Балалардың мейірімділік, қайырымдылық құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту

Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы

«Балдырған» балалар бөбек бақшасы

Психолог: Мадиғажықызы М.

«Мейірімділік әлемі» (психологиялық іс-әрекет жоспары)

Мақсаты

Балалардың мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтары туралы түсінігін кеңейту.

Дамытушылық

Психологиялық ой-өрісті және ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізуге дағдыландыру.

Міндеттері

  • Мейірімділіктің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
  • Өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты дамыту.

Көрнекіліктер

Үнтаспа, сюжетті суреттер, табиғат көріністері.

Іс-әрекеттің басталуы

Көңілді әуен қосылып, балалар шеңберге тұрады.

Шеңбердегі өлең-ұран

Біз қандаймыз, қандаймыз,
Шұғылалы таңдаймыз!
Күлімдеген күндейміз,
Жарқыраған айдаймыз!
Күнде өсіп жайнаймыз!
Жақсы бала боламыз!

Сәлем, досым! Мен сені жақсы көрем!

Сәлеметсіз бе, апай! Сәлеметсіздер ме, қонақтар!

Жаттығу: көңіл күйді көтеру

  1. 1 Бір-біріміздің қолымыздан ұстаймыз.
  2. 2 «Ха-ха-ха!» деп қолымызды жоғары көтеріп күлеміз.
  3. 3 «Хи-хи-хи!» деп еңкейіп күлеміз.
  4. 4 «Хо-хо-хо!» деп тік тұрып, тыныс алу арқылы қобалжуды шығарамыз.

Ертегі терапиясы

Балалар көздерін жұмып, әуенді тыңдайды. «Ертегілер еліне қонаққа барамыз. Көздеріңді жұмып, әуенге құлақ түріңдер». Әуен аяқталған соң: «Көздеріңді ашыңдар — ертегі әлеміне келдік».

Ертегі

Дәуіт пен Қарлығаш

(Жай әуен ойнап тұрады. Психолог ертегіні сюжеттік рөлмен баяндайды.)

Ерте, ерте, ертеде үлкен жардың басында бір қарлығаш тіршілік етіпті. Сол жарда үлкен жылан да өмір сүріпті. Жыл сайын жылан қарлығаштың жұмыртқасын жеп қояды екен.

Көктем келіп, қарлығаш тағы да ұя салады. Балапандар жұмыртқадан жарып шығады. Қарлығаш балапандарына жем іздеп кеткенде, әбден дәндеп алған жылан тағы да балапандарды жемекші болады.

Сол кезде қарлығаш оны қанатымен қағып қумақшы болады, бірақ шамасы жетпейді. Көмек сұрап шырылдап ұшады. Жолында көкекке кездесіп:

— Көкек, көкекжан, маған көмектесші! Балапандарымды жыланнан құтқаршы, — дейді.

— Мені бүркіт қонаққа шақырған, уақытым жоқ. Көмектесе алмаймын, — дейді көкек.

Шырылдап жылап келе жатқанда, алдынан қарға кезігеді:

— Қарға, қарға! Балапандарымды құтқаршы, жылан жегелі жатыр, — дейді қарлығаш.

— Мен үйленгелі жатырмын, мазамды алма, — деп қарға ұшып кетеді.

Амалы таусылған қарлығаш дәуітті көреді. Шырылдаған даусын естіген дәуіт:

— Досым, неге зарлайсың? — дейді.

— Жауыз жылан балапандарымды құртпақшы болып, ұяға өрмелеп бара жатыр. Жетіп қалды. Не істерімді білмей жүрмін, — деп қарлығаш көз жасын төгеді.

— Онда мені тезірек жеткіз, — дейді дәуіт.

Қарлығаш дәуітті қанатына отырғызып зулап ұшады. Барса, жылан ұяға келіп қалыпты. Сол кезде дәуіт жыланның екі көзін ағызып жібереді.

Содан бері мейірімді де қайырымды дәуіт қарлығашқа жақын дос болыпты. Екеуі бір ұяда бірге тіршілік етіпті.

Талқылау сұрақтары

  • Ертегі сендерге ұнады ма?
  • Осы ертегіде кім мейірімді болды деп ойлайсыңдар?
  • Қарға дұрыс жасады ма?
  • Көкектің орнында сен не істер едің? (Нұржолға сұрақ.)
  • Айдын, саған ертегі ұнады ма?

Ойын: «Мазақтама»

Күнделікті қарым-қатынаста көңілге тиетін сөздерді қолданбау үшін, балалар допты бір-біріне лақтырып ойнайды. «Мазақтама» ойынында ренжітетін сөздер айтылмайды — оның орнына көкөністердің, гүлдердің, жемістердің атаулары қолданылады.

Мысалдар

— Сен бақ-бақсың!

— Ал сен қауынсың!

Осылайша, сөздер таусылғанша кезектесіп айтысады.

Неліктен пайдалы?

  • Балаларға эмоцияны қауіпсіз түрде шығаруға көмектеседі.
  • Ренжітетін сөздердің орнына бейтарап сөз қолдану әдетін қалыптастырады.
  • Ересек адам да ережені сақтай отырып, баланы ескерту тәсілін жұмсартады.

Психологиялық тапсырма

Дәуіт сендерге тапсырма жіберген екен: «Сендер де жақсылық пен мейірімділік жасағыларың келе ме?» Суреттегі жоғалған бөліктерді тауып, суретті аяқтап беріңдер.

«Суретті аяқта»

Балалар қарындашпен суретті толықтырып сызады.

Қандай ақылды, мейірімді балаларсыңдар! Рахмет.

Пластикалық этюд: «Бәйтерек ағашы»

«Балалар, біз — жаңадан өсіп келе жатқан терек ағашымыз. Жаңбыр жауған сайын өсеміз. Қатты дауыл соқса да құламаймыз, себебі тамырымыз терең, діңіміз берік. Жел басылғанда жапырақтарымыз ақырын ғана тербеледі».

Релаксация

Әуен ойнап тұрады. Балалар көздерін жұмып, «мейірімділік әлемінен» шығып, өз бақшасына қайтады.

Жақсылық пен жамандық, мейірімділік пен қайырымсыздық туралы көп нәрсе білдіңдер. Естеріңде сақтаңдар: әрқашан жақсылық жасаудан қашпаңдар!

Қорытынды хат

Қораптың ішінде дәуіттің хаты бар екен:

«Балалар, сендер де мен сияқты батыл әрі мейірімді болыңдар. Жақсылық жасаудан қорықпаңдар».

Толық нұсқасын жүктеу