"Ұстазым, менің ұстазым!"

«Ұстазым, менің ұстазым!»

Бұл мазмұнның мақсаты — оқушыларға ұстаз еңбегінің жемісін, білімнің өмір шырағы екенін және «оқу — инемен құдық қазғандай» деген ұғымның терең мағынасын түсіндіру.

Көрнекілігі (нақыл сөздер)

  • «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — Абай.

  • «Өнер-білім бәрі де оқуменен табылған» — Ы. Алтынсарин.

  • «Барлық істің басшысы — білім мен ұғым» — Ж. Баласағұни.

  • «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады» — нақыл сөз.

Мерекелік құттықтау

Құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар! Бүгін мектебімізде үлкен мереке. Сынып оқушылары мектеп ұстаздарын төл мерекелерімен құттықтауға жиналды. Бәріміз де ұстаздан білім мен тәлім алғанбыз. Сондықтан ұлағатты ұстаздарымызға бүкіл әлемнің баласы бас иеді.

1-оқушы: Мөлдір

Арнау

мың алғыс

Ғұлама, білгіш ғалымнан,

Оқушы жас жалыннан,

Мархабатты ойшылдан,

Мал өсірген қойшыдан,

Жазушыдан, ақыннан,

Космонавттан, батырдан,

Өнері тасқан артистен,

Ырыс қазған шахтерден,

Мың бұралған бишіден,

Ой тербеткен күйшіден —

Сіздерге бүгін мың алғыс!

Хор: «Мұғалім — ол біздің» әні орындалады.

2-оқушы: Нұрлан

Алғыс сөзі

жүректен

Құрметті ұстаздар! Біз сіздерден үлгі аламыз, сіздерді мақтан етіп жырға қосамыз. Енді өздеріңіз туралы жүрегімізден шыққан алғыс сезімімізді тыңдаңыздар.

3-оқушы: Маржан — «Ұлт ұстазы»

Кім ұғады оқушының тілегін,

Кім ұғады оқушының жүрегін?

Үйден аттап шыққан соң ұғатын —

Ұғатын сол ұстаздар деп білемін.

Оқушыға мейірі мол анадай,

Ол қуанса, қуанады баладай.

Түсе қалса қабағы мен қасы егер,

Жұбатады жылы сөйлеп, аялай.

Үйретеді жалықпастан өнеге,

Отырғызар білім атты кемеге.

Теңіздейін тереңіне бойлатып,

«Маржан» терсе, көтереді төбеге.

Өрелі боп өссе ұлы-қыз бағына,

Асып-тасып мерейленіп тағы да:

«Міне, менің шәкірттерім осындай», —

деп өткенін еске сағына.

Жақсы шәкірт — жақсы ұстаздың жалғасы,

Өзендердей ортаймайтын арнасы.

Ұлт ұстазы, ұлағатты, келіскен —

Ар-білімің ұрпағыңа арналсын!

Хор: «Біз бақытты балдырғандар» (сөзі М. Әлімбаевтікі, әні Ө. Байділдаевтікі).

Ұстаз туралы ой

Мұғалім — мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол әрбір ойы мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз жалын иесі. Ұстаз өз бойындағы жігерін, білімін және бағалы қасиеттерін оқушысына, халқына арнайды.

4-оқушы: Ұлан — «Ұстаз деген…»

Мұғалім мен ұстазда бар айырма,

Ұстаз деген — жақсы әндегі қайырма.

Мұғалім — ол бар болғаны мамандық,

Жеткенінше жеті өнерлі шайырға.

Ұстаз деген — ұлағаттың шайыры,

Қадірінің тиетұғын қайыры.

Ұстаз деген — шуағы мол шапағат,

Шаршамайтын, шалдықпайтын қайыры.

Ұстаз деген — ұстаз болып туғандар,

Ұлылықты ұлықтаған имандар.

Ұрпағының ертеңіне жол ашып,

Өмірінің әр шақтарын қиғандар.

Қимағандар — ұстаз емес, мұғалім,

Мұғалім боп, ұстаз болмау — күнә, мың.

Қара тақта, ақ бор ғана қолданып,

Ұстатты ұстаз дүниенің құлағын…

Жақсы ұстаздың шын мәңгілік пайдасы,

Өзіне обал — арзан дәріс айласы.

Ұстаз болу — бақыт, әрі абырой,

Ұстаз деген — шәкірттердің айнасы.

Қыздардың орындауында: «Қазақ вальсі» биі.

Айна қағидасы

Оқушы — мұғалімнің өзін көретін айнасы. Мұғалімін жақсы көрген шәкірт ешқашан ұятқа қалдырмайды. Балалардың сүйіктісі бола білу — аса қиын емес, бірақ, өкінішке қарай, әр ұстаз бұл деңгейге көтеріле бермейді.

5-оқушы: Саяжан — «Ұстаз ағай»

Ұстаз апай неге көп,

Кілең жұмсақ жүректі?

Ұстаз ағай неге жоқ,

Ыбырай ата — тілекті.

Ұстаз аға көбейсе,

Ұлдар ұқсап бақпай ма?

Тұлғалардай кешегі

Намыс отын жақпай ма?

Ұстаз ағай мектептің

Тірегіне айналса,

Ұстаз апай мектептің

Жүрегіне айналса.

Ұл — болмай ма ұлықты,

Қыз — болмай ма қылықты?

Біздің ұстаз ағалар,

Қалай мұны ұмытты?!

Ұстаз жолы

Ұстаз жолы — қиын да қызық, ауыр да абыройлы жол.

Ән: «Сәби болғым келеді» (сөзі М. Мақатаевтікі, әні Т. Рахимовтікі).

Көрініс: «Баласы мен атасы»

Бала

Ата, маған мектепте ұрыспай ма мұғалім?

Мен білетін ертекке «Дұрыс», дей ме, шырағым?

Ата, мені мұғалім сіздей жақсы көре ме?

Орындалып сұрағым, көтере ме төбеге?

Еркелегім келсе егер, көтерем бе қолымды?

Еркелікке көнсе егер, күнде етем бе сонымды?

Ата, сізсіз мектепке тіпті барғым келмейді.

Ертіп баршы мектепке, сонда ешкім жеңбейді.

Атасы

Айналайын, ақылдым, өмірімнің жалғасы.

Қартаюға жақынмын, арманымды жалғасы.

Сен ақылды баласың, мектебіңе барасың.

Ұрыспайды мұғалім, ол да сенің анаңдай.

Тәртібің мен білімің қатар өсіп дамысын.

Жеңбесі жоқ білімнің, қосылса оған намысың.

Еркелікті қалдыр да, үйде отырған атаңа.

Ақылыңды алдырма, адал бол — ақ батама.

Атасының баласы жаман бала болмайды.

Қабыл болып батасы, Алла өзі қолдайды!

Ұлдар тобының орындауында: «Жорға» биі.

Тәрбие — үлкен өнер

Бала тәрбиесі — үлкен өнер. Әр балаға әртүрлі тәсіл керек: біреуіне ақыл айтсаң жеткілікті, ал біреуіне мінез-құлқына қарай басқа амал табу қажет.

Бала жүрегі — кішкентай ғана күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әрдайым сол кілт болуы тиіс.

6-оқушы: Перизат

Өмірімнің жалғасы — түлектерде,

Жас ұрпақтың өмірін мәпелеген.

Бір саналар ана менен әкеменен,

Мен ұстазбын — бірімін миллиондардың,

Болашаққа, ұрпаққа жетелеген.

7-оқушы: Шыңғыс

Диқанмын мен жерге емес, жүректерге,

Ұлан-асыр, өлшеусіз тілектерге.

Дән орнына азамат жан өсірем,

Өмірімнің жалғасы — түлектерде.

8-оқушы: Жансая

Ізденетін үнемі сан саладан,

Жүгім ауыр демеймін арқалаған.

Ел мақтаны — азамат өссе болды,

Осы менің тілегім, бар қалаған.

Ұстаз мамандығының ұлылығы

Ұстаз мамандығы — мамандық атаулының ішіндегі ең ғажайыптарының бірі. Көзі жаудырап, алдыңда отырған шәкірттер — ертең ел басқаратын, ғылымның тылсым сырын ашатын, қоңыр даладан ғарышқа самғайтын немесе ақылдың нұрымен суарып кітап жазатын елдің ертеңгі қожалары емес пе?

9-оқушы: Біржан — «Ұстаздар»

Хан бол, мейлің, қара бол,

Дарын бол, мейлің, дара бол.

Өтетін бәрі алдынан —

Ұстаздар бейне сара жол.

10-оқушы: Жанар

Ұстаздар — ұлттың тірегі,

Ұстаздар — мектеп жүрегі.

Түйін

Ұстазға айтылған алғыс — ұрпаққа берілген үміт. Білім — өмірдің шырағы, ал сол шырақты жағып, бағыт көрсететін — ұстаз.