Аға ұрпақ бізге үлгі
Сабақтың мақсаттары
Бұл сабақ Ұлы Жеңістің мәнін терең ұғындырып, соғыс жылдарындағы ерлік пен бірлікті үлгі ете отырып, оқушылардың отаншылдық сезімін күшейтуге бағытталады.
Білімділік
- Ұлы Жеңісті дәріптеу және Ұлы Отан соғысы батырларының ерлігін үлгі ету.
- Отанды, елді, туған жерді сүю сезімін арттыру, елді қорғауға баулу.
- Бейбітшілік туралы түсінікті тереңдету.
Дамытушылық
- Ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың өмірі мен ерлік істерімен таныстыру.
- Оқушылардың ой-өрісін, пайымдауын дамыту.
Тәрбиелік
- Үлкендерді сыйлауға, қадірлеуге тәрбиелеу.
- Елін, жерін, Отанын сүюге, ержүректілікке баулу.
- Патриоттық және интернационалдық тәрбие беру.
Көрнекіліктер
- «Ұлы Отан соғысының батырлары» тақырыбындағы сурет-альбом.
- Тақырыпқа сай көрнекі мақал-мәтелдер.
Кіріспе: Жеңістің салмағы
Жеңіс — сан миллиондаған адамның төрт жыл бойы минуттап, сағаттап сарғая күткен үміті. Ақыры олардың сенімі ақталды, тілектері орындалды. Алайда бұл жеңіс оңай келген жоқ.
Тылда қалған қарттар, аналар және еңбектеп жүрген балалар соғыстың ауыр қайғы-қасіретін арқалай жүріп, бірде аш, бірде тоқ тынбай еңбек етті. Қазақстанда соғыс оты шарпымаған шаңырақ кемде-кем. Жүз мыңдаған ата-әжелеріміз соғыстың алғашқы сәтінде-ақ майданға аттанды.
Еске алу
Осы қанды майданда мерт болған ерлердің рухына және бүгін арамызда ақыл-өсиетімен тірек болып жүрген ардагерлерге басымызды иіп, тағзым етейік. (1 минут үнсіздік)
Дәл осындай жадыраңқы жай күні,
Болса дағы қай ғасырдың қай жылы.
Ұлы Отаным басын иіп бір минут,
Есіңе алмақ сол бір апат қайғыны.
Оқушылардың баяндамалары: Соғыс жылдарының шындығы
1-оқушы
1941 жылғы 22 маусым күні таң шапағы жаңа ғана арайланып келе жатқанда елімізге қауіп төнді. Халқымыз адам айтқысыз қиын-қыстау кезеңге душар болды. Фашистік Германия опасыздықпен басып кірді.
2-оқушы
Отанымызға қатерлі күн туды. Бейбітшілікке сұрапыл соғыс қаһары төніп, ел қорғау үшін көптеген ер-азамат майданға аттанды.
3-оқушы
Барлық жұмыс соғыс талабына сай ұйымдастырылды. Партизан отрядтары құрылды. «Бәрі де майдан үшін» деген ұран тасталды. Еңкейген кәріден өрімдей жасқа, еңбектеген балаға дейін елі, жері, Отаны үшін арпалысты.
4-оқушы
Бұлт түнеріп аспаннан,
Талай көзден жас тамған.
Тұтқиылдан жау тиіп,
Қырғын соғыс басталды.
5-оқушы
Барлығы майдан үшін. Барлығы жеңіс үшін.
6-оқушы
Еңбек армиясы негізінен қорғаныс кәсіпорындарын, темір жолдарды және электр станцияларын салуға қатысты. Арнайы құрылыс батальондарының көпшілігі майдан даласында қираған темір жолдар мен өзге де әскери нысандарды қалпына келтіруге, жөндеп, қайта іске қосуға атсалысты.
7-оқушы
Соғыс жылдары қазақстандық бес әскери құрамға «гвардиялық» деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына әлденеше орден тағылды. Жауынгерлердің ерлігі аңызға айналды. Солардың ішінде атақты 28 гвардиялық Панфилов дивизиясы бар. Оның құрамынан шыққан батырлардың арасынан кейін батальон, одан соң дивизия командирі болған Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдулиннің есімдері соғыс тарихында мәңгілік орын алды.