ҚҰТЫЛЫҒҰЛЫ КҮЛТЕГІН
Құтылығұлы Күлтегін (684–731) — Екінші Шығыс Түркі қағанаты әскерінің бас қолбасшысы, «көк түркінің көк семсері» атанған даңқты батыр. Ол әкесінен жастай жетім қалып, ағасы Қапаған қағанның тәрбиесінде өседі. Күлтегін тым ерте есейіп, бұғанасы бекімей жатып-ақ жау жарағын асынып, түркі еліне төрт тараптан төнген басқыншылыққа қарсы үлкендер қатарында тұрып, ерлікпен күрескен.
Тасқа қашалған дерек
Бұл жөнінде атақты Білге қаған Күлтегін батырдың басына қойылған ескерткішке қашалған ғұмырнамасында: «Әкем қаған өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды. Он жаста Ұмай текті шешемнің бағына інім Күлтегін ер атанды» деп жазады.
Алғаш көзге түскен соғыс
Тарихи деректерді салыстыра зерделесек, Күлтегіннің он жасында ер атанып, алғаш айқын танылған шайқасы 694 жылы Жау жыу және Дин жыу аймақтарында өткен соғыс екені байқалады. Ол кезде табғаш елінің әйел патшасы У хыудың Қапағанның басына сыйақы белгілеп, кімде-кім оны өлтірсе, соған «Жан чо» («Чоны өлтіруші», яғни Мочо Қапағанды өлтіруші) деген атпен бірінші дәрежелі кінәз атағын беремін деген уәдесін арнайы жарлықпен бекітіп, түркі еліне жазалау жорығына қалың қол аттандырған.
Қапаған осы соғыста 90 мың тұтқынды қолға түсірген. Міне, осы кезден бастап Күлтегіннің ерлік жолы айқын бастау алады.
Ел тәуелсіздігі үшін өткен жылдар
Деректер сол дәуірдегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолындағы қырғын соғыстардың бірде-бірі Күлтегінсіз өтпегенін баяндайды: ол дулығасы жарқырап, жауын жапырып, қан майданның ортасында жүрген. Осыны ұзақ тізбелемей-ақ, батырға арналған ескерткіш жазбаларының өзінен-ақ көп жай аңғарылады.
Йолығ тегін тізбелеген ерлік жолы
Он алты жас
«Он алты жасына келгенде... алты чуб, соғдыларға қарсы аттандық. Күлтегін жауға жалғыз ұмтылды. Он тұтықты қарулы басшылармен қолға түсірді. Ол әскерді сонда талқандадық».
Жиырма бір жас
«Чача Сеңүнмен айқастық. Күлтегін әуелі Тадықан шораның Боз атын мініп шапты. Ол ат сонда өлді. Екіншісінде Ышбыр Жамтардың боз атын мініп шапты. Ол ат та сонда өлді. (Күлтегіннің) сауытына, қалқанына жүздеген оқ тиді, бірақ бірі де денесіне дарыған жоқ».
Жиырма алты жас
«Қырғыздарға қарсы аттандық. Күлтегін Байырқының Ақбоз айғырына мініп, шабуылға ұмтылды. Бір батырын оққа ұшырды, екі батырын найзамен түйреп түсірді. Ақбоз айғырдың белі үзілді. Қырғыз қағанын өлтіріп, елін алдық».
Тоғу қаласындағы шайқас
«Тоғу қаласында шайқастық. Күлтегін Азбан ағын мініп ұмтылды. Алты батырын шаншып түсіріп, жетіншісін қылышпен шапты. Тоғыз батырын қуып жетіп, тақымға басты».
Оғыздар және түргештер
«Оғыздармен соғыстық. Күлтегін Жетімек (Өгсіз) атқа мініп шауып, тоғыз ерін шанышты.... Түргеш халқы жау болды. Күлтегінді шағын қолмен жібердік. Жойқын соғыс жасапты. Қара түргеш халқы сол жерде өлім тауыпты».
Қағанаттың қос тірегі
Ойласақ, Күлтегін батыр 47 жасқа жетіп, қаза тапқанша соғыссыз өткен жылы болмағандай. Соның бәрінде ол жау қолына жасындай тиіп, түркі қолын жеңіске бастап отырған.
Әкесі Құтылығ қаған Екінші Шығыс Түрік қағанатының іргесін қалап, шаңырағын көтерсе, артында қалған екі ұлы — үлкені Білге қаған ел бастап, кішісі Күлтегін қол бастап, қағанаттың айбынын асырып, мерейін тасытады. Ағайынды екі ұлан ақыл қосып, бірге қимылдап, елінің бірі — алтын тұтқасына, бірі — айбарлы асыл тірегіне айналған.
Мұра және бүгінгі тағзым
Ажал жетіп, сол асыл тірек құлағанда Ұлы Дала күңіреніп, төрт күл дүниеден елшілер келіп, Күлтегін рухына тағзым еткен. Батырдың басына ел тарихын тасқа қашап, алып ескерткіш орнатылған.
Сол ескерткіштің ғылыми көшірмесі бүгінде тәуелсіз еліміздің астанасында, Еуразия ұлттық университеті бас ғимаратының төрінде тұр. Батыр бабаның ұрпағы күн сайын ескерткіш қасына келіп, ұлы ерлікке тағзым етіп, ата рухына адалдығын білдіреді.