«Өз тіліңді құрметте»
«Өз тіліңді құрметте»
Алматы, 2006
Мақсаты
- Қазақ тілінің шешендік, тапқырлық дәстүрін танып, тарих пен салт-дәстүрдегі тіл шұрайынан үлгі алу.
- Ана тілінің өміршеңдігін және адам тіршілігіндегі рөлін терең түсіндіру.
- Студенттерді ана тілін құрметтеуге, оның өсіп-өркендеуіне үлес қосуға бағыттау.
Көрнекілігі
- Нақыл сөздер жазылған плакаттар
- Кітап көрмесі
- Буклеттер
Сабақтың барысы
- Ұйымдастыру
- Кіріспе
- Өлеңдер мен әндер, сахналық көрініс
- Пікір алмасу
- Қорытынды
Кіріспе: тіл — ұлттың айнасы
«Халқын сүйген — салтын да сүйер». Тілді қастерлеу — бір халықтың ұлттық байлығын қорғау. Тіл әрбір ұлттың заңы ғана емес, сезім мен ойдың жанды көрінісі, халық тарихы мен мәдениетінің даму жолы. Ол — ұлттың игілігі, ажырағысыз белгісі.
Ұлттық мәдениеттің гүлденуі де, адамдардың тарихи тұрғыдан тұрақты қауымдастық ретінде қалыптасуы да тілдің дамуына және оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тікелей байланысты.
Ғалымдар пікірі
С.Е. Малов: «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, бейнелі тіл — қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен де, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты».
В.В. Радлов: «Қазақтар шешен келеді, олар мақалдап сөйлейді; жай сөзінің өзі өлең болып, құбылып жатады».
Ана тілі — салт-дәстүрдің қан тамыры. Қансыз тіршілік жоқ. Демек, ел боламын десең, ең алдымен өз тіліңнің, дініңнің, жер-су байлығыңның ешкімнен кем емес екенін ұғын. Тіл — құдірет. Ана тілің — елдігіңнің айғағы. Қанша қиындық көрсе де, жансебіл болып аман жеткен қастерлі мұра.
Өлеңдер: ана тілге тағзым
Төмендегі үзінділер студенттердің ана тілі туралы дайындаған өлеңдерінен берілді.
1-студент (М. Жұмабаев)
Ерлік, елдік, қайрат, бақ — бәрі де бардың, Жауыз тағдыр жойды бәрін — не бардың? Алтын күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз — бабам тілі, сен қалдың. Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім, Тарап кеткен бабаларыңды бауырыңа Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен, тілім!
2-студент (Қ. Мырзалиев)
Ана тілің — біліп қой, Еркіндігің, тереңдігің. Ана тілің — біліп қой, Мақтанышың, елдігің. Ана тілің — арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте.
3-студент
Ана тілі — біздің туған анамыз, Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз. Ана тілін бағаласақ, қалай біз Өзіміздің сондай болмақ бағамыз. Ана тілін кім аялай білмесе, Анасынан безген ұл деп қараңыз.
4-студент (Т. Әбдрахманова)
Ақыл-ойын дананың Ана тілден аламын. Ана тілім — ардақты, Ақ сүтіндей анамның. Ана тілім — анам сынды аяулым, Сенсіз жерде көш соңында қаламын. Сенсіз жерде күнім көрдей қараңғы, Сенсіз қалсам, құруға да таяумын.
5-студент (М. Әлімбаев)
Тілім барда — қазағым бар, халқым бар. Дәстүрім бар, ата жолы, салтым бар. Кіршіксіз қардай сақтаңдар Қазақтың тілін — ғаламат! Ана тілім — арым, иманым, Аманат саған, аманат.
Музыкалық үзіліс
- Ән: «Қазағым менің»
- Хор: «Ана тілім»
Мемлекеттік тіл мәртебесі және жауапкершілік
1989 жылы алғаш рет «Тіл туралы» заң қабылданғаннан кейін қоғамда ана тілімізге бетбұрыс айқын байқалды: балаларды қазақша балабақша мен мектептерге беру кеңінен қанат жайды. Қазақ тілі — мемлекеттік тіл, бұл мәртебе Ата Заңда бекітілген. Ендеше, оның қолданыс аясын кеңейту, ғылым, білім және техника тілі деңгейіне көтеру — біздің міндетіміз, ұрпақ алдындағы парызымыз.
6-студент
Қуан, далам! Қуанатын күн бүгін, Серпіп таста мұңды жүрек түндігін. Тіл туралы заңым енді күшіне Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.
7-студент
Әр адамда өз анасынан басқа болу керек төрт ана: Туған жері — түп қазығы, айбыны, Туған тілі — сатылмайтын байлығы, Туған дәстүр, салт-санасы — тірегі, Тағдырына шуақ шашар үнемі. Және туған тарихы — еске алуға қаншама, Ауыр әлі болса да. Әрбір тілде сөйле — әлемді таң қылып, Ана тілін білмеу қандай заңдылық? Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.
Сахналық көрініс және өнер сабақтастығы
Сахналық көрініс: «Шешендік әлемінде»
- I-топ: «От ауызды, орақ тілді билер өнері» — Қазыбек бидің шешендігі
- II-топ: «Туғаны жоқ тура бидің өнері» — Төле бидің шешендігі
Ән мен күй туралы
«Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» деп Абай айтқандай, өнер — тілдің көркем өрнегін тереңдететін қуат. Кезек халық әндері мен орындаушыларға берілді.
«Ән салса, айтса таң қаларсың, ән сөзін тоқсан тоғыз қайталарсың…» — осындай ән туғызған халқымыздың рухани байлығы ұрпаққа өнеге.
Шығармашылық бөлім
- Абай ауылы: «Тілім менің»
- Шәкәрім ауылы: «Мен қазақпын»
Пікір алмасу: ана тілін қадірлеу — ортақ іс
Света
Қазақ халқының ана тілі — қазақ тілі. Біз тілімізді байытуымыз керек. Халық тілінің мазмұнын байытқан тұлғалардың бірі — Абай Құнанбайұлы. Ол қазақ тілін мәдениеттің биік сатысына көтерді. Әдеби тіл — бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасы.
Бағылан
Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген өсиеті бар. Егер өз ана тілімізді қадірлемесек, өзге ұлт өкілдері біздің кім екенімізді де терең тани алмайды, сыйлау да кемиді деп ойлаймын.
Рауан
Мен қазақпын. Ана тілім — анамның ақ сүтімен бойыма сіңген ақылым, ойым, санам; қолымдағы қаруым, бетімдегі айбарым сияқты өмірлік серігім. Сонымен бірге өзге ұлт тілдері де мен үшін жат емес: қай халықпен болса да өз тілінде сөйлесіп, түсініскенге не жетсін. Дегенмен өз ана тілімдей әдемі, мағынасы кең, жатық әрі сыпайы тіл жоқтай көрінеді.
Қорытынды
Тіл құдіреті — өлшеусіз. Тіл — киелі, қасиетті ұғым. Сондықтан ана тілімізді қадірлеп, сүйіп, күнделікті өмірде қолданып, оның мәртебесін ісімізбен көтеру — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Түйін: өз тіліңді құрметтеу — өзіңді, еліңді, тарихыңды құрметтеу.
Еске салу
Тіл — аманат. Оны сақтау да, дамыту да — әр ұрпақтың өз қолындағы жауапкершілік.