Құрметті ұстаздар қауымы

Ұстазым — асыл қазынам

Бұл шараның мақсаты — ұстазды ұлықтауға, қарттарды құрметтеуге, сыйлауға үйрету және ұстаз еңбегін әрдайым бағалай білуге тәрбиелеу.

Жүргізушінің құттықтау сөзі

Құрметті ұстаздар қауымы! Сіздердің бала көңілдеріңіз әр балапанның жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге, білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген кішкентай балапандар апайларымен мақтанады.

Олай болса, қадірлі ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Білім беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін!

Ұстаз туралы өлең жолдары

Ұстаз деген ұлы сөз — ұлағатты,

Ол болмаса, кім береді парасатты?

Асылын беріп шәкіртінің бойына,

Ағартқан сол үшін де қара шашты.

Ұстаздарға әркім басын ию керек,

Кемеңгер, ақылшым деп білу керек.

Сен бүгін керемет боп кетсең дағы,

Жеткізген сол ұстаз деп білу керек.

Хор: «Жарқын жүзді ұстазым»

Мерекелік құттықтау

Ажырамай ұжымнан бір елі сіз, жақсылыққа жаралған жүрегіңіз. Сөз берелік құрметпен өзіңізге — ұстаздарға арналсын тілегіңіз.

Құттықтау сөз:

Меңгеруші — Динара Қадірханқызы

Шәкірттердің арнауы

Т. Кәусар

Бүгінгі күн құшақтары гүлге толсын! Дендеріңіздің саулығы мықты болсын! Білімімен суарған шәкірттерін, төл мерекең, ұстаздар, құтты болсын!

Аяулым

Бақшам — үйім, ұстаздарым — ата-анам. Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам. Саяң ыстық, сен — мәуелі бәйтерек, тамырлары сан тарапқа тараған.

Әли

Ұстаз бізді білім беріп өсірген, қателігімізді әрқашан кешірген. «Өмір жолы — қиын жол» деп әрдайым тәрбиелеп, ақылды қып өсірген.

Бексұлтан

Ұрпақпен өмір жолы жалғанады, көңілді күндер туса алда әлі. Ән — шашу, әсем әуен, түрлі өнер — бүгінгі күн сіздерге арналады.

Нұрзира

Бар өмірін балаларға арнаған мұғалімді ардақтайды барша жан. Бақшамыздан шықпаса да қыс-жазы, жемісі оның жердің жүзін шарлаған.

Айша

Ұстаз деген ұлық ат — сендегі есім. Балғындардың бәрін де тең көресің. Балалықпен күн сайын жүздесесің, тазалықпен бетпе-бет сен келесің.

Н. Кәусар

Жүзіңде мейірімнің нұры басым, бала жанын байыппен ұғынасың. Ізгілікті өмірдің ортасында қарапайым боп жүрген ұлы жансың.

Бекзат

Ұстаздарым — биік тұлға, байсалды, құшақ жайып өз мерекең қарсы алды. Қуанышты жарқын тілек білдіріп, құттықтаймыз ұстаздарым баршаңды.

Ж. Кәусар

Білімнің кәусәр бұлағын жүресің құйып санама. Біз үшін сенсің — мұғалім, ұстаз да, ғылым дана да.

Айкерім

Ұстаз болған баршаға ардақты жандар қаншама. Шәкіртің күнде қуансын, шаршама, ұстаз, шаршама.

Жастар биі: биші қыздар Жеке ән: «Мұғалім» Орындайды: Кәусар, Нұрзира, Ж. Кәусар, Айгерім

Кәсіптер шеруі: «Егер тәрбиеші болмағанда…»

Құрметті тәрбиеші ұстаздар, егер тәрбиеші болмағанда кім болар едіңіздер? Иә, тәрбиешілер мен мұғалімдер бастық, сот, әртіс, жазушы, сылақшы болуды армандамайды екен.

Неге десеңіз…

  • Әр тәрбиешінің өз жұмыс бөлмесі, жұмыс үстелі және қарамағында 25–30 бүлдіршіні бар — кішігірім бастық емес пе? «Ашса алақанында, жұмса жұдырығында» дегендей, ұрыс-керіс пен ата-ана дауын да көбіне өзі шешеді.
  • Әр тәрбиеші өз сабағының шебері, бір жағынан режиссері; көбіне басты рөлде де өзі ойнайды. Көпшілік көріністен де қалыс қалмайды — әртіс демей көріңіз.
  • Бір тыным жоқ: топтың тазалығы да өз мойнында. Демек, майлаушы да өзі, сылаушы да өзі, безендіруші де өзі.
  • Жазушыларға келсек, тіпті кейбір жазушылар да мұғалімдей күнде жазуға отырмайды.
  • Соңғы кезде бухгалтер мен кассирдің де жұмысы қатар атқарылып жүр — келісесіздер ме?

Олай болса, ұстаздан тәлім алған мамандарды сахнаға шақырайық.

Әлішер — полицей

Мен полицей қызметкерімін, бастау алған тәртіптен. Алда озып келемін, ұстаз берген тәртіппен!

Айзере — дәрігер

Дәрігермін, жәрдем берер науқасқа. Жақсылығым жақсылыққа жалғасса, бағаланса менің еңбегім — қарыздармын мұғалімге әу баста.

Байсалбек — банкир

Мен банктің басшысымын қалада, бас иемін мұғалімдей данаға. Тамсанамын, кейде қайран қаламын — үйретуден жалықпаған балаға.

Айдана — дизайнер

Дизайнермін, ұстаздан алған білім. Сағынамын апайымның аяулы үнін. Жинап келдім шоқ-шоқ қырдың гүлін — құттықтаймын ұстаздарды мен де бүгін.

Ұйымдастырушылар

Шалқар ауданының білім бөлімі №12 бөбекжай-бақшасы

Тәрбиешілер: Жолекенова Л., Мадиярова К.