АҚАНДЫ КӨРГЕН АТА
Төлебай қарттың естелігі
Көкшетау өңіріндегі Ақтас ауылында тұратын Төлебай қарт атақты Ақан сері туралы естелігін былай бастайды: «Ақанға алты жылдай атқосшы болып, қасында еріп жүрдім. Мені атыммен атамай, “пысық бала” деп жақсы көретін еді».
Әнге оятқан сәт
Қартайған шағында Ақан сері әнді жиі айта бермейтін болыпты. «Қартайып қалған шағымда мені барқыратып қайтесіңдер?» деп, басын төмен салып, тұнжырап отырып алатын кездері көп болған.
Сондай бір сәтте ауылдың желөкпелеу бір әншісымағы домбырасын қағып, Ақанның әндерін әдейі бұзып, айқайлап айта жөнеледі. Сазға келмей, құлаққа түрпідей тиген өз әніне Ақан намыстанып:
«Түһ, шіркін, әннің берекесін алдың ғой! Домбырамды әперіп жібер!»
— деп еңсесін тіктеп алып, қырандай дүр сілкінеді. Екі көзі шоқтай жайнап, әнге басады.
Дауысы ерекше болған деседі. Қарттықтың әсері ме, аздап жарықшақ байқалғанымен, сыры кетсе де сыны кетпеген, нағыз құлақтан кіріп, бойды алатын қоңыр да қоңыраулы үн еді. «Жас кезінде қандай болды екен?» деп ойға қалдырады.
Қырандай сері — саздың иесі
Төлебай қарт Ақанды «қырандай» деп суреттейді: әнге кіріскенде бойын тез жинап, өңі өзгеріп, жанары оттанып кететін. Сол шақта жұрттың бәрі үнсіз тыңдап, әр дыбыстан мән іздейтін.
Көбіне Ақан «Құлагерді» шырқайтын. Бұл әнге келгенде ол бір түрлі мұңайып, көзіне жас алатын. Тыңдаушылар да қасіретін бөліскендей болып, егіліп отырады екен.
Құлагер ажалының себебі
Ән аяқталған тұста Ақан жұртқа ауыр күрсініспен қарап: «Құлагерімнің ажалына өзім себеп болдым ғой» — дейтін көрінеді.
«Оның қалай?» дегендерге ол болған жайды асықпай түсіндіреді.
Хамзаның хабар жіберуі
Батыраш пен Қотыраштың Хамза деген ағасы болады. Сол тұста Ақанның әйелі қайтыс болып, сыбай-салтаң жүрген кезі екен. Құлагердің даңқына қызыққан Хамза: «Ақан жүйрік құласын маған сатсын, төлеуіне Алтай-Қарпық ішінен сүйген сұлуын құштырамын, оған жүз жылқы қосып беремін», — деп сәлемші жібереді.
Бірақ Ақан сәлемшіні құр қол қайтарып жібереді.
Екінші мәрте үзілді-кесілді бас тарту
Бұл жауап дәурені жүріп тұрған Хамзаның жүрегіне шемен болып қатқандай болады. Кейін Хамза Сағынай асына Құлагер әкелінгенін естіп, Ақанға тағы да сәлем айтады. Сері бұл жолы да келіспейді.
Қайғылы шешім
Екі мәрте тауы шағылған Хамза дәл сол Сағынай асында інісіне Құлагерді мерт еткізіп тынған екен.
Ақанның кірпияз мінезі, тазалығы
Төлебай қарттың айтуынша, Ақан өте кірпияз, өзін таза ұстайтын адам болған. Салақ байлардың үйіне сүйресең де аттап кірмей, шаруасы шағын болса да жинақы, таза үйлерге ғана түсетін көрінеді.
Дүмше молдаларды сынап, орынсыз даңғазаны күлкі етіп отыратыны да айтылған.
Жолға жиналу
Бір күні Ақан: «Ал, пысық бала, ат ертте. Жарқайың ауылына барып қайтайық» — дейді.