Ахтанов Тахауи
Өмірбаяны
Ахтанов Тахауи (1923–1994) 25 қазанда Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылында дүниеге келді. 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсті. Екінші курста оқып жүрген кезінде өз еркімен майданға аттанып, соғыс жылдарындағы тәжірибесі кейінгі шығармашылығына да өзек болды.
Алғашқы қадамдар
- Алғашқы көркем дүниелері өлең мен очерк түрінде майдан газеттерінде жарияланды.
- 1948 жылы әскер қатарынан босап, әдеби еңбекке біржола бет бұрды.
- Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» атты ұжымдық жинақта жарық көрді.
Бұл кезеңде оның әдеби-сын мақалалары жиірек басылып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі де жарияланды. Дегенмен қаламгердің ең өнімді әрі жемісті еңбек еткен салалары — проза мен драматургия.
Шығармашылық мұрасы
Проза
Баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі — «Күй әңгімесі». 1956 жылы «Қаһарлы күндер» романы жарияланды.
1966 жыл: «Дала сыры» повесі үшін авторға Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Драматургия
1968 жылы жазылған «Сәуле» драмасы, одан кейінгі «Боран», «Ант», «Әке мен бала» пьесалары қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды.
Сонымен бірге «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары қазақ, орыс және туысқан халықтар театрларында қойылды.
Аударма және қызмет жолы
Аудармалары
Тахауи Ахтанов А.Н. Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, сондай-ақ М. Горькийдің бірқатар әңгімелерін қазақ тіліне аударды.
Жауапты қызметтері
- Көркем әдебиет баспасында редактор
- Бөлім меңгерушісі
- Киностудияда сценарий бөлімінің бастығы
- «Әдебиет және искусство» — «Жұлдыз» журналының редакторы
- Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы
- Көркемөнер бас басқармасының бастығы
- Республикалық кітап палатасының директоры
Марапаттары
Қаламгер ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Сондай-ақ оған Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілді.