Әңгімені тыңдағанда қандай сезімде болдыңдар

Сабақтың тақырыбы: «Тамырын жайып тереңге»

Сабақтың мақсаты

  • Отбасы құндылықтары, ата-баба дәстүрі және ұрпақтар сабақтастығы туралы білімді кеңейту.

Көрнекіліктер

  • Мақал-мәтелдер жазылған карточкалар
  • Слайд-презентация

Шаттық шеңбері

Оқушыларға сөзін жазған Б. Тәжібаев пен әуенін жазған Е. Хасанғалиевтің «Ауылым — әнім» әнін орындау ұсынылады. Әңгімелесу оқулық бойынша жүргізіледі.

Әңгімелесу сұрақтары

  1. Жақындарыңа деген сый-құрметіңді қалай білдіресіңдер?
  2. Отбасы мүшелерінің ой-ниетімен, көзқарасымен, сезімімен санаса білесіңдер ме?
  3. Отбасында пікірлерің мен көзқарастарың тоғыса ма? Ал алуан түрлі болса ше?
  4. Үлкендердің ризашылығын қалай алуға болады деп ойлайсыңдар?

Түйін ой

Отбасынан бастау алар Отаным.
Әке — асқар тау, ана — мөлдір бұлағым.
Бұлақ суын қанып ішсе жас өркен,
Қаулап өсер, терең жайып тамырын.

Осы ойды негізге ала отырып, оқулықта берілген П. Джонның «Боз орамал» әңгімесі бойынша Төлекова Марияның слайды көрсетіледі.

«Боз орамал» әңгімесі бойынша талқылау

  1. Әңгімені тыңдағанда қандай сезімде болдыңдар?
  2. Жасөспірімнің ата-анасынан қол үзіп кетуінің себебін қалай түсіндірер едіңдер?
  3. Оның сағынышының сыры неде?
  4. Ата-анасының ұлына деген сезімдерін сипаттап беріңдер.
  5. Әңгіменің басты идеясы қандай деп ойлайсыңдар?

Топтық жұмыс: мақал-мәтелдерді құрастыру

Тапсырма

Оқушылар топпен жұмыс істеп, берілген сөздерді дұрыс ретке келтіріп мақал-мәтелдерді құрастырады.

Аралас нұсқалар (құрастыруға арналған)

Алты болмас, әке бірігіп…
ана жеңге бірігіп… Жеті болмас.
ата-анасы… ұстазы бас… Баланың
не қылсаң, Атаңа… келер алдыңа сол күйік.
Баланың жақсысы — жаманы — қызық, Дұрысы:

Дұрыс жауаптар

  • Алты аға бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп ана болмас.
  • Баланың бас ұстазы — ата-анасы.
  • Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер.
  • Баланың жақсысы — қызық, жаманы — күйік.

Ата-анаға құрмет: діндегі және дәстүрдегі тағылым

Хадистердегі өнеге

Ата-анаға құрмет туралы діни әдебиеттерде де кеңінен айтылады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінде алдымен ананы құрметтеу парыз екені ерекше аталады.

  • «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса».
  • «Егер атаң мен анаң бір мезгілде үн қатса, әуелі анаңа жауап бер».
  • «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, парызыңды өтей алмайсың».
  • «Кім ата-анасының ризалығын алса, Алла оның өмірін ұзартады».

Халықтық қағидалар

Біздің дәстүрімізде де ата-ананы ардақтауға үндейтін жазылмаған заңдар бар. Әр адам мұны бұлжытпай орындауы тиіс:

  • Ата-анаға қарсы сөз айтпау.
  • Өз ата-анасын жамандамай, қадірін қастерлеу.
  • Ата-анасының алдында, сондай-ақ ақсақал мен әйел адамның алдында ашуланса да, балағат сөз айтпау.

Ұлағатты сөздер

  • Ғ. Мұстафин: «Ата-ананы ұмытқан жас — опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы».
  • Ғ. Мұстафин: «Ата-ананың қадірін білмеген — халық қадірін білмес».
  • А. С. Пушкин: «Ата-бабасын сыйламау — азғындықтың белгісі».
  • В. А. Сухомлинский: «Баланың жақсысы — әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы; жаманы — қайғысы, азап соры».

Автор: Ниязова Светлана Тоқтарқызы

Қызметі: психолог, «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі

Мекеме: Алматы облысы, Ақсу ауданы, Арасан ауылы, Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектебі