ШЫҒАЙҰЛЫ ДӘУЛЕТКЕРЕЙ
Төре күйлерінің дәстүрін орнықтырған тұлға
Шығайұлы Дәулеткерей (1814–1887) — қазақтың әйгілі күйші-композиторы, төре күйлерінің негізін қалыптастырып, оны дербес дәстүр деңгейіне көтерген ірі тұлға. Ол бұрынғы Бөкей ордасында, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Орда ауданына қарасты Қарамола өңірінде дүниеге келіп, сол ата қонысында ғұмыр кешті.
Тегі мен тарихи ортасы
Дәулеткерей шыққан әулет — Өріс (Орыс) ханнан бергі хандық билік дәстүрінен қол үзбеген төре тұқымы. Бөкей хан қайтыс болғаннан кейін, Дәулеткерейдің әкесі Шығай шамамен сегіз жыл Бөкей ордасында хандық билік жүргізген.
Кілтті тұжырым
Дәулеткерей төре күйлерінің дәстүрін біржола орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектепке айналдырды. Сондықтан академик А. Жұбанов оны «төре күйлерінің атасы» деп бағалаған.
Дәстүрден туған дарын
Дәулеткерейдің таланты «тақыр жерден» пайда болған құбылыс емес. Ол өскен ортада күйшілік дәстүр әбден қалыптасқан еді. Орда өңіріндегі Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі секілді әйгілі домбырашылардың өнері оның шығармашылық көкжиегін кеңейтті. Дәулеткерей осы үрдісті өзіне тірек етіп, оны жаңа биікке шығарды.
Құрманғазымен рухани тоғысу
Оның күйшілік әлеміне елдік мазмұн дарытып, шабытын ширықтырған маңызды себептердің бірі — Құрманғазымен кездесуі. Екі ұлы күйші бір-бірін іштей түсінісіп, өнерде де, мінезде де жараса білген. Тіпті бір-біріне күй арнағаны туралы деректер айтылады.
Өнер мен білімге жақын әулет
Дәулеткерей шыққан ортада хандық билікті күйттеуден гөрі өнер мен ғылымға ықылас танытқандар аз болмаған. Оның немере туысы Мұхит — Кіші жүздегі ән мектебін кең танытқан аса ірі дарын. Арынғазы, Жантөре, Өрейжан секілді інілері де күй өнерімен төңірегін баураған өнерпаздар ретінде белгілі.
Тіпті бел баласы Салауат сұлтандық биліктен гөрі күй өнерінен жұбаныш тапқан деседі. Туған жиені Науша Бөкейханов өмірін нағашысының күйлерін насихаттауға арнаса, екінші жиені — Орынбор кадет корпусын тәмамдаған Салық Бабажанов — халықты билеуден бұрын ғылым-білімге ден қойған.
Заман қасіреті мен күйдің үкімі
Дәулеткерей ел тағдырына ерте араласты. Хан-сұлтандық биліктің өз төңірегін ғана дүрліктіргенімен, дәуірдің беталысы өзгеріп, ескі жүйенің күні өтіп бара жатқанын да терең сезінді. Орданың ғана емес, күллі елдің тағдыры отаршылдықтың қыл тұзағына шырмалғанын ерте аңғарды.
Драмалық күйлер
Осы ахуал оның ең драмалық, шиеленісі мол күйлерінің тууына негіз болды. «Тартыс», «Шолтақ», «Топан», «Жігер» секілді шығармаларында ол көрген өмірдің ащы шындығын күй тілімен сөйлетті.
«Жігер» — асқар бел
«Жігердің» жөні бөлек: бұл — Дәулеткерейдің ғана биігі емес, жалпы қазақ күй өнеріндегі асқар белдердің бірі. Ол тыңдаушының жанын сергітіп, жүрегін жылытар қуатымен дараланады.
Домбыраның жұбату күші
Бұл фәни жалғанда адамның көңілін жұбататын, санасын серпілтетін құбылыс бар болса, соның бірі — Дәулеткерей күйлерінің рухани әсері. Қиын заманның қасірет қамауындағы халқын ол домбырасымен жұбата білді.