Мемлекеттік кредиттің мәні
17-тарау. Мемлекеттік кредит пен мемлекеттік борыш
Мемлекет пен муниципалдық құрылымдар (жергілікті атқарушы органдар) ел ішіндегі заңды және жеке тұлғалардың бос ақша қаражаттарын, сондай-ақ басқа мемлекеттердің үкіметтері, қаржы-кредит мекемелері және халықаралық қаржы-кредит институттарының ресурстарын уақытша пайдалануға тарта алады. Бұл, ең алдымен, бюджет тапшылығы мәселелерін шешу және қаржыландыру қажеттіліктерін өтеу үшін іске асады. Осындай қаражат тартудың негізгі тәсілі — мемлекеттік кредит.
17.1. Мемлекеттік кредиттің мәні
Мемлекеттік кредит — жалпымемлекеттік қаржының басты буындарының бірі және кредит қатынастарының жиынтығы. Бұл қатынастарда мемлекет кредитор, қарыз алушы және гарант (қарыз алушы үшін мемлекеттің кепілдігін білдіреді) ретінде көрінуі мүмкін.
Мемлекеттік кредиттің негізгі белгілері: қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық. Дегенмен, оны банк несиесімен шатастыруға болмайды.
Жекеше кредит пен мемлекеттік кредиттің айырмашылығы
Жекеше кредит
- Өндірістік мұқтаждар үшін жұмылдырылады.
- Несие капиталы жұмылдырылады.
- Өтеу қосымша өнімнен немесе өндіріс үдерісінде пайда болатын құн есебінен жүргізіледі.
- Капиталды қолдану сферасын (өндірістік сфераны) кеңейтеді.
Мемлекеттік кредит
- Өндірістік және өндірістік емес мұқтаждар үшін жұмылдырылады.
- Төлем және сатып алу қаражаттары жұмылдырылады.
- Өтеу бюджет кірістері есебінен (негізінен салықтық түсімдер арқылы) жүргізіледі.
- Капиталды қолдану сферасын тарылтады.
Мемлекеттік кредит арқылы жұмылдырылған қаражаттар көбінесе экономиканы қаржыландыруға бағытталатындықтан, оның өндірістік сипаты болуы тиіс.
Мемлекеттік кредиттің қаржы қатынастарына жатуы
- 1 Мемлекеттік кредит арқылы жұмылдырылатын қаражаттар өндірістік, өндірістік емес, сондай-ақ стратегиялық және жедел қажеттіліктерді қаржыландыруға бағытталатын мемлекеттің қаржы ресурстары ретінде қарастырылады.
- 2 Алынған және берілген кредиттер бойынша есеп айырысулар, сондай-ақ пайыз төлемдері үкімет қарыз алғанда — республикалық бюджеттен, ал жергілікті органдар қарыз алғанда — жергілікті бюджеттер есебінен жүргізіледі.
Бюджет кірістерінің негізгі әрі тұрақты бөлігін салықтық түсімдер құрайтындықтан, қарыздар арқылы тартылатын қаражаттар көбіне «антиципацияландырылған салықтар», яғни мерзімінен бұрын өндіріп алынған салықтар ретінде қарастырылады.
Мемлекеттік кредиттің функциялары
1) Қайта бөлу функциясы
Мемлекеттік кредит ақша қаражаттарын кейін қайтару шартында қайта бөледі. Бұл халықтың және шаруашылық жүргізуші субъектілердің уақытша бос қаражатын шоғырландырумен байланысты. Осы тұрғыдан мемлекеттік кредит жинақ ақшаны ұйымдастыру нысандарының бірі болып саналады.
Практикада бұл мемлекеттік қарыз облигацияларын және басқа да бағалы қағаздарды (қазынашылық міндеттемелер, қазынашылық бондар, сертификаттар) шығару арқылы іске асады. Нәтижесінде ұлғаймалы ұдайы өндірістің ауқымы өсіп, оның қарқыны жеделдеуі мүмкін.
Сонымен бірге, ағымдағы кезеңде пайдаланылған қаражаттар ондаған жылдардан кейін — келешек ұрпақтардың салықтары есебінен қайтарылуы мүмкін. Бұл құбылыс «уақыт бойынша қайта бөлу» ретінде көрінеді.
2) Реттеуші функциясы
Мемлекет несиелік пайыз мөлшерлемесіне ықпал ете отырып, ақша ағындарын реттейді. Қарыз алушы ретінде несие капиталына сұранысты арттырады, соның нәтижесінде пайыз мөлшерлемесі өсуі мүмкін.
Бұл жеке инвесторларды нарықтан ығыстыруы ықтимал («ығыстыру әдісі»), яғни бизнестің жекелеген түрлеріне инвестиция салуды шектеуге әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу айналыстағы ақшаның (қолма-қол және қолма-қолсыз) қысқаруына ықпал етіп, ақша эмиссиясының теріс салдарын бәсеңдетуге көмектесуі мүмкін.
Мемлекеттік кредиттің рөлі — халық пен ұйымдардың уақытша бос қаражаттарын жұмылдырып, оларды мемлекеттің кезек күттірмейтін қажеттіліктерін қаржыландыруға бағыттау.
Мемлекеттік кредиттің түрлері
- Ішкі кредит
- Мемлекеттік кредит қатынастары ел ішінде пайда болады: үкімет, жергілікті билік органдары, кәсіпорындар, ұйымдар және халық арасында мемлекет қарыз алушы да, кредитор да бола алады.
- Сыртқы (халықаралық) кредит
- Бір тарапта — үкімет немесе жергілікті билік органдары, екінші тарапта — басқа мемлекеттердің үкіметтері, банктері, компаниялары және халықаралық қаржы-банк ұйымдары қатысады. Кредит беруші тарап донор, ал кредит алушы ел реципиент деп аталады.
- Шартты мемлекеттік кредит
- Үкіметтің өз еліндегі қарыз алушылардың (кәсіпорындар, ұйымдар, фирмалар, жергілікті билік органдары) басқа ел кредиторлары алдындағы міндеттемелері бойынша берген кепілдіктерінен туындайды. Қарыз шарттары орындалмаған жағдайда үкімет бюджет қаражаты есебінен төлем жүргізуі мүмкін.
Мемлекеттің рөлі: қарыз алушы, кредитор және гарант
Қарыз алушы
Мемлекет бюджет тапшылығын жабу, экономиканы қаржыландыру және ақша айналысын реттеу мақсатында қаражат тартады.
Кредитор
Мемлекеттік несиелендірудің негізгі саласы — күрделі жұмсалымдар: басым өндірістер, тұрғын үй құрылысы, экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылым.
Гарант
Төлемдердің кідірісі, банкроттық, саяси және өзге де себептерден туындайтын тәуекелдер жағдайында кепілдік беру — мемлекеттік несиелендірудің ерекше нысаны.
Мемлекеттік кредиттің көздері және пайдаланылуы
Мемлекеттік кредиттің көздері — шаруашылық жүргізуші субъектілерде, банктерде, зейнетақы қорларында, сақтық қорларында және халықта қалыптасатын уақытша бос ақша қаражаттары.
Негізгі мақсаттар
- Бюджет тапшылығын қаржыландыру.
- Ұлттандырылған және аралас кәсіпорындарға күрделі жұмсалымдарды қаржыландыру.
- Жергілікті билік органдарының шаруашылық құрылымдарын қаржыландыру.
- Ақша айналысын реттеу.
Назар аударатын тұс
Мемлекеттік кредит арқылы алынған қаражаттардың қызметі көбіне бюджет пен қаржы нарықтарының өзара байланысы арқылы көрінеді: пайыз төлемдері, өтеу мерзімдері және қарыз жүктемесінің құрылымы шешуші мәнге ие.
17.2. Мемлекеттік кредиттің нысандары мен әдістері
Нысандары
- Мемлекеттік қарыздар шығару.
- Коммерциялық банктердегі халық салымдарының бір бөлігін мемлекеттік қарыздарға айналдыру.
- Қазынашылық несиелер.
Мемлекеттік қарыздар: анықтамасы
Мемлекеттік қарыздар — мемлекет пен заңды және жеке тұлғалар арасындағы қарыз қатынастарының нысаны; нәтижесінде мемлекет белгілі бір мерзімге және белгілі бір ақыға ақша қаражаттарының белгілі бір сомасын тартады. Бұл қатынастарда мемлекет көбіне қарыз алушы ретінде көрінеді.
Қарыздар мен салықтардың айырмашылығы
Қарыздар
- Ерікті сипатта болады.
- Міндеттеу көбіне шарттық-құқықтық нысанда рәсімделеді.
Салықтар
- Міндетті сипатта болады.
- Міндеттеу заңда белгіленген нақты нысанда іске асырылады.
Мемлекеттік қарыздарды жіктеу
Өтеу мерзімі бойынша
- Қысқа мерзімді (1 жылға дейін).
- Орта мерзімді (1 жылдан 5 жылға дейін).
- Ұзақ мерзімді (5 жылдан жоғары).
Орналастыру орны бойынша
- Ішкі қарыздар және сыртқы қарыздар.
- Ішкі қарыз облигацияларын шетел азаматтары мен ұйымдары да сатып ала алады.
Орналастыру әдістері бойынша
- Еркін айналатын.
- Жазылу (подписка) бойынша орналастырылатын.
- Мәжбүрлеме қарыздар.
Басқа белгілері бойынша
- Нысаны: әдетте ақшалай, қажет болғанда заттай да болуы мүмкін.
- Эмитенті: үкімет қарыздары және жергілікті билік органдарының (муниципалдық) қарыздары.
- Табыстылығы: пайыздық немесе ұтыс (лотереялық) қарыздар.
Дербестікке ие болғаннан кейін Қазақстан Республикасында меншікті ішкі қарыздарды қолдану басталды. 1992 жылы республика үкіметі мемлекеттік ішкі қарыздарды шығаруды қолға алды.