Оқушылардың зейінін сабаққа аудару

7-сынып

Сабақтың тақырыбы: Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесіндегі негізгі мәселе

Сабақ түрі: сын тұрғысынан ойлау Әдістері: сұрақ-жауап, талдау, іздену Көрнекілік: сызба, үлестірме, плакат Пәнаралық байланыс: тарих

Бұл сабақта шығарма мазмұны арқылы кейіпкерлердің іс-әрекетін, автор көзқарасын талдаймыз; оқушылардың қызығушылығын оятып, мағынаны танып-білу, ажырату, ой толғау дағдыларын дамытамыз; табиғатты қорғауға, адамгершілікке тәрбиелеуді көздейміз.

Сабақтың мақсаты

а) Талдау және түсіну

Әңгіме мазмұны арқылы кейіпкерлердің іс-әрекетіне үңіліп, автордың көзқарасын пайымдау.

ә) Қызығушылық пен дағды

Тақырыпқа қызығушылықты арттыру; мағынаны тану, салыстыру, ажырату, ой толғау іскерлігін қалыптастыру; шығармашылық қабілетті дамыту.

б) Тәрбиелік бағыт

Табиғатты қорғауға, аялап күтуге және адамгершілік құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
  • Оқу құралдарын тексеру, сынып тазалығына көңіл бөлу.
  • Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

2) Үй тапсырмасын пысықтау

Үйге берілген М. Жұмабаев шығармалары бойынша сұрақтар қойылып, жауаптары тыңдалады. Оқушылардың ойы нақтылауға бағытталады.

3) Жаңа сабақты түсіндіру

Әдебиеттің адам өміріндегі маңызы қандай? Әдебиет — өміртану құралы: көркем шығарма арқылы өмірді танытып, адамды тәрбиелейді.

Ой қозғау: Қай жазушының шығармасын алсақ та, табиғат тақырыбы назардан тыс қалмайды.

Табиғат — күллі тіршілік атаулының құтты қонысы, алтын ұясы, тал бесігі.

Сұрақ

Осы ойды естігенде нені елестетесіз? Табиғат дегеніміз не?

Тірек ұғымдар

  • Қоршаған орта
  • Халық қазынасы

Талқылау: Табиғатқа шабуыл жасау, оның тылсым тыныштығын бұзу мәселесіне қалай қарайсыз?

Бүгінгі әңгімеміз кеше ғана оқып танысқан, көркем фильм арқылы да жақсы білетін «Көксерек» және оның иесі, олардың іс-әрекеті туралы өрбиді.

Шығарманың композициялық құрылысы

Кезең Мазмұны
Оқиғаның басталуы Қасқыр мекені. Бөлтіріктер тағдыры.
Байланысы Көксеректің ұяластарымен табысуы.
Дамуы Қарадыр еліндегі мазасыздық.
Шарықтау шегі Құрмаштың қазасы.
Шешімі Көксеректің жазасын тартуы.

Әңгіменің негізгі оқиғалары еске түсті. Басты кейіпкерлер — адамдар мен қасқырлар. Енді екі топқа бөлініп жұмыс жасаймыз. Әр топтың жетекшісі белсенділік пен жауаптарды белгілеп отырады.

Топтық жұмыс және әдістер

1) Топтастыру

Екі топқа «Адам» және «Қасқыр» сөздері жазылған плакат беріледі. Осы ұғымдарға байланысты ойға келген сөздер мен сөз тіркестерін жазады.

«Адам»

Тірі ағза; еңбектенеді; сөйлейді; ойлайды; оқиды; қоректенеді.

«Қасқыр»

Жыртқыш; түз тағысы; бөрі; қомағай; табиғат перзенті; дала санитары.

2) «Кубизм» әдісі (сұрақтар)

Кубик кезекпен лақтырылып, түскен қырдағы тапсырмаға жауап беріледі.

  1. 1) Суретте

    Көксеректің портретін сипаттаңыз.

  2. 2) Салыстыр

    Дала қасқыры мен Көксеректі салыстырыңыз.

  3. 3) Зертте

    Қасқыр туралы тағы қандай шығармаларды білесіз?

  4. 4) Қолдан

    Көксерек туралы ел адамдары не дейді?

  5. 5) Дәлелде

    Көксеректі қатыгездікке итермелеген, Құрмашқа ауыз салдырған қандай жағдайлар?

  6. 6) Талда

    Көксеректің қатігездігін қай тұстардан байқадыңыз?

3) Толғаныс: «Синквейн» әдісі

«Қасқыр» және «Аңшы» сөздеріне бес жолды өлең құрастырыңыз.

«Қасқыр» (үлгі)

  1. Қасқыр
  2. Жыртқыш, қомағай
  3. Ұлиды, шабуылдайды, жортуылдайды
  4. Қасқыр — түз тағысы, табиғат перзенті
  5. Бөрі, көкжал

«Аңшы» (үлгі)

  1. Аңшы
  2. Қырағы, сақ
  3. Атады, көздейді, аулайды
  4. Аңшы қансонарда аңға шығады
  5. Мерген

4) Шығармашылық жұмыс: мақал-мәтелдер

Қасқырға байланысты мақал-мәтелдерді айтып, мағынасын қысқаша түсіндіріңіз.

  • 1) Қасқырды қанша асырасаң да, тоғайға қарап ұлуын қоймайды.
  • 2) Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан.
  • 3) Ауыл иті болса да, бөрі келгенде бірігеді.
  • 4) Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар.

Қорытынды бөлім

Білімді бекіту (сұрақтар)

  1. Ауыл адамдары Көксеректі неге жек көрді, не үшін жазалады?
  2. Неліктен Көксерек адамдар ортасына үйренісе алмады?
  3. Көксерек Құрмаштан гөрі ақ қасқырмен неліктен тез бауырласты?

Түсінбеген тұстар бойынша қосымша сұрақтарға жауап беріледі.

Білімді бағалау

Оқушылардың жауаптарының сапасына және сабаққа белсенді қатысуына қарай бағаланады.

Үй тапсырмасы

М. Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі бойынша «Бөлтірікті қанша асырасаң да, тауға қарап ұлиды» тақырыбында шығарма жазу.