Табиғат қамқоршысы

Сабақ туралы мәлімет

Білім саласы

Қатынас

ҰОІӘ

Тіл дамыту

Тақырыбы

Күз — жомарт

Мақсаты

  • Балаларды қоршаған ортаның әсерімен таныстыру; күз мезгілінің байлығы мен жомарттығын ұғындыру.

  • Іс-әрекет пен ізденіс арқылы шығармашылығын дамыту, ой-өрісін және дүниетанымын кеңейту.

  • Табиғатқа байланысты халық болжамдарын сөздік қорына енгізу; табиғат құбылыстарының пайдалы және зиянды жақтарын ажырата сипаттауға үйрету.

  • Баланың ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік жасау.

  • Табиғатты қорғауға, күтіп-баптауға тәрбиелеу.

Керекті құралдар

  • Жапырақтар
  • Жеміс ағашы (алма ағашы)
  • Слайд: балалардың далада бақылау кезіндегі іс-әрекеттері бейнеленген суреттер
  • Күн, бұлт, торғайлар, шегірткелерге қатысты көрнекіліктер

Технология және әдістер

Қолданылатын технология

ТРИЗ технологиясының элементтері

Әдістері

ой қозғау сұрақ–жауап әңгімелесу қайталау жұмбақтар сахналау

Сабақ барысы

1) Шаттық шеңбері

Балалар шаттық шеңберін құрып, қонақтармен және бір-бірімен амандасады.

Армысың, қайырымды Аспан ата!

Армысың, мейірімді Жер ана!

Армысың, алтын Күн!

Қайырлы таң, қайырлы күн!

Армысың, достарым!

Армысың, қонақтар!

2) Көрініс: «Жел келді»

Музыкамен жел кіріп, жапырақтарды шашып өтіп кетеді. Балалармен бірге «жапырақтың құпиясын» ашуға бағытталған ой жаттығуы жүргізіледі.

Ой жаттығуы

Жел тұрғанда жапырақтар қай кезде ұшады, төгіледі? Неліктен?

3) Жапырақтардағы жұмбақ тапсырмалар

Әр жапырақта сурет берілген. Балалар суретке қарап, жұмбақты шешіп, кейіпкерлерді табады.

Жұмбақ 1

  • Жәндік
  • Табиғатқа зиян келтіруі мүмкін
  • Өзіне тән дыбысы бар
  • Ұшады әрі секіреді

Жауабы: шегіртке

Жұмбақ 2

  • Ұшады
  • Табиғаттың қамқоршысы
  • Ұяда тұрады
  • Құрт-құмырсқамен қоректенеді

Жауабы: құс

Көрініс: «Шегіртке сөйлейді»

Мен шырылдауық шегірткемін,

Ыршып жүріп ән саламын.

Сауық-сайран құрамыз,

Күнде думан, күнде той.

Менің жағдайым жақсы — рахат, рахат! (күледі)

Шегіртке алма ағашына барып, алмаларды жеп, достарын шақырады.

— Достарым, келіңдер!

Ұшып құстар келеді.

— Кім бізді шақырған?

4) Тақпақтар: күз келбеті

Алихан

Құстар қайтып, күз болсын,

Сұр бұлт жапты аспанды.

Жапырақ түсіп, гүл солып,

Қыс ызғары басталды.

Гүлсана

Құстар қайтып, ән салып,

Бұлт торлады аспанды.

Жаз кетті деп жар салып,

Күзгі суық басталды.

Талқылау сұрағы

Шегіртке мен құстар ағаштағы алманы жеп жатыр. Жей берсін бе? Не істейміз? Кімнен көмек сұраймыз?

5) Жұмбақ: «Бұлт» және «Күн»

Жұмбақ: Бұлт

  • Ол болса, бәріміз көңілсіз боламыз
  • Оның «жылағаны» табиғатқа пайдалы
  • Аспанды торлайды

Жауабы: бұлт

Жұмбақ: Күн

  • Ол болса, бәріміз көңілді жүреміз
  • Оны барлық тірі табиғат жақсы көреді
  • Жылытады, айналаға шуағын шашады

Жауабы: күн

Бұлттың сөзі

Сәлеметсіздер ме, қонақтар, балалар!

Күзгі көк бұлт — мен боламын.

Көтеріліп теңізден,

Аспанға биік барамын.

Қаласам қазір сендерге,

Жаңбыр болып жауамын.

Бұлт құстар мен шегірткеге су шашып, жемістерді қорғауға көмектеседі.

Күннің сөзі

Сәлеметсіз бе, балалар!

Мен жарқырап төбеде,

Нұрын төгіп тұрамын.

Шуақ шашып бәріңе,

Бала жанын ұғамын.

Шиеленіс және шешім

Бұлт пен Күн дауласқанда, балалар қорытынды жасайды: табиғатқа екеуі де қажет. Сондықтан оларды татуластыру үшін «жақсы–жаман» қасиеттерін салыстырып көреді.

6) Ойын: «Ақ пен қара»

Мақсаты: балаларға заттар мен құбылыстардың жағымды және жағымсыз қасиеттерін ажырата білуге үйрету (Күннің, Бұлттың табиғатқа әсері).

7) Сергіту сәті

Бұлт қабағын түйіп ап,

Бүркеп алды аспанды.

Тырс-тырс тырсылдап,

Жаңбыр жауа бастады.

Күнге қолды созамыз,

Күннен жылу аламыз.

Бойымызға таратып,

Біз көңілді боламыз.

8) Халық болжамдары

Жыл мезгілдеріне байланысты халық болжамдарын еске түсіреміз.

  • Мизам шуақ — күздің жылы, шуақты күндері.
  • Қараша айында кемпірқосақ көрінсе, қыс қатты болады; көктем жаңбырлы болады.
  • Қарашада қар ерте түссе, көктем ерте келеді.
  • Қарашада маса ұшырасса, көктем ерте болады.

9) Күз туралы өлең

Алтын, сары, қызыл, көк —

Алуан-алуан жапырақ.

Күзгі бақта күлімдеп,

Көз тартады жалбырап.

Ой, алақай, тамаша,

Шашу шашты жапырақ.

Бақтың іші алаша,

Аунар ма деп жатып ап!

Күншуаққа маужырап

Жатыр еді атырап,

Ағаштардан жамырап,

Ұшты кенет жапырақ.

Күз өзімен бірге байлық пен молшылықты, жаңбыр мен желді, жомарттықты және алдағы маусымға дайындықты ала келеді.

10) Күз айлары және үш айға арналған тақпақ

Күз мезгіліне қыркүйек, қазан, қараша айлары кіреді.

Қыркүйек

Бір-біріне жер мен аспан

Мейіріммен қарасқан.

Ұстаз-шәкірт жүздескен,

«Қош келіпсің, күз!» дескен.

Қазан

Қазан айы болыпты,

Қамбаға астық толыпты.

Сары даланы сәндетіп,

Думандатып әндетіп.

Қараша

Күн суытып барады,

Малдар қолға қарады.

Қараша — ауыл даламыз,

Қысқа дайын боламыз.

11) «Неге күзді жомарт күз дейді?»

Сұрақ

Балалар, неге күзді «Жомарт күз» деп атайды?

Күздің жауабы

Иә, мен жомартпын. «Мереке басы — ән болар, береке басы — дән болар», — деп халық бекер айтпаған. Көктемде еккен мол астықты жинап, қамбаларға толтырдым.

Күз балаларды ойлануға шақырады: «Маған кімдер көмектесті?»

12) Көрініс: «Жер Ана» және «Дихан ата»

Әуенмен Жер Ана мен Дихан ата келеді.

Дихан ата (қолында кетпен)

Сендерге айтар аманатым: Қаладағы өрендерім, ешқашан бабалардың кетпенін ұмытпаңдар!

Жер Ана (қолында нан, жемістер)

Дастархан мол болсын, молшылық пен береке болсын!

Қосымша тапсырмалар

  • Сөзжұмбақ: сабантой тақырыбы бойынша
  • Ән: «Сабантой»