Оқушыларға рахмет
«Қыз өссе — елдің көркі»
Бұл тәрбие сағаты қыз балаларды ұлттық рухта тәрбиелеуге, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін қадірлеуге, ұлтжандылық пен отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыруға бағытталған.
Түрі
Жарыс
Көрнекілігі
Ұлағатты сөздер, мақал-мәтелдер, интерактивті тақта, шарлар, гүлдер
Құрылымы
Ұйымдастыру • Негізгі бөлім • Қорытынды
Негізгі идея
Қыз әдебі • Қыз өнері • Ұлттық болмыс
I. Ұйымдастыру бөлімі
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Бүгін біздің ауылда дүбірлі той,
Ден қойып тыңдаңыздар, көңілді қой.
Жырдан шашу шашылсын, күй күбірлеп,
Қош келдіңіздер, халайық, сергісін бой!
Құрметті ұстаздар мен ата-аналар! Бүгінгі «Қыз өссе — елдің көркі» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
II. Негізгі бөлім
Қыз — отбасының аяулысы
Қыз — ата-ананың ғана емес, ауылдың да сүйікті перзенті, мақтанышы, сәні мен көркі. Қыз — болашақ келін, болашақ ана. Сондықтан «қыз — өріс», «қыз — қонақ» деп, туған-туысы қыз баланы аялап, мәпелеп өсірген.
Тәрбие сағатының форматы
Бүгінгі іс-шара жарыс түрінде өтеді. Сыныбымыздың үш аруы өз өнері мен білімін сынға салады.
- I. Өзін-өзі таныстыру (қара сөз, өлең, ән)
- II. Қолөнер сайысы (дайын бұйым және жасалу жолы)
- III. «Кімнің өнері бар қаншалықты?» (еркін өнер көрсету)
- IV. «Сұлудың сыры» (ұлттық киім үлгісі)
Әдеби монтаж
Қыз сұлу көрінеді қылығымен,
Жарыса төгілген қос бұрымымен.
Бұл күнде сұлулықтың үлкені осы —
Қыз сұлу көрінеді білімімен.
Қыз сұлу көрінеді өрнегімен,
Тізіліп сөз маржанын тергенімен.
Майыса бұратылып, майда басып,
Жаныңа наз қылықпен келгенімен.
Дарытқан бар асылды өз елінен,
Қыз сұлу көрінеді өнерімен.
Құлпырды сыныбымның арулары,
Өткендей сұлулықтың елегінен.
Қыздар — қызыл киігі жанұяның,
Қайықтары жақсылық дарияның.
Ескектерін ерліктің жоғалтпаған —
Сіңлілері Мәншүк пен Әлияның.
Қыздар — қызыл жалау түзге ұстаған,
Қорғап тұрған шырылдап қызғыш далам.
Сендер гүлге керемет ұқсағанмен,
Гүлдер бірақ көбірек қызға ұқсаған.
Қыздар, қыздар — көңілдің көк гүлдері,
Көк көлдердің көзге ыстық кептерлері.
Азаймаңдар, арулар — жауқазындар,
Азаймасын өмірдің көктемдері!
Қыз емес қыздың аты — қызыл алтын,
Көрінер қызыл айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын.
Пір тұтқан адамдықты, адалдықты,
Көркімен таң қалдырған тәмам жұртты.
Қыздардың қылығымен өмір қызық,
Қыздардың ғұмырынан заман құтты.
Мақал-мәтелдер
- 9-оқушы: Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш.
- 10-оқушы: Қызы бардың назы бар, қысы бардың жазы бар.
- 11-оқушы: Бір жақсы қыз екі жаман ұлға татиды.
- 12-оқушы: Қыздың аңқауынан сақтан, ұлдың жалқауынан сақтан.
- 13-оқушы: Астың дәмін тұз келтірер, ауылдың сәнін қыз келтірер.
Тілек
14-оқушы: Кімдер жүйрік, өнерпаз — білейікші, сыныбымыздың аруы деп жүрейікші. Әділқазылар алқасына тек әділдікті, ал аруларға сәттілік тілейікші!
Мұғалімнің түйіні
Қыз сыны, қыз өнері, қыз әдебі — тал бойына жарасқан күлкі әдемі. Сахнада ғана емес, өмірде де ұлт әдебі берік сақталсын!
Қатысушылар туралы қысқаша мәлімет
Қатысушы
Өтепберген Шаттық
Сыныптың оқу екпіндісі. Жаз мезгілін жақсы көреді: суға түсіп ойнауды, күнге қыздырынуды ұнатады.
Қатысушы
Асқарова Айда
Сыныптың оқу озаты. Қыс мезгілін ұнатады, демалыста қалаға баруға асығады. Мұз қалашықтары мен мұз мүсіндерінің жасалу тәсілдері қызықтырады.
Қатысушы
Асылбекова Балбөбек
Сыныптың оқу озаты. Ән айтқанды жақсы көреді, болашақта әнші болуды армандайды.
I бөлім: Өзін-өзі таныстыру
Қатысушылар қара сөзбен, өлеңмен немесе әнмен өздерін таныстырады. Әділқазылар бағаларын береді.
Мұғалімнің ескертпесі
Қызға қатты сөз айтуға болмайды. Қазақта қыз тәрбиесі мен оны құрметтеудің жолдары көп. «Астың дәмін тұз келтірсе, үйдің сәнін қыз келтіреді» деген тәмсіл тегін емес.
II бөлім: Қолөнер сайысы
Қыздар үйден дайындап келген бұйымдарын көрсетіп, оның жасалу жолын түсіндіреді. Әділқазылар бағалайды.
Қазақ қызына қойылған 10 талап
-
1. Әдепті болу
-
2. Ар-ожданы пәк болу
-
3. Кеңпейіл, кешірімді болу
-
4. Мейір-шапағатты болу
-
5. Ақыл-парасатты болу
-
6. Сабырлы, салмақты болу
-
7. Адал, ақжарқын болу
-
8. Моральді, мұратты болу
-
9. Өжет, батыл болу
-
10. Ұятты, намысты болу
Музыкалық үзіліс
«Нағыз қазақ — домбыра» дегендей, кезекті күйге беріледі: ортаға Аружан шақырылады. «Адай» күйі орындалады.
III бөлім: «Кімнің өнері бар қаншалықты?»
Қыздар ретімен өз өнерлерін көрсетеді: ән, би, көркем сөз және басқа да қабілеттер. Әділқазылар бағалайды.
Қызға қатысты тәрбиелік тыйымдар
Инабатты қыз өсіру мақсатында халқымыз «қызға қырық үйден тыйым» деп, тәрбиелік шектеулерді де ұстанған.
- Жарыса сөйлемеу
- Жалғыз қыдырмау
- Жыртақтап күлмеу, сыпсыңдап сөйлемеу
- Орынсыз ұрынбау
- Басқаларға қол тигізбеу
- Өтірік пен өсекке бармау (және т.б.)
IV бөлім: «Сұлудың сыры»
Қыздар ретімен қазақтың ұлттық киім үлгілерін көрсетеді. Әділқазылар бағаларын береді.
Би
Әділқазылар қорытынды шығарғанша, ортаға сыныбымыздың биші жігіттері шақырылады: «Қара жорға» биі.
III. Қорытынды
Қорытынды сөз және марапаттау
Әділқазылардың қорытынды сөзі тыңдалып, жеңімпаздар анықталады және марапатталады.
Құттықтау
Жеңістеріңіз құтты болсын!
Бата
Қыздарымызға бата беру үшін оқушыларымыздың әжесі Ырысты апаға сөз беріледі.
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Қардай жанар берсін.
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын.
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын.
Басына өнерден бағы қонсын!
Қорытынды тілек
Тәрбие сағатымыз осымен аяқталды. Уақыт бөліп, көңіл қойып келгендеріңізге көп рахмет! Келесі кездескенше сау болыңыздар!