ОРМАН – ЕЛ ДӘУЛЕТІ, ЖЕР СӘУЛЕТІ

Экология • Орман шаруашылығы • Қоғам

Орман – ел дәулеті, жер сәулеті

Адам денсаулығы көбіне қоршаған ортадағы экологиялық ахуалға байланысты. Оны жақсартатын негізгі күштің бірі — жасыл желек екені даусыз. Орманшы қауымының басым бөлігі ауылдарда тұрғанымен, жұмысы көбіне тау қойнауында, орман мен өзен бойында, көл жағалауында өтеді.

Негізгі ой

Орманды қорғау — тек табиғатты сақтау емес, ауылдағы тұрақты еңбек, қауіпсіздік, инфрақұрылым және келесі ұрпақтың экологиялық мәдениеті үшін де шешуші мәселе.

Орманшы еңбегінің күнделікті шындығы

Екі аралықтағы жолды есептемегенде, әр орманшы өз қарамағындағы жүздеген, тіпті мыңдаған гектар аумақты бақылауға мәжбүр. Оны қорғау мен күту уақытты да, қаражатты да талап етеді. Сондықтан орманшының жұмыс орнында — орманшы үйінде тұруы тиімді: ол төрт түлік ұстап, құс өсіріп, омарта баптап, уақытын үнемдей алады.

Бұл тұрғыдан алғанда қызметтік тұрғын үймен қамту — тек әлеуметтік қолдау емес, жұмыстың сапасын арттыратын нақты құрал. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында: «Дамудың қазіргі кезеңінде адам факторы айқындаушы фактор болып табылады» деп атап көрсетілуі де осыны меңзейді: мамандарды қолдау, жас кадрларға кәсіби білім беру, жоғары және арнайы оқу орындарында оқыту міндеті алға қойылды.

Басқару жүйесіндегі өзгерістер және орман қорының көлемі

Ел Үкіметінің 2002 жылғы қарашадағы қаулысына сәйкес, 2003 жылғы 23 қаңтарда Алматы облысы әкімінің өкімімен Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы 17 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерімен бірге облыс әкімінің коммуналдық меншігіне қабылданды.

Орман қоры (облыс аумағында)

4 277 000 га

Орман қорының жалпы аумағы

Орманмен көмкерілген алқап

1 670 000 га

Нақты орман өсіп тұрған аумақ

2001–2004 жылдары орман шаруашылығы реформаланып, екі салаға бөлінді. Орманды күзету және қорғау жұмыстарын мемлекеттік мекемелер атқарды. Ал орманды молықтыру, күтіп-баптау, тұқымбақтардағы егілімдер мен көшеттер өсіру сияқты жұмыстар республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың құзырына берілді.

Алайда жауапкершіліктің әлсіреуі салдарынан материалдық-техникалық база бірнеше жыл ішінде талан-таражға түсті. Осыдан кейін басқарманы коммуналдық меншікке беру жергілікті атқарушы органдарға орман және аң шаруашылығы саласын тиімді жақсартуға, қаржы мәселесін дер кезінде шешуге мүмкіндік беретін қажетті қадамға айналды.

Сапа көрсеткіштері: өрт, заңсыз кесу, тәртіп

Соңғы жылдары орманды күтіп-баптау мен молықтыру жұмыстарының сапасы артты: тұқымбақтар іске қосылып, бұрын тұқымбағы болмаған мекемелерде жаңалары ашылды. Дала және тау өрттерінің саны, заңсыз ағаш кесу, орман заңдылығын бұзушылық жыл сайын азайып, мамандардың жауапкершілігі нығайды.

Материалдық-техникалық жаңарту (2005–2007)

  • 6 өртсөндіргіш (әрқайсысы 7–8 млн теңге)
  • 40 патрульдік автокөлік
  • 18 трактор
  • 231 рация
  • 38 мініс аты және өрт сөндіру құрал-жабдықтары

Жаңалыққа үн қосып, оны жүйелі қолданудың маңызы да айқын көрінді: бірқатар мекемелерде орман қорын орналастыру жұмыстары жүргізіліп, 10 жылдық жобалар жасалды, ал Кеген мен Қаскелең мекемелерінің тұқымбақтарында су жүйелері жаңартылды.

Еліміз бойынша алғашқылардың қатарында 17 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі орман қоры аумағын пайдалану құқығына ие болып, заң талабына сай мемлекеттік құжат алды.

Зиянкестермен күрес және Сиверс алмасының сақталуы

Соңғы жылдары 17 300 гектар аумақта алма бақтары мен өзге де ағаштарды зиянкестерден қорғау мақсатында химиялық өңдеу жүргізілді. Талдықорған, Алакөл, Лепсі, Жаркент, Сарқан орман қорлары аумағындағы ағаш зиянкестері айтарлықтай азайып, жойылды деуге болады.

Алманың атасы саналатын жабайы Сиверс алмасының тұқымы сақталып, бүгінде жайқалып өсіп, жеміс беріп отыр.

Қаржы көздері және ақылы қызмет

Бюджеттен бөлінген қаржыдан бөлек, орманшылар Орман кодексінің 109-бабы 3-тармағына сәйкес ақылы қызмет көрсету арқылы да қаражат тартуға талпынады: елді мекендерді көгалдандыру үшін көшеттер өсіру, халықты отынмен қамтамасыз ету сияқты жұмыстар арнайы есепшот арқылы жүргізіледі.

Арнайы есепшоттарға түскен қаражат

186,5 млн теңге

Қаражат күзету, қорғау, молайту және материалдық базаны нығайтуға жұмсалды.

Кадр даярлау және тұрақтандыру

Кадрларды тұрақтандыру мақсатында соңғы екі жылда Қазақ ұлттық аграрлық университетіне және Шығыс Қазақстандағы Риддер аграрлық колледжінің сырттай оқу бөліміне 96 адам түсіп, білімдерін жетілдіруде. Ағымдағы жылы 45 орманшыны оқыту жоспарланған.

Орман ресурстарын қысқа мерзімге (10 жылға) және ұзақ мерзімге (49 жылға) пайдалануға берудегі мақсат — орманды қорғауды күшейту, заң бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру.

«Орманшы үйі» бағдарламасы: қауіпсіздік пен әлеуметтік қолдау

«Орманшы үйі» бағдарламасы орман күтушілердің өздері қарайтын айналымдарда тұруын қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтік жағдайын жақсартуды да көздейді. Қазір облыс бойынша 4,3 млн гектар орман қорын 425 орман күтуші-қорықшы күзетеді.

Орта есеппен бір орман күтушісіне 10 мың гектардан аса аумақты қорғау міндеті жүктеледі. Егер әр айналымда орманшы үйі болса, дала және тау өрттерінің, заң бұзушылықтардың алдын алу әлдеқайда тиімді болар еді.

Биыл жоспар

19 үй

Мекемелердің өз қаржысы есебінен салу

Қазіргі жағдай

174

Орман күтуші орманшы үйінде тұрады

Келешекте барлық орман күтушілерінің өз айналымдарында тұруына мүмкіндік жасау жоспарланған.

«Жасыл ел»: отырғызу, табиғи түлету, сексеуіл

«Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында мекемелер 288 гектар алқапқа 1 500 000 түп көшет отырғызды, ал 1500 гектарда табиғи түлету жұмыстары жүргізілді. Бақанас, Күрті, Үштөбе мекемелерінде жыл сайын 1512 гектарға көпжылдық сексеуіл тұқымы себіледі.

Тұқымбақтардың дамуы

Тұқымбақ саны

13

Жалпы аумақ

295,5 га

Көшет түрлері (қазір)

25+

Кеген, Лепсі, Алакөл, Сарқан мекемелерінде тұрақты, базалы тұқымбақтар, ал өзге мекемелерде уақытша тұқымбақтар жұмыс істейді. 2001–2003 жылдары тұқымбақтарда көшеттердің 4–5 түрі ғана болса, бүгінде бұл көрсеткіш 25-тен асты.

Сұранысы жоғары көшеттерді көбейту үшін Павлодар, Ақмола облыстарынан қарағай, Қырғызстаннан мәңгі жасыл шырша мен қарағай, Алматы қаласындағы дендрарийден көгілдір шырша балашықтары әкелініп отырғызылды. Сонымен бірге 2005–2007 жылдары «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша елді мекендерді көгалдандыруға 1 млн түптен аса көшет босатылды.

Заң, жауапкершілік және өрттің алдын алу

Ел Үкіметінің 2007 жылғы 31 мамырдағы қаулысына сәйкес, 1 текше метр шырша ағашын заңсыз кескен жағдайда келтірілген залалды өтеу 7-ден 21-ге дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленген.

Дегенмен орман — атмосфералық ауаны реттеуші ғана емес, шикізат пен дәрі-дәрмек қоры екенін де ұмытпау керек. Орман кодексінің 62-бабының 6 және 7-тармақтарына сәйкес, мемлекеттік орман қоры аумағында аң аулау мен балық аулау ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ биотехникалық шараларды жүргізу қажет.

Өрт — тілсіз жау

Өрттің шығу себептері көбіне шөп қалдықтары мен қоқысты бақылаусыз өртеуден, демалушылардың, балықшылар мен аңшылардың, малшылардың отты толық сөндірмей кетуінен туындайды. Мұндай оқиғалар өткен жылы Алакөл, Еңбекшіқазақ, Ескелді аудандарында орын алды.

Өрт қаупі туралы шаруашылықтарға ескертулер таратылып, елді мекендерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Орман күтуші-қорықшылар мен орманшылар арасындағы байланыс жақсарып, өртті дер кезінде анықтау және жедел сөндіру деңгейі артты — бұл жауапкершіліктің күшейгенін көрсетеді.

Автор

Сайлау Жухаев — Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы.

Қиранды орнында — жаңа мектеп

Биылғы жылдың ақпан айында болған табиғат апаты салдарынан мыңдаған үйлер мен мектептердің құлағаны белгілі. Солардың бірі — Арыс ауданының «Монтайтас» ауылындағы Кеңес Одағының Батыры атындағы мектеп.