"Имандылық жарасады ұл-қызға"

Сабақтың тақырыбы

«Имандылық жарасады ұл-қызға»

Сабақтың эпиграфы

«Ұл тәрбиелеп отырып, жер иесін тәрбиелейміз; қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз».

Платон

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларды имандылыққа, әдептілікке, кішіпейілділікке тәрбиелеу.
  • Оқушы бойындағы тапқырлық қабілетін дамыту.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру

  • Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
  • Мұғалім сабақтың эпиграфын оқып, тақырыптың мәнін ашады.
  • Оқушыларға сабақтың өту барысы мен сайыс шарттары түсіндіріледі.

Қорытындылау мақсатында бүгінгі сабағымызды «Зейінділер сайысы» деп атадық. Сайыс шарттары салт-дәстүр, әдет-ғұрып және имандылық тақырыптарына негізделген ойындар мен қызықты сұрақтардан тұрады.

«Зерделілер сайысы» шарттары

  1. 1 «Сәлем — сөздің анасы»: ұлдар мен қыздар екі топқа бөлініп, топ атауын қорғайды және сәлемдеседі.
  2. 2 «Мақал — сөздің мәйегі»: екі топ мақал айту бойынша сайысады.
  3. 3 «Дәстүріңді сақтай біл»: мұғалім салт-дәстүр туралы сұрақтар қояды, топтар жауап береді.
  4. 4 «Ән — көңілдің ажары»: салт-дәстүрге байланысты әндер сайысы.
  5. 5 «Ертегілер елінде»: үй тапсырмасы бойынша ертегі құрастыру.
  6. 6 «Өлең — сөздің патшасы»: әдептілік пен имандылыққа арналған өлең оқу сайысы.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Имандылық жарасады ұл-қызға,
Бұл тақырып толы екен мазмұнға.
Насихаттап имандылық бастауын,
Өнегелі тәлім берер ұл-қызға.

Ал, балалар, сайысты біз бастайық,
Өлең оқып, ән айтудан қашпайық!
«Әдептілік әліппесін» ардақтап,
«Иманды бол!» деп ұран тастайық.

Топтардың таныстыруы

Қыздар тобы — «Гүлдер»

«Гүлдер» деп ат қойдық тобымызға,
Сан алуан ұғым болды ойымызда.
Сәлем бердік, баршаңызға жиылған жұрт,
Бүгінгі әдептілік тойымызға.

Қаруланып білімменен біз келеміз,
Қиялменен шартараптан жыр тереміз.
Сайысуға «Гүлдермен» келіп тұрған,
Сөз кезегін өздеріңе береміз.

Ұлдар тобы — «Ұлағат»

Армысыз, ұстаздарым, құрбыларым,
Қасиетті өлең мен жыр құмарым.
«Ұлағат» деп ат қойдық тобымызға,
Күш берер, демеп тұрар бар тұмарым.

Көңіліміз әсем бір әнге толсын,
Халқымызға Қыдыр дарып, бақ қонсын!
Әділдікпен бағалаңыз, көрерменім,
Есте қалар сайыстың бірі болсын.

Мұғалім: Жарайсыңдар, балалар! Топ аттарың өздеріңе жарасымды екен. Халқымыздың ауыз әдебиеті — өте бай мұра. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» бір-екі сөйлемге сыйғыза білген ата-бабамыз қандай дана! Ата-баба мұрасын жалғастыру — біздің ұрпақ алдындағы міндетіміз.

«Мақал — сөздің мәйегі» сайысы

«Гүлдер» тобы

  1. 1.Ұлың өссе — ұяттымен ауылдас бол. Қызың өссе — қылықтымен ауылдас бол.
  2. 2.Бала тәрбиесі — бесіктен.
  3. 3.Өзек қуа ағады — өзен судың саласы. Алыстан сәлем береді — әдепті елдің баласы.
  4. 4.Өлімнен ұят күшті.
  5. 5.«Сіз» деген — әдеп, «біз» деген — көмек.
  6. 6.Бар — барын жейді, ұятсыз — арын жейді.
  7. 7.Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.

«Ұлағат» тобы

  1. 1.Сыйға — сый, сыраға — бал.
  2. 2.Ұлың өссе — ұлы үлгілімен ауылдас бол. Қызың өссе — қызы үлгілімен ауылдас бол.
  3. 3.Ұят жүрген жерде абырой төгілмейді. Абырой бар жерде ар шапан сөгілмейді.
  4. 4.Әдепсіз бала — ауыздықсыз атпен тең. Ақылды қария — жазып қойған хатпен тең.
  5. 5.Ар қайда болса — ұят сонда.
  6. 6.Әдептің не екенін әдепсіз адамды көргенде ұғарсың.
  7. 7.Аға әдепті болса — іні әдепті. Апа әдепті болса — сіңлі әдепті.
  8. 8.Әдептілік, ар, ұят — адамдықтың белгісі.

«Дәстүріңді сақтай біл» сұрақ-жауап

Мұғалім: Халқымыз бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы мол өнеге қалдырған. Ендігі шартта мен сұрақ қоямын, сендер кезекпен жауап бересіңдер.

1-сұрақ — «Гүлдер» тобы

«Шілдехана» деген қандай дәстүр?

Жауап: Жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын алғашқы той «шілдехана» деп аталады.

2-сұрақ — «Ұлағат» тобы

«Тұсаукесер» деген қандай дәстүр?

Жауап: Сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалып, баланың аяғы тұсалады да, аяғын жылдам басатын, жүрісі ширақ адамға кестіріледі. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап жүгіртеді, шашу шашылады. Тұсау кесушіге кәде беріледі.

3-сұрақ — «Гүлдер» тобы

«Бастаңғы» дәстүрінің мағынасын түсіндіріңдер.

Жауап: «Бастаңғы» — ата-анасы үйде жоқ кезде жастардың өз қатарын шақырып, тамақ пісіріп, бас қосып өткізетін отырысы. Үйдің үлкендері жолға шыққанда, ауыл жастары сол үйге жиналып, ойын-сауық құрып, ән айтып, көңіл көтерген.

4-сұрақ — «Ұлағат» тобы

«Байғазы» деген қандай дәстүр?

Жауап: «Байғазы» — балалар мен жастардың жаңа киімі немесе жаңа заты үшін берілетін ақшалай не заттай сый.

«Ән — көңілдің ажары»

«Гүлдер» тобы орындайды: «Әже туралы ән»

Өлеңін жазған
Қ. Мырзалиев
Әнін жазған
Н. Тілендиев

Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,
Сағынышым — сары ормандай самғаған.
Әке болып жүргенімді ұмытып,
Әлі күнге еркелеймін мен саған.

Құлындаймын асыр салған аңғарда,
Қозыңдаймын ойнақтаған албарда.
Өзің барда қысылмаймын күлуге,
Жылауға да қысылмаймын сен барда.

Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді,
Мен өзіңнен қабылдаппын күюді.
Сенің жаның жүрегіме ораулы,
Менің жаным жаулығыңа түюулі.

Тұра тұршы түзелгенде бұзығың,
Жүре тұршы жалғанғанда үзігің.
Маған дәулет неге керек, ақ әже-ау,
Өзің бірге көре алмасаң қызығын?!

«Ұлағат» тобы орындайды: «Домбырасыз сән қайда»

Өлеңін жазған
Х. Талғаров
Әнін жазған
И. Нүсіпбаев

Елдің жырын жырлаған,
Қайғысын да толғаған.
Домбырасыз ешқашан,
Жүрекке ем қонбаған.

Қайырмасы:

Домбырасыз сән қайда,
Домбырасыз ән қайда.
Ән мен күй бар өмірде,
От та лаулап жанбай ма!..

Құрманғазы, Тәттімбет
Домбырамен сайраған.
Жүрегіне от жақсын деп,
Елге күйін арнаған.

Қайырмасы

Абай, Жамбыл, сал Біржан,
Таң қалдырып ән салған.
Жүрегіңді жандырған,
Естіген жан тамсанған.

Қайырмасы

Домбырамен сөйлеген
Махаббатты халқымның.
Жігер беріп, күй деген,
Шақырады алтын күн.

Қайырмасы

«Өлең — сөздің патшасы»

«Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы».

Абай

Келесі шартымыз — өлеңді мәнерлеп оқу сайысы.

«Гүлдер» тобы: Жұбан Молдағалиев — «Ар-ұят туралы» (үзінді)

«Ұят» деп жұбатты, жыласаң,
«Ұят» деп жұбатты, жыласақ.
«Ұят» деп тоқтатты, шуласақ,
Тіл қатпай тістендік, құласақ,
Сол сөзден тыншыдық, туласақ.

Ашығып, арды асқа сатпадық.
Асығып, жолдастан безбедік.
Ерініп, еңбексіз жатпадық,
Ерігіп, есерлік кезбедік.

Ұят — ол тірлікпен бірге келді,
Ұятты ұққан соң тіл шықты.