ӘЗІРБАЕВ КЕНЕН

Әзірбаев Кенен (1884–1976): халық өнерінің көрнекті тұлғасы

Кенен Әзірбаев (1884–1976) — қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор, әрі Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Туып-өскен жері — Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Мәтібұлақ өңірі.

Ғасырлық ғұмыр және тарихи кезеңдер

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен өз дәуірінің ең күрделі тарихи сәттерін бастан өткерді: «Июнь жарлығы» және онымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, ашаршылық, репрессия, соғыс жылдары, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар тұсындағы желбуаз ұраншылдық — мұның бәрі халық тағдырына түбегейлі өзгеріс әкелген оқиғалар еді.

Ол бұл оқиғалардың жай бақылаушысы болған жоқ. Кенен қоғамдық өмірге сергек араласып, азаматтық ұстанымын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айқын танытты.

Шығармашылық мұрасының кең тынысы

Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі көп арналы шығармалары — өзі өмір сүрген заманның жанды шежіресі. Ол өмірінде жүзден аса ән шығарып, өлеңін де өзі жазып, оларды аса шеберлікпен өзі орындаған біртуар дарын иесі болды.

Поэзия

Екі жүзге жуық лирикалық және дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы.

Эпикалық дәстүр

Репертуарында ондаған эпикалық жыр-дастан болып, оларды түнді-түнге ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған.

Ол Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең меңгерген өнер тарланы еді.

Ән өнерін жаңартқан қолтаңба

Кененнің таланты қазақ ән өнерін әуендік-интонациялық тұрғыдан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биікке көтерді. Сонымен бірге тақырып аясын кеңейтіп, тарихи-әлеуметтік мазмұнмен тереңдете түсті.

Белгілі әндері

«Бозторғай» «Көкшолақ» «Ой, бұлбұл» «Он алтыншы жыл»

Бұл туындылар әуендік жаңалықтарымен ғана емес, құрылымы мен тақырыбы жағынан да төл сипатымен дараланады. Олардың әрқайсысынан уақыт тынысымен бірге Кененнің тарихи түйсігі мен қайсар болмысы айқын сезіледі.

Көрегендік пен азаматтық үн

Мәселен, 1916 жылғы дүрбелеңнен көп бұрын туған «Ой, бұлбұл» өлеңінде бұлбұлмен мұңдаса отырып:

«Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр»

деген жолдарды айту — ыза-кекпен қатар, сол кезеңнің іріп-шіріген саяси ахуалын терең түсінетін көреген зерденің белгісі.

Ал Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ:

«Біздің Отан жеңеді!»

деп жар салуы — ерге тән сенімнің, ақынға тән оптимизмнің, әрі ақылгөйге тән көрегендіктің айғағы.

Өшпес мұра

Кенен Әзірбаев артына өлмес мол мұра қалдырды. Ол халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын өз дәуірінің тынысымен сабақтастырып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты.

Ақиық ақынның өлмес өлең-жырлары мен әсем ән-күйлері халықпен бірге мәңгі жасай бермек.