Алпыс бес жыл - үзілмеді құстар әні, Кетті енді сұм соғыстың қыспағы әні
Әдеби кеш
«Қазақтың қарапайым бір ұлымын, арымды жаным үшін құрбан еткен» (Бауыржан Момышұлының мерейтойына арналған әдеби кеш)
Мақсаты
Халқымыздың аты аңызға айналған қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы туралы мағлұмат беру, оның ерлігін үлгі-өнеге тұту, Отанды сүюге және туған елін қорғай білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Бауыржан Момышұлының портреті
- Қанатты сөздер
- Кітап көрмесі
- Слайд
Кештің ашылуы
1-жүргізуші
Қадірменді қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Баршаңызды Ұлы Жеңістің мерейтойымен құттықтай отырып, елімізде бейбітшілік туы әрдайым желбірей берсін деп тілейміз. Аты аңызға, сөзі нақылға айналған қаһарман тұлға — Бауыржан Момышұлының мерейтойына арналған әдеби кешке қош келдіңіздер!
Музыка: «Журавли»
2-жүргізуші (өлең)
Алпыс бес жыл — бейбіт көктем таң атқалы,
Алпыс бес жыл — шуақты күн таратты әнін.
Есімде содан бері алпыс бес рет
Ашылды Жеңіс күннің парақтары.
1-жүргізуші (өлең)
Алпыс бес жыл — үзілмеді құстар әні,
Кетті енді сұм соғыстың қыспағы, зәрі.
Алпыс бес жыл — жауымыздың ажал оғы
Біздің ел үстіменен ұшпағалы.
2-жүргізуші (өлең)
Талай құс содан бері қайта оралды,
Талай бақ әлеміне қайта орнады.
Соғыста өлгендер тек оралмайды,
Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді.
Жеңіс бағасы
Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс жолында Отан үшін су кешіп, миллиондаған асыл азаматтар мерт болды. Олар жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті.
Ана — жарынан айырылған жесір, бала — әкесінен не анасынан айырылған жетім атанды. Фашистердің тұтқын лагерінде аналар мен балалар айуандықпен қаза тапты. Ал тылда қалған қарттар, аналар және жасөспірімдер бірде аш, бірде тоқ тынбай еңбек етіп, соғыстың қайғы-қасіретін көтерді.
Дегенмен ешкімнің сағы сынбады. Отаншылдық сезім, қолына қару алып сапқа тұрған көптеген ұлт өкілдерінің бірлігі мен ерлігі Жеңіс сағатын жақындата түсті.
Қазақстанда да соғыс оты шарпымаған шаңырақ кем де кем. Жүз мыңдаған ата-әжелеріміз соғыстың алғашқы сәтінде-ақ майданға аттанды. Жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалғаны туралы дерек те айтылады.
Тағзым
Дәл осы жадыраңқы күнде Ұлы Отан үшін жанын қиған ерлердің рухына, бүгін арамызда асқар таудай болып жүрген ардагерлерімізге бас иіп, тағзым етейік.
Еске алу кеші
2-жүргізуші
Халқымыздың аты аңызға айналған қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлына арналған еске алу кешін ашық деп жариялаймыз.
Оқушылар биі
1-жүргізуші
Бауыржан Момышұлы — елі үшін ерен ерлік жасаған, өнегелі ұрпаққа үлгі болып қалған ұлы тұлға. 1941–1945 жылдардағы соғыста қаһармандығы мен қайсарлығы, әскери басшылықтағы шеберлігімен әйгілі болып, атақ-даңқы майданға да, бүкіл елге де тарады.
Батырдың ерлігі туралы алғашқылардың бірі болып жазушы Александр Бек «Волоколамское шоссе» повесін жазды. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы туралы жазылған және оның өзі қалам тербеген кітаптар да бар. Қазақтың қайсар ұлын әлем таниды.
Ән: «Офицеры»
Өмірбаяны мен қызмет жолы
1-оқушы
Бауыржан Момышұлы 1910 жылғы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі — Момыш, шешесі — Рәзия. Әкесі жаны жомарт, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болған.
Отбасында төрт қыздан кейін, әкесі елуге таяған шағында Бауыржан өмірге келеді. Тәуіржан есімді інісі бір жасында қайтыс болған.
Әкесінен хат таныған Бауыржан көрші Евгеньевка ауылындағы орыс мектебінде бір жыл оқып, кейін Жамбыл қаласына келіп, Аса интернатында үш жыл білім алып, бастауыш мектепті тәмамдайды. 1921 жылы Шымкенттегі жетіжылдық мектепке түсіп, 1928 жылы бітіреді.
Жиырма жастан сәл асқанда міндетті әскери қызметке шақырылып, өзінің бүкіл болашағын Қызыл Армиямен мәңгілікке байланыстырады.
Музыка: «Соғыс басталды»
2-оқушы
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Қаншама кеңес азаматы сол соғыста қаза тапты.
Жүргізушілер (қысқаша дерек)
Бауыржан атамыз сұрапыл соғыстың басынан аяғына дейін қатысты. Лейтенант шенінен бастап полковник атағына дейін көтеріліп, взвод, батальон, полк және дивизия басқарды.
Соғыс — адамзат өмірінің ұлы трагедиясы, адам жанын қинайтын ең ауыр әрі ащы азап. Бұл зұлматта миллиондаған адам опат болды.
Ерлік белестері
3-оқушы
Қиын-қыстау күндерде Бауыржан Момышұлы басқарған бөлімшелердің жау шабуылын тойтарып, ерлік көрсеткен сәттері аз емес. Оның батырлығымен ерекше көзге түскені де осы кезең.
1941 жылы Мәскеу түбінде 27 рет сәтті шайқас жүргізген. «Ақиқат пен аңыз» кітабында батырдың 207 рет ұрысқа қатысқаны, 5 рет өлім құрсауында қалғаны, 2 рет ауыр жараланғаны айтылады.
4-оқушы
1955 жылы армиямен қоштасты. Қызмет жолында түрлі лауазым атқарды: қызыләскер, взвод командирі, полк штабы бастығының орынбасары, республикалық әскери комиссияның аға нұсқаушысы, батальон командирінің орынбасары, полк командирі, дивизия командирінің орынбасары, дивизия командирі, әскери академияда профессор болды.
Батырдың жыр дәптерінен
Оқитын: 7-сынып оқушысы Сенбиев Исламбек (слайд)
Туған жер
Туған жерім — Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татыды шекер балдай.
Қызғалдақ, қалың егіс, көк жоңышқа,
Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай?
Көкорай шалғын, кең өлкем, жерің дәмді,
Жазың салқын, жайлауың малға жайлы.
Сағынып алыс жерден келгенімде,
Көзім тойып көркіңе мейірім қанды.
Солдат сыры
Мен кім едім? Мен едім,
Мен де мыңның бірі едім.
Қызықпай баққа, атаққа,
Адал еңбек ұлы едім.
Қызмет еттім халыққа,
Ақ ниет мыңның бірі едім.
Атақсыз солдаттың бірі едім.
Ата аруағы қолдады —
Адал еңбек еткен соң.
Панфиловтан бата алдым —
Жау қаһарын төккен соң.
Артыма ерді мың солдат,
Тағдырын маған тапсырып.
Рузаға жеткен соң —
Ел ұлдары мың солдат.
Белуардан қан кешіп,
Сынға түсті бекініп.
Отқа түсіп, су кешіп,
Жүзден аса соғыста,
Бес-алты рет қоршауда,
Бал орнына у ішіп.
Қан майданда халық үшін
Намыс туын көтердік.
Көрініс
Музыка ойнап тұрады. Ортаға Бауыржан Момышұлының бейнесі шығады.
Дереккөз
Астана қаласы, №53 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Токжуманова Меруерт Сайлаубекқызы.