Шешеннің тілі
«1001 мақал, 101 жұмбақ»
Қайырлы күн, құрметті топ мүшелері, жанкүйерлер, оқырмандар, мәдениет сүйгіш қауым және «1001 мақал, 101 жұмбақ» білгірлері! Бүгінгі зияткерлік сайысымызды бастайық.
Тілім менің тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өшсе тілім мен де бірге өшемін,
Өссе тілім мен де бірге өсемін.
— Ә. Тәжібаев
Бұл сайыста білімділер ғана оза алады. Қазылар әділ баға беріп, жауаптардың дәлдігін саралайды. Білім мен тапқырлық сыналар сәтте нағыз мықтының мерейі үстем болсын!
Қазылар алқасы: 4 адам.
«Біліп сөйле, сөзіңде сөл, өң болмасын, сөзің түпсіз қараңғыға көз болсын!» — деп Жүсіп Баласағұни айтқандай, сайысымызды бастаймыз.
1-кезең: «Жүйрік болсаң, шауып көр»
Екі топ кезек-кезек жауап беріп, ұпай жинау арқылы жарысады.
- Тақырып: тіл, сөз өнері, шешендік туралы мақал-мәтелдер.
- «Қазақтар шешен келеді. Олар мақалдап сөйлейді. Жай сөзінің өзі өзен болып ағып жатады.» — В. Радлов
2-кезең: «Мықты болсаң, тауып көр»
Ойын шарты
Жүргізуші мақалдың бірінші жартысын айтады, сайыскер мақал-мәтелді жалғастырып аяқтауы керек. Қай топ бірінші жауап берсе, сол ұпай алады.
№1 топ
- Ине көзінен сынады, … (шешен сөзінен сынады)
- Тіл қылыштан … (өткір)
- Тіл тас жарады, тас жармаса … (бас жарады)
- Шешеннің тілі — … (шебердің бізі)
- Қызыл тіл — жанның мияты, … (абырой — ердің қуаты)
- Жақсының сөзі ақыл шақырады, … (жаманның сөзі ашу шақырады)
№2 топ
- Айта білмесең мақалдың мәні болмайды, … (жасай білмесең астың дәмі болмайды)
- Сөйлей-сөйлей шешен боласың, … (көре-көре көсем боласың)
- Аузы жаман елді былғар, … (аяғы жаман төрді былғар)
- Мақал — атасы сөз, … (мата — атасы бөз)
- Батыр туса — ел ырысы, … (жаңбыр жауса — жер ырысы)
- Нақыл қайдан шығады ой болмаса, … (киіз қайдан шығады қой болмаса)
- Жақсыдан үйрен, … (жаманнан жирен)
Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтқанда: «Қай халықтың болса да мәдениетін, көркем сөзін, көркем өнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге — жүз талант көптік етпейді, он талант аздық етпейді».
3-кезең: «Ойлы болсаң, озып көр»
Дінмұхамед Қонаевтың «Сөз маржанын ой түбінен тере біл» дегенін негізге алып, бұл кезеңде екі топ бір-бірімен ырым-тыйымдар бойынша жарысады.
- Тапсырма 1: қазақтың салт-дәстүрі туралы қысқаша түсінік беру.
- Тапсырма 2: ырым-тыйым туралы білетіндерін айту.
Ой-өрісті де, шапшаңдықты да сынайық: әр сұраққа анық, нақты жауап берейік. Мүдірмей, іркілмей сөйлейтін жүйріктер осы кезеңде көрінеді.
4-кезең: «Тапқыр болсаң, жауап бер»
Ойын шарты
Жүргізуші жұмбақ жасырады, сайыскерлер шешуін табады.
-
Тіршілік ауысар тек,
Ұстасаң қауқар жоқ.
Айналам қоршау көп,
Одан асқан кәусар жоқ.Жауабы: Ауа
-
Көп моншақ үй үстіне қойдым шашып,
Қарасаң толып жатыр көзіңді ашып.
Үйіме сәулеленіп түссе жарық,
Кетеді әлгі моншақ — бәрі қашып.Жауабы: Жұлдыз
-
Тартылған екі арқаным ұзын бойға,
Сөйлеуге сондай шебер — тапсаң айла.
Әр жерде аршындалған балдағы бар,
Ойнайды он бармағың білсе ыңғай.Жауабы: Домбыра
-
Жапанда бір нәрсе бар аузы жабық,
Ашылар мезгілінде бауырын жазып.
Ішінде толып жатқан қазына бар,
Қорек қып пайдаланар тамам халық.Жауабы: Кітап (оқу)
-
Екі ағайынды,
Екеуі бір үйде.
Бірін-бірі көрмейді.Жауабы: Көз
-
Әй, керемет бір ит бар,
Үй бағады — үрмейді.
Аяғы жоқ — жүрмейді.
Рұқсатсыз ол иттен
Адам үйге кірмейді.Жауабы: Құлып
-
Ұзын-ұзын ұз келеді,
Ұзын бойлы қыз келеді.
Қашау басы қалтылдап,
Сәукелесі жалтылдап.Жауабы: Жол
-
Өмір-өмір өмірден,
Өмір оты көмірден.
Зымыран деген бір құс бар,
Жұмыртқасы темірден.Жауабы: Мылтық пен оқ
5-кезең: «Алғыр болсаң, шешіп көр»
«Ойласа — ойдың көсемі, сөйлесе — қызыл тілдің шешені» дегендей, келесі кезек топ басшыларына беріледі.
Топ басшыларына тапсырма
Ойын шарты: топ басшыларына бір сөз беріледі. Сол сөзден бірнеше жаңа сөз құрастыру керек.
Топ басшылары жазып болғанша, топ мүшелерімен сайысты жалғастырамыз.
Мақал-мәтелді толықтыр
Берілген сұрақтағы бос орынды тиісті сөзбен толтырып, мақал-мәтелді аяқтаңдар.
1-топ мүшелеріне сұрақтар
- Күлме кімге?
- Қайда түкірме?
- Ол не қабымен?
- Ұят неден күшті?
- Тіл не жарады?
- Қандай үй — базар?
2-топ мүшелеріне сұрақтар
- Талаптыға не жауар?
- Тіл неден өткір?
- Білмеген не ішеді?
- Неге бал?
- Ат шабады, не шабады?
- Талап не?
Қорытынды
Енді сөз әділқазылар алқасына беріледі. Бүгінгі сайысымыз осымен аяқталды. Сау болыңыздар!