Ақпаратты өңдеу

7-сынып • 2 қазан

Ақпаратты өңдеу

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды компьютердің ақпаратты өңдеу және сақтау құралы екендігімен таныстыру. Өз бетінше ойлауға және алдын ала дайындалуға дағдыландыру.

Сабақты ұйымдастыру

  • Сәлемдесу, сыныптың тазалығын тексеру.
  • Оқушылардың сабаққа дайындығын қадағалау.
  • Жоқтама жүргізу, үй тапсырмасын сұрау.

Жаңа тақырып: ақпарат ұғымы

Информация термині ағылшын тіліндегі information сөзінен тараған; түбірі латын тіліндегі «түсіндіру, баяндау, білу» мағыналарымен байланыстырылады.

Ақпаратты ауызша немесе жазбаша түрде, сондай-ақ қимыл-қозғалыс арқылы да жеткізе аламыз. Кез келген қажетті ақпараттың мағынасын түсініп, оны басқаға жеткізіп, соның негізінде белгілі бір қорытынды жасаймыз.

Ақпарат (информация) — нақты бір ғана анықтамамен шектелмейтін кең ұғым. Қарапайым түрде: әртүрлі объектілер, құбылыстар мен процестер туралы мәліметтер ақпарат деп аталады.

Күнделікті өмірден мысалдар

  • Жер бедері мен өсімдіктер туралы қоршаған ортадан көп ақпарат аламыз.
  • Найзағайдың жарқылы — күннің бұлтты екенін және жаңбыр жаууы мүмкін екенін білдіреді.

Ақпарат көздері

  • Оқулықтар, кітаптар, газет-журналдар.
  • Теледидар хабарлары, кинофильмдер.
  • Компьютер және арнайы бағдарламалар (сурет, түсіндірме мәтін, тексеру сұрақтары).

Жалпы тұрғыдан алғанда, ақпарат — таңбалар мен сигналдар арқылы берілетін әлемнің немесе нысанның бейнесі. Ақпарат алу дегеніміз — қоршаған ортадағы құбылыстар мен нысандардың байланысы, құрылымы және бір-біріне қатынасы туралы нақты мәлімет алу.

Ақпарат берілуі және жылдамдығы

Ақпарат адамға қабылдау мүшелері арқылы белгілі бір физикалық әсер ретінде, яғни сигнал ретінде беріледі. Өлшем ұғымы енгізілгеннен кейін «1 секундта қанша ақпарат беріледі немесе өңделеді?» деген сұрақ есептеуіш техниканың жылдамдығы түсінігіне әкеледі.

бит/сек байт/сек кбайт/сек мбайт/сек гбайт/сек

100 ГБ жадқа не сыяды?

  • 50 000 бет мәтін.
  • 150 түсті слайд.
  • 1,5 сағат стерео музыка.

Қорытынды

Бағалау: оқушылардың жауаптары бойынша қорытынды баға қою.

Үй тапсырмасы: №4, №5 (18-бет).

7-сынып • 9 қазан • Информатика

Компьютер — ақпаратты өңдеу құралы

Сабақтың мақсаты

Компьютердің қызметі және оған енгізілетін деректер туралы түсінік қалыптастыру. Оқушыларды дербес компьютерді өз бетімен қолдануға үйрету.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Сабақты ұйымдастыру

  • Сәлемдесу, сынып пен оқушылардың сабаққа дайындығын қадағалау.
  • Жоқтама жүргізу, халаттарын тексеру, үй тапсырмасын сұрау.

Өтілген тақырыпты қайталау

  1. «Ақпарат» ұғымын қалай түсінесіңдер?
  2. «Информация» термині қай тілден шыққан, мағынасы қандай?

Жаңа тақырып: ақпараттық процестер және өңдеу

Ақпараттық процестерді жүзеге асыратын негізгі құрал — компьютер. Ақпаратты аппараттық және бағдарламалық түрде автоматты өңдеу процесі ақпаратты автоматты өңдеу деп аталады.

Ақпараттық процестер — ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау және оны тұтынушыларға жылдам жеткізу әрекеттерінің жиынтығы.

XX ғасырдың 50-жылдарының басынан бастап электрондық есептеуіш машиналарды (ЭЕМ) кеңінен қолдану бұл жұмыстарды орындау жылдамдығын айтарлықтай арттырды.

Дербес компьютерде өңдеуге бейімделіп дайындалған сандық, символдық, мәтіндік және басқа да ақпаратты деректер деп те атайды. Мақсатқа жету үшін деректерді арнайы ережелер бойынша түрлендіру өңдеу деп аталады.

Өңдеу қалай жүзеге асады?

Компьютерде деректерді өңдеу машинаға түсінікті нұсқаулар тізбегі — бағдарлама арқылы орындалады.

Түрлі салада жиі қолданылатын деректер мен бағдарламалар магниттік таспаға, дискілерге және басқа тасымалдаушыларға жазылып, сақталады.

Информатика

Информатика — ақпараттың қасиеттерін, оны көрсету жолдарын және автоматты түрде өңдеу әдістерін зерттейтін кешенді ғылым.

Компьютердің техникалық мүмкіндіктерін пайдаланып, ақпаратты жинақтау, өңдеу және пайдаланушыларға жеткізу тәсілдері ақпараттық (компьютерлік) технология деп те аталады.

Компьютерде есеп шығарудың негізгі кезеңдері

  1. Ақпаратты алып, өңдеуге мүмкіндік беретін үлгісін (моделін) дайындау.
  2. Өңдеу үшін нұсқаулар тізбегін құру, яғни алгоритм жасау.
  3. Алгоритмді программалау тілінде бағдарламаға айналдыру.
  4. Бағдарламаны ЭЕМ-де орындап, нәтиже алу.
  5. Нәтижені талдау және зерттеу.
  6. Қате болса, үлгіні, алгоритмді немесе бағдарламаны түзету.
  7. Қажет болғанда деректер мен түзетілген бағдарламаны тасымалдаушыға жазып сақтау.

Бұл әрекеттердің көпшілігі (мысалы, үлгі дайындау және бағдарлама құру) оңай емес. Олар кейінгі тақырыптарда кеңірек қарастырылады.

Күрделі ақпаратты өңдеу көбіне әмбебап компьютердің мүмкіндіктеріне сүйенеді. Сондықтан информатика тек есеп шығару ғана емес, сонымен қатар ақпаратты өңдеу, сақтау және әртүрлі салада тиімді қолдану тәсілдерін де қамтиды.

Қорытынды

Бағалау: оқушылардың белсенділігі мен жауаптарына сүйене отырып бағалау.

Үй тапсырмасы: бүгінгі өткен сабақты қайталау.

7-сынып

Дербес компьютердің құрылғылары

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды компьютердің негізгі құрылғыларымен таныстыру: пернетақта, тінтуір, принтер және басқа да енгізу-шығару құрылғылары туралы түсінік беру.

Сабақтың түрі

Ашық сабақ.

Сабақты ұйымдастыру

  • Сәлемдесу, сыныптың тазалығын тексеру.
  • Оқушылардың сабаққа дайындығын қадағалау.
  • Жоқтама жүргізу, үй тапсырмасын сұрау.

Жаңа тақырып: дербес компьютер туралы

Бүгінгі күні дербес компьютерлер (ДК) кеңінен қолданылады. «Дербес» деп аталуының себебі — компьютер бір адамның жұмыс істеуіне арналған.

Дербес компьютерлердің түрлері көп болғанымен, олардың құрылысында ортақ ұқсастықтар бар. Бұл бөлімде дербес компьютердің қандай құрылғылардан тұратынын және негізгі құралдардың қызметін қарастырамыз.