ҚҮҚЫҚ ҚОЛДАНУ
Қоғам және әлеуметтік нормалар
Қоғам (Общество)
Қоғам — адамдардың бірлесіп тіршілік етуінің тарихи қалыптасқан формаларының жиынтығы. Тар мағынада ол әлеуметтік жүйенің нақтыланған тарихи типтік формасы, яғни қоғамдық қатынастардың белгілі бір типі.
Қоғамның әлеуметтік нормалары (Социальные нормы общества)
Қоғамның әлеуметтік нормалары — қоғамдық қатынастарды реттейтін, қоғам пікірінің ықпалымен немесе мемлекеттің мәжбүрлеу күшімен қамтамасыз етілетін мінез-құлық пен жүріс-тұрыс ережелерінің жүйесі.
- құқық нормалары
- әдет-ғұрыптар
- өнеге, иман
- діни нормалар, дәстүр және т.б.
Құқықтық жүйе және мәдениет
Қоғамның құқықтық жүйесі (Правовая система общества)
Қоғамның құқықтық жүйесі — белгілі бір мемлекеттегі құқықтың, заң практикасының және үстемдік етуші идеологияның нақтыланған тарихи жиынтығы.
Қоғамның құқықтық мәдениеті (Правовая культура общества)
Құқықтық мәдениет — қоғамдағы құқықтық сананың және құқықтық белсенділіктің деңгейі, сондай-ақ заң нормалары мен заңдық іс-әрекеттердің (қызметтердің) прогрессивтілік дәрежесі.
Құқық: негізгі ұғымдар
Құқық (Право)
Құқық — мемлекет қамтамасыз ететін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, қоғамның немесе әлеуметтік топтың ерік-ықтиярын білдіретін, жалпыға бірдей міндетті және формальды түрде анықталған құқықтық нормалардың жүйесі.
Құқық бұзушылық (Правонарушение)
Құқық бұзушылық — деликт қабілеттілігі бар тұлғаның қоғам, мемлекет немесе жеке тұлға мүдделеріне зиян келтіретін, кінәлі, құқыққа қайшы және қоғамға қауіпті әрекеті (әрекет етуі не әрекетсіздігі).
Құқық институты (Правовой институт)
Құқық институты — қоғамдық қатынастардың белгілі бір түрін (немесе топтамасын) реттейтін заң нормаларының жүйеленген жиынтығы.
Құқық қабілеттілік (Правоспособность)
Құқық қабілеттілік — тұлғаның заңда белгіленген (танылған) субъективтік құқықтар мен заңды міндеттерді иелену мүмкіндігі.
Құқық қағидаттары (принциптері)
Анықтама
Құқық қағидаттары — құқықтың мәнін ашатын және оған негіз болатын жетекші идеялар мен бастау-көздер. Бұл идеялар әділет пен бостандықтың үйлесімді жолын жинақтау арқылы қалыптасады.
Қағидаттар әділдік пен дұрыстықтың өлшемі ретінде салыстырмалы тұрақтылығымен ерекшеленеді: олар ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз сақталып, құқық нормаларынан осы қырымен ажыратылады. Қағидаттар заңдар мен нормаларда тікелей де, жанама түрде де көрініс табады.
Әділет пен бостандық идеяларын дамытатын негізгі қағидаттар
- 1 Демократиялық қағидат.
- 2 Үлтаралық пәтуа (келісім).
- 3 Заңдылық.
- 4 Адамгершілік.
- 5 Азаматтардың заң алдында теңдігі.
- 6 Мемлекет пен жеке тұлғаның өзара жауаптылығы.
Құқық қолдану, нысаны және саласы
Құқық қолдану (Применение права)
Құқық қолдану — заңда көзделген нақты істі шешу бойынша құзырлы органдардың биліктік қызметі. Нәтижесінде тиісті жеке акт қабылданады; ол құқық қолдану актісі деп аталады.
Құқық нысаны (формасы) (Форма права)
Құқық нысаны — мемлекеттің ерік-ықтиярының сыртқа көрінуі және жүріс-тұрыстың заңдық ережелерінің ресми бекітілуі мен білдірілу тәсілі.
Құқық саласы (Отрасль права)
Құқық саласы — қоғамдық қатынастардың белгілі бір аясын реттейтін заң нормаларының жүйеленген жиынтығы.
Құқықтық қатынастар және олардың объектілері
Құқықтық қатынастар (Правовые отношения)
Құқықтық қатынастар — құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық байланыстар; олардың қатысушыларында тиісті субъективтік құқықтар мен заңда белгіленген міндеттер болады.
Құқықтық қатынастардың объектілері (Объекты правовых отношений)
Құқықтық қатынастар объектілері — субъектілердің құқықтары мен міндеттері бағытталатын нәрселер; дәл солар жөнінде тараптар заңдық байланысқа түседі.
Құқықтық мемлекет, рәміздер және құқықтық режим
Құқықтық мемлекет (Правовое государство)
Құқықтық мемлекет — адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды қамтамасыз ететін, сондай-ақ мемлекеттік билікті теріс пайдалануды болдырмау үшін оны құқықтық тетіктермен шектейтін биліктің саяси ұйымы.
Құқықтық рәміздер (Правовые символы)
Құқықтық рәміздер — белгілі құқық принциптері мен заң мазмұнын білдіруде қолданылатын, заң жүзінде бекітілген шартты бейнелі белгілер.
- Мемлекеттік нышандар: елтаңба, ту, әнұран.
- Сот құрамы мәжіліс залына кіргенде, сот залындағылардың орындарынан тұруы — сот төрелігіне құрмет белгісі.
- Президенттің халық алдында ант беру рәсімі.
Құқықтық режим (Правовой режим)
Құқықтық режим — заңдық амалдар мен тәсілдердің белгілі бір үйлесімі арқылы айқындалатын және құқық субъектілерінің мүдделерін қанағаттандыру үшін қажетті әлеуметтік жағдайды (қолайлылық немесе қолайсыздық деңгейін) құқықтық жолмен реттеудің ерекше тәртібі.
Құқықтық реттеу және құқықтық сана
Құқықтық реттеу (Правовое регулирование)
Құқықтық реттеу — қоғамдық қатынастарды тәртіпке келтіру мақсатында оларға заңдық амал-тәсілдердің тұтас жүйесі арқылы ықпал ету процесі.
Құқықтық сана (Правовое сознание)
Құқықтық сана — адамдардың қолданыстағы құқыққа немесе тілекке сай (қажетті) құқыққа қатынасын білдіретін сезімдер, түйсіктер, пайымдар, идеялар мен көзқарастардың жиынтығы.
Жүйелі ой түйіні
Қоғамды түсіну әлеуметтік нормалардан басталып, құқықтық жүйе мен мәдениет арқылы тереңдейді. Ал құқықтың қағидаттары, құқық қолдану тетіктері және құқықтық сана — қоғамдағы тәртіп пен әділеттің нақты қалай орнығатынын көрсететін өзекті ұғымдық тіректер.