Қазақтың күйшілік өнері

Сыр бойы күйшілік дәстүрі: сарыны бөлек мектеп

Қазақтың күйшілік өнерінің айрықша салаларының бірі — Сыр бойында қалыптасқан дәстүр. Сарыны бөлек, тартысы ерекше Сыр өңірінің күйлерінде ұлттық саз өнерінің інжу-маржаны тоғысқан. Бүгінгі ұрпаққа жеткен үлгілерінен мазмұндық тереңдік, орындаушылық шеберлік, рухани даралық пен көркемдік құндылық айқын байқалады.

Негізгі сипаттар

  • Мазмұндық тереңдік: тарих, тағдыр, қоғамдық оқиға мен адам болмысы күй тілімен сөйлейді.
  • Орындаушылық даралық: тартыс мәнері, ырғақ пен буын құрауы ерекше қалыптасқан.
  • Ішкі эмоцияны бейнелеу: сезім-түйсік, психологиялық толғаныс кең тыныста ашылады.

Дәстүр сабақтастығы және тұлғалар

Бұл күйшілік дәстүр Үсен Төре, Шал Мырза, Жалдыбай Елеукеұлы, Қазанғап секілді көрнекті күйшілер өнерімен кемелденіп, Әлшекей, Құрақтаң Досжан, Жаңаберген, Теңізбай, Нартай, Көнек және өзге де өнер саңлақтары арқылы қазіргі ұрпаққа жетті.

Бұлардың ішінде Қазанғаптың жеке күй орындаушылық мектебін қалыптастыруы айрықша аталады. Оның күйшілік тәлімі де Сыр бойы үрдістерінен бастау алатыны анық.

Жанрлық үрдістердің өрісі

Жалпы күйшілік дәстүрлерде тұрақты орнығып, аспапты музыкада жанрлық дәрежеге көтерілген «Аққу», «Қоңырқаз», «Ақжелен», «Шалқыма», «Терісқақпай», «Ілме», «Қара жорға» секілді үрдістер Сыр бойы күйлерінде ерекше қарқынмен дамыған.

Мысалдар
  • 1 Мырзаның «Ілмесі»
  • 2 Досжанның «Қоңырқазы»
  • 3 Әлшекейдің «Терісқақпайы»
  • 4 Жалдыбайдың «Қара жорғасы»
Ерекше қабат

Сыр бойында «сыбызғы күйлері» деп аталатын, бірақ домбырада жиі орындалатын көркем күйлер көп ұшырасады. Сыбызғы аспабы сирек болғандықтан, ондағы көне сарындарды кәнігі күйшілер домбыраға түсіріп тартқан болуы ықтимал. Бұл туындылардың көркемдік деңгейі өте жоғары.

Қорқыттан тараған мұра

Арғы тегі аты аңызға айналған Қорқыттан өрбіген Сыр бойы күйлері талай тума таланттың қолында түлеп, ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра ретінде беріліп, мұқият сақталып келеді.

Мырза Тоқтаболатұлы: күй тіліндегі суреткер

Бұл өңірдегі аты елге кең тараған күйшілердің бірі — Мырза Тоқтаболатұлы (1850–1934). Оның өнері күйшілік шеберліктің жаңа қырын танытқандай әсер қалдырады: домбыраның әр пернесіне арнап күй шығарған деген дерек күйшінің есімін ел ішіне кең таратқан.

Өнер мектебі және ықпал

Мырза Құрманай Төремұрат, Дайрабай, Арынғазы, Үсен Төре секілді өңірге даңқы шыққан өнерпаздардан үлгі алған. Мырзадан кейін атақты Қазанғап пен Жалдыбайдың өзі күй үйреніп, батасын алғаны айтылады.

Тартыс үстінде туған күйлер

Мырза күйші өзі өмір сүрген заманның сан қилы оқиғаларын күй тіліне түсірген айтулы суреткер. Оның көптеген күйлері күйші-күйшілермен сынға түсіп, тартыс сәттерінде дүниеге келгені жөнінде деректер бар. Сол қатарда: «Қос қыз», «Терісқақпай», «Ташауыз», «Сыр жаңылтпашы», «Шақыру күйі» аталады.

Аңыз бен мифологиялық бейнелер

Әңгімемен қатар айтылатын «Бұғының күйі», «Баулы ешкі», «Жалтаң қарға», «Асан қайғы», «Жемнің ағыс күйі» секілді шығармаларында көне мифологиялық үрдістегі аңыздық желілер көркем суреттеледі.

Құрылымдық ерекшелік

Мырза күйлерінің құрылымы осы өңірге тән белгілерді сақтай отырып дамыған: әр буын өзара байланыста өрбіп, көркем тіл мен ұшқыр сезімге негізделеді. Басты тақырып көбіне сағадан гөрі бас және орта буындарда айқын көркемделіп, тереңдетіледі. Әуен жымдаса көмкеріліп, тұтас табиғи көркем туынды құрайды — бұл сипат «Бұғының күйінде» анық байқалады.

Өмір жолымен сабақтас мұра

Күйшінің өз ғұмыр жолымен байланысты туған «Қоштасу», «Тәнтән», «Мұңлы қыз», «Мамық», «Раздасу», «Қайран елім, қайтейін», «Қара жорға», «Бес қыздың бел шешпесі» секілді күйлері рухани мұрамыздың асыл қазынасына айналған.