ТҰРАР РЫСҚҰЛҰЛЫ

Рысқұлұлы Тұрар (1894–1938)

Рысқұлұлы Тұрар — мемлекет және қоғам қайраткері, Әулие-ата уезіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушысы әрі басшыларының бірі.

Балалық шағы және білімге ұмтылыс

Әкесі Рысқұл Жылқайдарұлы — шаруасы шағын болса да, ауыл ішінде еті тірі, есті азамат ретінде танылған. 1904 жылы патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жылға сотталып, итжеккенге жер аударылады.

Әкесінің қамауға алынуы он жасар Тұрардың тағдырын күрт өзгертті. Паналар жері қалмаған бала әкесі сотталып, жер аударылғанға дейін түрмеде соның жанында болып, бас бостандығынан айырылғандардың ауыр күнін бірге өткерді. Ол теңсіздік пен әділетсіздіктің небір сорақы көрінісін көзбен көріп, білімсіз өмірдің қиындығын ерте түсінді.

1907 жыл

Жақсы адамдардың көмегімен, әрі ат-жөнін өзгертіп, «Қырғызбаев» фамилиясымен Әулие-атадағы бұратаналарға арналған орысша бастауыш мектепке оқуға қабылданады.

Келесі кезең

Пішпектегі ауыл шаруашылығы мектебін бітіреді.

Ташкент

Мұғалімдер институтына түседі, бірақ оқуды жалғастыруға мүмкіндік болмайды.

1916 жыл: көтеріліс және тұтқындалу

Бұл кезде Қазақстанның әр өңірінде патшаның «Июнь жарлығына» қарсы халық наразылығы ұлт-азаттық көтеріліске ұласып жатқан еді. Әулие-атадағы көтеріліске белсене қатысқан Тұрарды патша үкіметі тұтқындайды.

Ақпан төңкерісінен кейін ол қазақ жастарын революциялық жолға жұмылдырып, Қырғыз (қазақ) жастарының одағын ұйымдастырады және Әулиеата Кеңесімен тығыз байланыс орнатады.

Мемлекеттік қызмет жолы

  • Кеңес өкіметі орнаған соң Әулие-ата уездік Совдепі атқару комитетінің төрағасы болады.
  • Түркістан республикасы Орталық Атқару комитетінде және РК(б)П Мұсылман бюросында төраға қызметін атқарады.
  • Бір жыл Ұлт істері халық комиссариатының Әзербайжан республикасы бойынша өкілі болады.
  • 1921 жылы РСФСР Ұлт істері комиссариатына ауысып, әуелі қатардағы қызметкер, кейін алқа мүшесі, одан соң халық комиссарының екінші орынбасары қызметтерін атқарады.
  • Коминтерн Атқару комитетінде Шығыс бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жүргенде Моңғолияға уәкіл етіп жіберіледі.
  • Қазақстанға оралған соң БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті баспасөз бөлімін басқарады, «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болады.
  • 1926 жылы Мәскеуге шақырылып, қамауға алынғанға дейін РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Қаламгерлігі және тарихи мұрасы

Зерттеу және публицистика

Тұрар Рысқұлов қоғамдық-саяси қызметпен қатар теориялық мәселелермен де айналысты. Ол Орта Азия мен Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихын зерттеген тұлғалардың бірі әрі қаламы қарымды журналист ретінде танылды.

Еңбектері

Оның қаламынан оннан астам кітап жарық көрді, сондай-ақ өмірдің өзекті мәселелеріне арналған жүзден астам проблемалық мақала жазды.

Халқының бақыты үшін аянбай еңбек еткен қайраткерді отаршылдық озбыр саясат «өз халқына жау» етіп көрсетуге тырысып, тәжірибесі толысқан, кемеліне келген шағында мерт қылды. Алайда халық оның есімін ұмытқан жоқ.

Есімі ел жадында

Бүгінде еліміздегі бірнеше қалада көшелер, шаруашылықтар мен мектептер Тұрар Рысқұловтың есімімен аталады.