылай хан қазақ халқының тарихи сыннан аман өтуі үшін ең алдымен елдік тұтастық пен дербестіктің қажет екенін терең түсінді. Ол бар қажыр-қайратын, ақыл-айласын осы мүддеге бағындырды.

Бұл мақсат жолында ол ерлігімен де, шешендігімен де, көрегендігімен де, ұйымдастырушылық қабілетімен де төңірегін таң қалдырып, замандастарынан бір бас жоғары тұрды.

Сөз құдіреті

Абылай хан қазақтың ақын-жыраулары мен билерін ғана аузына қаратып қойған жоқ. Ол қытай және қалмақ тілдерінде еркін сөйлеп, ықпалды адамдарды ұтқыр сөзімен тосылтып отырғаны айтылады.

Мәдениет пен күй

Ол қазақтың дәстүрлі мәдениетіне де жүйрік болды: өз жанынан күй шығарып, Шоқан Уәлиханов айтқандай, дәуірдің ерлік істерін күй тілімен бейнелей білді.

Билік және тарихи ақиқат

Абылай хан қазақтың саяси-әлеуметтік өміріне қырық жылдан астам уақыт ықпал етіп, билігін жүргізді. «Әбілмәмбет қайтыс болған соң ғана Абылай ресми хан болды» деген пікірдің Ресейдің айлакер саясатына орай өрбігені туралы да тұжырым бар: ірі тұлғаны толық мойындамау арқылы беделіне сызат түсіру көзделді.

Саяси көзқарас іздері

И. И. Неплюев: «Қырғыз халқында бас ханның болуы пайдалы болмайтыны былай тұрсын, зиянды да болуы мүмкін» деп жазған.

Ал деректерде Абылайдың ақ киізге көтеріліп, хандық тізгінін 1771 жылға дейін-ақ ұстағаны айтылады.

Арыстан ақынның дерегі

«Қылады мекережде байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайдың тұрған жері,
Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда».

«Халық айтса, қалып айтпайды»: Әбілмәмбеттің 1744 жылы Түркістанға көшуі хандық биліктің Абылай қолына әлдеқашан ауысқанын аңғартатын белгі ретінде түсіндіріледі.

Үш жүзге жүрген ықпал және нақты қимылдар

Абылай ханның ордасы Көкшетауда болғанымен, оның ықпалы үш жүзге де жүргені тарихи ақиқат ретінде айтылады. Бұған оның саяси, әскери және әлеуметтік тұрғыдан көреген де тегеурінді әрекеттері дәлел саналады.

Тарихи шешімдер тізбегі

  • Жоңғарлардан азат етілген шығыстағы байтақ өңірге қазақ ауылдарын Алтай асыра қоныстандыру.
  • Батыс шекара маңында Пугачев қозғалысының дүбірін қолдап, үш мыңға жуық сарбаздың орыс бекіністеріне шабуыл жасауына ұйытқы болуы туралы деректер.
  • Оңтүстікте қырғыздарға қарсы жорық ашып, Іленің сол жағалауы мен Шу бойындағы шұрайлы қоныстарды қазақтарға қайтаруы.
  • Жайыл қырғыны арқылы ел рухын көтеріп, жеңіс туын желбіретуі туралы баяндар.
  • Қазақ пен қырғыз арасына Нарынқолдан Қордайға дейін шекара тартқызуы және оның күні бүгінге дейін сақталуы.

Осындай шешуші сәттер Абылай ханның бүкілхалықтық ұлы хан болғанына бұлтартпас айғақ ретінде бағаланады. Бұған қоса, Ресей патшалығы және Қытай боғдыханымен жүргізген икемді саясаты өз алдына бөлек әңгіме.

Тарихшы бағасы

Абылай хан туралы әйгілі тарихшы А. И. Левшин былай деп жазған:

«Ол ақыл-парасаты жағынан да, қол астындағы халқының күші мен санының басымдылығы жағынан да сол кездегі қазақ даласын билеген замандастарының бәрінен басым еді».