Корпаративтің ақша айналымын және есеп айырысу жүйесі

Кәсіпорындағы есеп айырысу жүйесінің мәні

Кәсіпорын өндірістік-шаруашылық қызметін жүзеге асыру барысында ақша есеп айырысуларын үнемі жүргізуге мәжбүр. Есеп айырысу жүйесі корпорацияның ішкі және сыртқы міндеттемелерін уақытылы орындауға, ақша ағымдарын басқаруға және төлем тәртібін қамтамасыз етуге бағытталады.

Ішкі және сыртқы есеп айырысулар

Ішкі есеп жүйесі

Еңбек ақыны төлеу, акционерлерге дивидендтер төлеу сияқты кәсіпорынның ішкі міндеттемелеріне қатысты операцияларды қамтиды.

Сыртқы есеп айырысу жүйесі

Өнімді жеткізу үшін төлем жасау, салықтарды төлеу, несиені алу және қайтару сияқты сыртқы контрагенттермен есеп айырысуларды қамтиды.

Есеп айырысулардың негізгі түрлері

1

Тауар операциялары бойынша төлемдер

Тауарды сату-сатып алу, жеткізу және материалдық құндылықтардың қозғалысына тікелей байланысты төлемдер.

2

Тауар емес операциялар бойынша есеп айырысу

Тауар қозғалысына қатысы жоқ, тек ақша қаражаттарының қозғалысына байланысты төлемдер: банкпен, бюджеттен тыс қорлармен, ұйымдармен, акционерлермен және кредиттік ұйымдармен есеп айырысулар.

Ақша айналымының құрылымы

Кәсіпорынның барлық есептері оның ақша айналымын құрайды және құрылымы бойынша екі жүйеге бөлінеді: қолма-қол және қолма-қол ақшасыз айналым.

  • Қолма-қол ақша айналымы — қолма-қол ақшамен жүргізілетін төлемдер жиынтығы.
  • Қолма-қол ақшасыз айналым — төлеуші мен алушының банктік шоттары арқылы, сондай-ақ өзара талаптарды есепке алу және қолма-қол ақшасыз аударымдар арқылы жүзеге асатын төлемдер. Ақша айналымының негізгі бөлігін осы түрі құрайды.

Есеп айырысу жүйесінің негізгі элементтері

  1. 1 Қолма-қол есеп айырысу және кассалық операцияларды жүргізу тәртібі.
  2. 2 Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу және оны ұйымдастыру қағидаттары.
  3. 3 Есеп жүргізу үшін кәсіпорынның банкте есепшот ашу тәртібі.
  4. 4 Банк пен кәсіпорын арасындағы банктік есепшот шартының жасалу тәртібі.
  5. 5 Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысандары.

Қолма-қол ақша айналымы және кассалық операциялар

Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақша айналымын ұйымдастыру тәртібі ҚР Ұлттық банкінің нормативтік құжаттарымен реттеледі. Кәсіпорын қолма-қол ақшаны қабылдау, сақтау және пайдалану үшін касса ұстайды, ал мұндай әрекеттер кассалық операциялар деп аталады.

Кассадан қолма-қол ақшаны беру мақсаттары

  • Шаруашылық және операциялық шығындар.
  • Іссапар шығындары.
  • Еңбекақы төлеу.
  • Әлеуметтік сақтандыру бойынша жәрдемақылар мен шәкіртақы төлеу.
  • Қарыздар (ссуда) беру және өзге де шығындар.

Қабылдау және беру құжаттары

Ақшаны қабылдау

Қолма-қол ақша кассаға кіріс кассалық ордері бойынша қабылданады. Қабылдау фактісін растау үшін ордерге сәйкес квитанция беріледі.

Ақшаны беру

Қолма-қол ақша шығыс кассалық ордері, төлем ведомосі немесе өтініш негізінде беріледі.

Еңбекақы, әлеуметтік жәрдемақылар және шәкіртақы төлемдері көп жағдайда әр алушыға жеке шығыс кассалық ордерін рәсімдемей-ақ, төлем ведомосі арқылы жүргізіледі.

Банктен қолма-қол ақша алу және чек

Кәсіпорын қолма-қол ақша қаражатын өзіне қызмет көрсететін банктен алады. Қолма-қол ақшаны беру банк белгілеген нысандағы құжат — чек негізінде жүзеге асырылады.

Чек — кәсіпорынның банкке өз есепшотынан чекте көрсетілген соманы беру туралы жазбаша өкімі.

Чек кітапшалары банктер тарапынан кәсіпорынның өтініші бойынша беріледі. Әдетте кітапшада есепшот нөмірі, чек нөмірлері, чекті толтыру және пайдалану тәртібі көрсетіледі.

Кассадағы қолма-қол ақша лимиті

Ұйымдық-құқықтық нысаны мен қызмет түріне қарамастан, кәсіпорындар бос ақша қаражаттарын банкте сақтауға және міндеттемелер бойынша есеп айырысудың негізгі бөлігін қолма-қол ақшасыз тәртіпте жүргізуге міндетті. Дегенмен қолма-қол ақша қажет болатын төлемдерге байланысты әр кәсіпорында касса болады.

Лимит нені білдіреді

Кәсіпорын кассада тек банк белгілеген қалдық лимиті шегінде ғана қолма-қол ақша сақтауы тиіс. Бұл лимит кассасы бар және қолма-қол есеп жүргізетін барлық кәсіпорындар үшін белгіленеді.

Лимит қалай айқындалады

  • Кәсіпорынның қолма-қол ақша айналымының көлемі.
  • Жұмыс режимінің ерекшеліктері.
  • Қолма-қол ақшаны банкке тапсыру тәртібі мен мерзімі.
  • Құндылықтарды сақтау және қауіпсіздік (сақтандыру/қорғау) талаптары.

Лимитті өзгерту және артық ақшаны тапсыру

Банк белгілеген лимит кәсіпорынға жазбаша түрде хабарланады. Қажет болған жағдайда (мысалы, кассалық айналым көлемі өзгергенде немесе түсімді өткізу шарттары өзгергенде) лимит жыл ішінде кәсіпорынның негізделген өтініші бойынша қайта қаралуы мүмкін.

Лимиттен жоғары кассадағы ақша қаражаттары банкке міндетті түрде тапсырылады. Ақшаны банктердің күндізгі немесе кешкі кассаларына, кәсіпорындардың инкассацияланған (қосылған) кассаларына, сондай-ақ кейін банкке өткізу үшін байланыс ұйымдары арқылы келісімшарт негізінде тапсыруға болады.

Лимиттен жоғары соманы кәсіпорын тек еңбекақы, әлеуметтік төлемдер және шәкіртақы төлеу мақсатында 3 күнге дейін ғана кассада сақтай алады. Мерзім өткен соң пайдаланылмаған ақша банкке өткізіледі.

Есепшоттан төлемдерді төлеу тәртібі

Банктегі кәсіпорынның есеп айырысу шотынан ақша қаражатын есептен шығару клиенттің талабы немесе өзге де төлем құжаттары негізінде жүзеге асырылады. Егер кәсіпорында қаржылық қиындық туындап, барлық төлемдерді өтеуге қаражат жеткіліксіз болса, банк есеп айырысу шотына карточка ашуы мүмкін.

Мұндай жағдайда шотқа ақша қаражатының біртіндеп түсуіне байланысты төлемдерді кезектілік тәртібімен жүргізу қажеттілігі туындайды: талаптарды қанағаттандыру үшін есептен шығарылатын қаражаттың кезегі белгіленеді.

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың артықшылықтары

Кәсіпорындар арасындағы есеп айырысулардың негізгі бөлігі қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізіледі: төлеушінің есепшотынан алушының есепшотына қаражат аудару және өзара талаптарды есепке алу арқылы.

Кәсіпорын өз ақша қаражаттарын банктік есепшотта сақтайды: оған тиесілі төлемдер түседі және міндеттемелері орындалады. Қолма-қол ақшасыз айналым қолма-қол ақша айналымымен салыстырғанда айналым шығындарын төмендетеді, өйткені қолма-қол ақшаны сақтау және жеткізу қажеттілігі азаяды.