В.И.Сталин

Сталин туралы сөз: ашылмаған «жұмбақ» және уақыт таразысы

5 наурызда И. В. Сталиннің дүниеден өткеніне 50 жыл толды. Осы жарты ғасыр ішінде ол туралы жазылған дүниелердің есебін шығару да оңай емес: том-том кітаптар, сан алуан сарғайған газет беттері, жұлым-жұлым журнал парақтары, естеліктер, эсселер, ғылыми зерттеулер, көркем шығармалар, сыни мақалалар, тіпті уытты сатира мен күлдіргі анекдоттарға дейін бар.

Бұл көп дауыстың ішінде «отыз жыл ел билеп, сол елді соқамен қабылдап алып, атомдық держава етіп қалдырған адам» туралы мүмкіндігінше адал пікір айтуға тырысқандар да, қолға түскен құжат пен әркімнің әңгімесіне сүйеніп, оны шамасы келгенше қаралауға ұмтылғандар да кездесті. Алайда, кім не десе де, Сталиннің «сыры», Сталиннің «жұмбағы» және оның кейбір ақылға сыймайтын іс-әрекеттері әлі күнге толық ашылған жоқ — бұл ақиқат.

Нені түсінбей келеміз?

Біздіңше, бір ғана Сталинге емес, социалистік жүйе тұсында ел басқарған тұлғалардың қай-қайсысына да әділ баға беру үшін, ең алдымен тарихта бұрын-соңды болмаған жаңа қоғамдық формацияны терең талдау қажет. Оны тек саяси құрылым, экономикалық ерекшелік, меншік қатынасы тұрғысынан ғана емес, дәл сол қоғамда өмір сүрген адамдардың, ұлттардың, халықтар мен ұлыстардың психологиясы тұрғысынан да зерттеу керек.

Әуелі осы қабат ашылса, жеке тұлғалар туралы ой түю де жеңілдей түсері анық. «Тауына қарай түлкісі, заманына қарай күлкісі» деген сөздің астарында да үлкен мән бар.

Төменде Дмитрий Волкогоновтың «Триумф и трагедия» атты үш кітаптан тұратын еңбегінен шағын үзіндіні ықшамдап, тілін түзеп беріп отырмыз. Қорытындыны ойлы оқырманның өзіне қалдырдық.

«Әр нәрсенің өз уақыты бар»

Сталиннің 70 жасқа жақындап қалған кезі еді. Ол Саясибюро мен биліктің өзге де деңгейлерінде мерейтойға дайындық қызу жүріп жатқанын білді. Біле тұра елікпеді. Өйткені, даңққа белшесінен батса да, таққа тоймағандай көрінетін.

Маленковпен сөз қағыс

Сталин: «Мені тағы да “Жұлдызбен” жарылқаймыз деп ойламаңдар!»

Маленков: «Жолдас Сталин, мұндай мерейтой... Халық түсінбейді ғой...»

Сталин: «Халықты сылтауратып қажеті жоқ. Тәжікелеспен! Ауа жайылушы болмаңдар. Түсіндіңіз бе?»

Маленков: «Әрине. Бірақ Саясибюро былай дейді...»

Сталин сөзді әрі қарай создырмай, Маленковты «қысқа қайырып», Үлкен театрда өтетін ұлықтау рәсімінің сценарийін әкелуді бұйырды.

«Жұлдыз» туралы ескертуі бекер емес еді. 1945 жылдың маусымында Жеңіс шеруі мен фронт қолбасшыларының құрметіне қабылдау өтті. Содан кейін бір топ маршал Молотов пен Маленковқа келіп, «көсемнің ұланғайыр үлесін» Отанның ең жоғары марапаты — Кеңес Одағының Батыры атағымен атап өту керек деген ұсыныс айтты.

Олар Сталиннің 60 жылдығында Социалистік Еңбек Ері атағын алғанын, соғыс жылдарында бірнеше орденмен марапатталғанын да еске салды. Дегенмен, ресми құжаттарда бұл марапаттардың өзі «Қызыл Армиядағы қызметі үшін» деп көрсетілген.

1945: атақ пен марапаттың «өз бетімен кетуі»

Әскери қолбасшылардың Саясибюро мүшелерімен әңгімесінен кейін, мәселе бір жарым тәуліктің ішінде «талқыланып», 26 маусым күні-ақ екі бірдей Жарлық шықты: И. В. Сталинге Кеңес Одағының Батыры атағын беру және оны екінші рет «Победа» орденімен марапаттау туралы.

Сол күні арнайы Жарлықпен «Совет Одағының генералиссимусы» атағы енгізіліп, ертеңіне — 27 маусымда — бұл атақ Сталинге берілді.

Бұл — «көсеммен» санаспай жасалған жалғыз жағдайлардың бірі болуы мүмкін.

Сталин әдетінше таңғы ас алдында «Правданы» ашып қалып, түтігіп кетті: ақылдаспаған, келіспеген, Маленковқа ескертпеген! Кремльге келе сала Молотовты, Маленковты, Берияны, Калининді, Ждановты шақырып, қатты сөйлесті. Әсіресе, бұл «ведомство» жағынан Калининге тиесілі болғандықтан, Калинин мен Маленковтың сасқаны анық еді.

Ал Молотов, Берия, Жданов мұның бір жағынан «ашудың ойыны» екенін аңғарды. Өйткені Сталин атақ-даңқтың шыңына әлдеқашан шыққан: қатардағы адамдар үшін мәні зор марапаттардың өзі, оған «көптің қатарына қосып қойғандай» кері әсер етуі мүмкін деп есептейтін.

Биік биліктегі адам өзін наградамен көміп тастаса, ақырында абыройын айрандай төгуі мүмкін. Мұны кейін Брежнев түсінбеді — бірақ сөз тек ол жайында емес.

Награда — басқару құралы ма?

Сталин адамның өңіріне «түйме» қадап тұрып, кейін сол үшін оның жанын сұрауға да болады деген түсініктің қайдан келгенін есіне түсіре алмады. Мұны Наполеонның ойларынан оқығандай көрінетін: императордың өмірінің соңында орден туралы жиіркенішпен айтқан сөзі белгілі.

Бірақ төңірегіндегілер басқа есепте болды: «көсемнің» атаққа құмар еместігін, «қарапайымдылығын» насихаттайтын жаңа сылтау керек еді. Бұл механизмді Бериядан артық түсінген жан болмады.

Берия «Ұлы жарылқаушы, коммунизм жеңісінің ұйымдастырушысы» мазмұнындағы мақаласында Сталиннің айбары «қарапайымдылығымен», «көзтартарлығымен», «ымырасыздығымен», «әкелік қамқорлығымен» астасады деп көсемсөзді үдетті.

Сталин сардарлар туралы кітаптарды жақсы көретін. Ол Александр Македонскийдің «Қасымда хандар жүгіріп келе жатса, жарысқа қатысар едім» деген мысқыл жауабындай бір уәж айта салуға да дайын еді.

«Мен орден алмаймын»

Сталин ескертпесін былай аяқтады: «Тығырықтан қалай жол тауып шығасыңдар — оны өздерің біліңдер. Мен орден алмаймын! Естіп тұрсыңдар ма — алмаймын!»

Серіктері келісім бергізуге қайта-қайта тырысса да, ол ұзақ уақыт иілмеді. «Көсемнің» көңілін табуға Поскребышев пен Власик те тартылды, бірақ бәрі зая кетті.

Дегенмен, бес жылдан соң портреттері мен фотосуреттерінде «халықтар көсемі» батырдың қос жұлдызы мен қос «Победа» орденін әлдеқашан тағып тұрған еді. 1950 жылдың 28 сәуірінде, мамыр мерекесінің қарсаңында Шверник ақыры 1945 жылғы марапаттарды табыс етті. Оған қоса 70 жылдығына арналған Ленин ордені де тапсырылды.

Жарлық 1949 жылдың 20 желтоқсанында рәсімделіп, онда Сталиннің Одақты нығайтуға, дамытуға және коммунизм құру ісіне қосқан «ерекше еңбегі» атап көрсетілді. Шверниктің қолынан «Алтын жұлдыз» медалі мен үш орденді алған Сталин тұнжырап тұрып: «Шалды жарылқап-ақ жатырсыңдар ә. Бұл денсаулыққа дем бермейді...» — деп күңк етті.

Күмән, қорқыныш, сенімсіздік

Бұл сөздің астарында мерейтой қарсаңында күшейген үрей де жатқан еді. Бір күні саяжайына жиналғалы тұрғанда Сталин кенет теңселіп кетті: көзіне қызыл-сары шеңберлер көлбеңдеді. Поскребышев шошып, дәрігер шақыруды өтінді.

Бірақ Сталин көнбеді. Ол дәрігерлерге де, Денсаулық министрлігінің Төртінші бас басқармасының «қожайыны» Берияға да сенбейтін. «Ауруы жайлы сыпсың сөз тарап кетпесін» деп қауіптенді.

Саясибюро мерейтойды кең көлемде атап өтуді ұйғарып, дайындықты ұйымдастыру комитетінің төрағалығына Н. Ш. Шверникті тағайындады. Көп ұзамай Шверниктің үстеліне мерейтой шығыны 6,5 миллион рубльге жуықтайтыны көрсетілген қағаз түсті. Қарап шыққан соң, ол нақты сметаны бекітті: делегацияларды қарсы алу, қызмет көрсету, Сталинге әкелінген тарту-таралғылар көрмесін ұйымдастыру — бәрі есептелді.

Комитет құрамына көптеген белгілі адамдар енгізілді: Г. Ф. Александров, М.-Д. А. Багиров, С. М. Буденный, С. И. Вавилов, Я. Э. Калнберзин, О. В. Куусинен, А. Н. Поскребышев, А. А. Фадеев, М. Ф. Шкирятов, Д. Д. Шостакович және, әрине, Саясибюро мүшелері.

Шақырылатын қонақтардың тізімі, кімнің қай күні қандай сыйлықты қабылдайтынына дейін белгіленді. Тіпті, «сюрприз» де ойластырылды: «Сталин» орденін жасау идеясы көтерілді.

«Сталин ордені» жобасы және тоқтау

Жоғары Кеңес Президиумының Жарлығының жобасы да дайындалды: Сталиннің 70 жылдығына орай оның мемлекетті құрудағы, дамытудағы, коммунистік қоғам орнатудағы және соғыстағы «тарихи жеңісті қамтамасыз етудегі» еңбегін негізге алып, жаңа орден енгізу ұсынылды. Сонымен қатар мерейтойлық медаль, оның бағасы мен металдық шығынына дейін есептелді.

Суретшілер ұсынған орденнің он үш түрлі нұсқасы болды: Ленин орденіне ұқсас үлгі, алтын жалау түріндегі белгі, қызыл жалаумен көмкерілген портрет, маршал мундиріндегі бейне және өзге де нұсқалар. Бірақ көпшілігі бір-біріне ұқсап, қиялы жұтаң көрінді.

Дайындық толық болған сәтте, «көсем» күтпеген жерден үзілді-кесілді шешім айтты: «Тек халықаралық сыйлық туралы Жарлықты ғана бекітемін. Ал мұндай ордендер өлгеннен кейін ғана жасалады...»

Сәл үнсіздіктен кейін ол айналасындағыларды қолын көтеріп тыныштандырып: «Әр нәрсенің өз уақыты бар...» — деді.