Қазақ тілі – мемлекеттік тіл

Мемлекеттік тіл және ресми іс жүргізу: мазмұны, түрлері, қызметі

ХХІ ғасырға тәуелсіз ел ретінде қадам басқан республикамыздың әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірінде айтарлықтай өзгерістер жүріп жатыр. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995), «Тіл туралы» Заңы (1997), «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» (1998) тіл мәселесін реформалауға құқықтық негіз қалыптастырып, нақты мүмкіндік берді.

Осы реформаны нәтижелі жүзеге асыру үшін әрбір министрлік, әрбір мекеме мен ұйым, сондай-ақ әр азамат өз саласында нақты іс-шараларды жоспарлап, оны жүйелі түрде орындауы қажет. Ең өзекті міндеттердің бірі — қазақ тілінің конституциялық мәртебесін мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында толық іске асыру.

Негізгі басымдық

Ресми іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшіру үшін нақты негіз қалыптастыру. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу — мемлекеттік тілдің өмірде жүзеге асуының айқын көрсеткіші.

Іс қағаздарының түрлері

Іс қағаздары мазмұны мен қолданылу аясына қарай үш топқа бөлінеді.

I. Азаматтық қарым-қатынасты реттейтін құжаттар

  • Сенімхат
  • Кепілхат
  • Өтінім
  • Тапсырыс
  • Келісімшарт
  • Еңбек шарты
  • Шарт
  • Еңбек келісімі

II. Жеке адам өміріне қатысты құжаттар

  • Өмірбаян
  • Түйіндеме
  • Жеке іс парағы
  • Визит карточкасы
  • Өтініш
  • Арыз
  • Мінездеме
  • Кепілдеме
  • Кеден мағлұмдамасы
  • Жеделхат

III. Басқару, ұйымдастыру және өкім шығару құжаттары

  • Үкім, өкім
  • Жарғы, жарлық
  • Ереже
  • Хабарлама
  • Бұйрық
  • Нұсқау
  • Ресми хаттар
  • Хаттама
  • Жарнама
  • Хабарландыру

Іс қағаздарының қызметтері

  • Жеке тұлғалар арасындағы қатынасты реттейді.
  • Жеке адам мен қоғам арасындағы қатынасты реттейді.
  • Әртүрлі мекеме мен ұйымдардың өзара байланысын үйлестіреді.
  • Мекеме, ұйым жұмысының ұйымдастыру тәртібін негіздейді.
  • Жеке адам мен қоғам өміріндегі оқиғаларды айғақтайды.
  • Мемлекеттік басқару ісін жүйелейді.
  • Тарихи құбылыстарды зерттеуге дереккөз болады.
  • Мекеме мен ұйым қызметінің нәтижесін көрсетеді.
  • Мемлекеттік тілдің нақты жүзеге асуын дәлелдейді.

Іс қағаздарының сипаттары

Қатынастар аясы

  • Саяси (мемлекетішілік, мемлекетаралық, халықаралық қатынастарда)
  • Әлеуметтік (қоғамдық-әлеуметтік қатынастарда)
  • Ұйымдастырушылық (басқару қызметі жүйесінде)

Мазмұндық-құқықтық өлшем

  • Құқықтық (заңдық және тұлғалар арасындағы қатынастарда)
  • Тарихи (әр дәуірдің қоғамдық ерекшелігіне сай)
  • Ресмилік (міндетті түрде заңдық тұрғыда тіркелуі)

Құжаттау үдерісінің элементтері

  1. Құжаттарды дайындау.
  2. Құжаттарды жолдау және тіркеу.
  3. Сырттан келген құжаттарды қабылдау және тіркеу.
  4. Құжаттарды қолдануға дайындау.
  5. Құжаттардың орындалуын бақылау.
  6. Құжаттарды мұрағат қорына дайындау.

Қазақ тіліндегі ресми іс жүргізуге қатысты құжаттар мен ұйымдар

I кезең (1921–1924)

  • Қазақ АССР Халық комиссарлар комитетінің 1921 жылғы 2 ақпандағы «Республиканың мемлекеттік мекемелерінде қазақ және орыс тілдерін қолдану туралы» декреті.
  • Қазақ АССР ОАК-нің 1923 жылғы қарашадағы «Қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді енгізу туралы» декреті.
  • Қазақ АССР ОАК Президиумының «Қазақ тілінде іс қағаздарын енгізу жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы» қаулысы.
  • Қазақ АССР Еңбек халық комиссариатының 1924 жылғы 21 шілдедегі қазақ тілінде іс жүргізуді енгізуге байланысты кадрлық тәртіпті айқындаған қаулысы.

II кезең (1989 жылдан бастап)

  • 1989 жылғы Қазақ ССР-інің «Тіл туралы» Заңы.
  • 1990 жылғы «Қазақ тілін және Қазақ ССР-індегі басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңдерге арналған мемлекеттік бағдарламасы».
  • 1993 және 1995 жылдардағы Қазақстан Республикасы Конституциялары.
  • 1989 жылы құрылған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы.
  • 1993 жылы Қазақстан Үкіметі жанынан құрылған Тіл комитеті.

Ресми іс қағаздары стилі

Стиль — латын сөзі; қазақша мағынасы «жазу мәнері». Стилистика — тілдің қолданылу заңдылықтарын зерттейтін ғылым; ол тілдік бірліктердің дұрыс қолданылу нормаларын айқындайды.

Қазақ тілінде қалыптасқан әдеби тілдің негізгі стильдері:

  • Ауызекі сөйлеу стилі (ауызекі тұрмыстық және ауызекі ресми).
  • Көркем әдебиет стилі (поэзиялық, прозалық және драмалық).
  • Публицистикалық (көсемсөз) стиль (баспасөз, теледидар, радио, интернет журналистикасы; мақалалар мен очерктер).
  • Ресми іс қағаздар стилі (іс қағаздарының түрлері; заң шығарушылық құжаттар; дипломатиялық және әскери құжаттар).
  • Ғылыми стиль (ғылыми-көпшілік және ғылыми-монографиялық бағыт; ғылыми-оқулық мәтіндері).

Ресми стильдің басты ерекшелігі

Ресми іс қағаздар стилінде факт (акт) дәл көрсетіліп, мәтін бірізді әрі жүйелі берілуіне ерекше мән беріледі. Сондай-ақ тілдік нормалардың тұрақтылығы, терминдердің біркелкі қолданылуы маңызды.

Қазақ тілінде қолданылып жүрген кейбір қалыптасқан сөз орамдары орыс тілінің ықпалымен қалыптасқан: қызу мақұлдау, қызу қарқын, тұрмыстық қызмет, қызмет көрсету, жүзеге асыру, қамтамасыз ету, өз күшінде қалдыру, қол жеткен табыс, кең жол ашу, іске қосу, мәселе көтеру, алғыс жариялау, сөгіс жариялау.

Кейбір сөздер белгілі бір стильге телулі болып, қолданылу аясы шектеледі. Мысалы: тағайындалсын, міндеттелсін, осы анықтама берілді, қаулы етеді, жарлық етеді.

Бір ұғымның әр ортада әртүрлі аталуы

Ресми құжаттарда «адам» ұғымы контекске қарай әрқалай берілуі мүмкін: ресми мәтінде — азамат, телефон станциясында — абонент, ательеде — тапсырыс беруші, шаштаразда — клиент, ауруханада — науқас, санаторийде — демалушы, көлікте — жолаушы.

Іс қағаздары стиліне әртүрлі мекемелерде қолданылатын жазу үлгілері тән. Бұл үлгілер мәтіннің құрылымын, терминдердің іріктелуін және ресми формулалардың тұрақты қолданылуын қамтамасыз етеді.

Ресми құжат стиліне тән белгілер

  • Мазмұнның қысқа әрі тұжырымды берілуі.
  • Тұжырымдардың дәл және нақты болуы.
  • Сөздер мен терминдердің тура мағынада қолданылуы.
  • Терминдер мен тұрақты орамдардың бірізділігі.
  • Мемлекеттік терминология комиссиясы (Мемтерминком) бекіткен, қолданысы жиі нұсқалардың пайдаланылуы.
  • Қалыптасқан мазмұндық-құрылымдық нормалардың қатаң сақталуы.

Іс қағаздарын зерттейтін ғылым салалары

Іс қағаздарын арнайы зерттейтін негізгі ғылымдар:

  • Тілтану (лингвистика)
  • Стилистика
  • Педагогика
  • Тарих
  • Мұрағат ісі
  • Саясаттану