Тыныштық сәті

ШҚО, Үржар ауданы, Жанай ауылы • «Жанай орта мектеп-бақша» КММ

Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі: Қайракпаева Бахытхан Муканқызы

Сөз іспен көрікті

5-сынып оқушыларына арналған «Өзін-өзі тану» сабағының жоспары. Сабақтың өзегі — жақсы ой, жылы сөз және ізгі әрекеттің адам қарым-қатынасын көркейтетіні.

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларға жақсы сөз айту мен жақсы ой ойлау — дұрыс әрекет екенін ұғындыру.
  • Мейірімділік, сыпайылық, қайырымдылық — адамды адам ететін қасиеттер екенін түсіндіру.
  • Күнделікті өмірде жақсы сөздерді орынды қолдану дағдыларын дамыту.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: «Әдептіліктің белгісі — иіліп сәлем бергені» демекші, келген қонақтарымызбен және бір-бірімізбен амандасайық.

Үлкенге де — сіз,
Кішіге де — сіз!
Барша жанды құрметтеп,
Бас иеміз біз!

2) Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Мұғалім: «Рахмет. Балалар, жағымды көңіл күйге ендік. Енді сабағымызды 5Т ұстанымын еске сақтай отырып жалғастырайық».

Тәртіп

Жинақылық, жауапкершілік

Талап

Өзіңе талап қоя білу

Тыныштық

Ішкі тепе-теңдік

Тазалық

Сыртқы және ішкі тазалық

Татулық

Келісім мен сыйластық

3) Әңгіме: сөйлеу мәдениеті және тіл тазалығы

Адами қарым-қатынастағы маңызды іс-әрекеттің бірі — сөйлесу. Сөйлеу мәдениеті тілден, тілдің тазалығынан басталады. Әрбір адам ана тілінде сөйлегенде ғана ұлт өркен жаяды.

Ақын Ә. Тәжібаев:

Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылады сыр ойдағы.
Өссе тілім — мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.

4) Дәйексөз

Дәйексөз:

«Жүректен шыққан сөз жүрекке жол табады».

Мұғалім дәйексөзді ұлдарға екі рет, қыздарға екі рет оқытады. Кейін оқушылардан мағынасын қалай түсінгендерін сұрайды.

Жақсы сөз адамдарды достастырады, сабырлы болуға көмектеседі, денсаулықты сақтауға, көңіл көтеруге, ашуды басуға септігін тигізеді. Әр айтылған сөзді адам жүрегімен қабылдайды. Сондықтан қолдан келгенше бір-бірімізге жылы, жақсы сөздер айтқан дұрыс.

Сұрақ:

Сөйлеу мәдениетінің қандай түрлерін білесіңдер?

  • Әдепті сөйлеу
  • Шешен сөйлеу
  • Астарлап сөйлеу

Сөйлеуге қатысты әдептіліктің тағы бір түрі — орынды әрі әділ сөзге тоқтау. Сөз қадірін тану, мойындау — кісіліктің белгісі.

5) Бір ауыз сөз (өлең)

Өлең хормен оқылады.

Ескерту:

Бұл бөлімде сабаққа сәйкес қысқа өлең немесе нақыл сөзді бірігіп айту ұсынылады.

6) Әңгімелесу: «Сиқырлы сөз» (орыс әңгімесі)

Оқушылар әңгімені тыңдап болған соң, төмендегі сұрақтар арқылы талқылайды.

Талқылау сұрақтары

  1. 1. Қарт Павликтің қандай жүзін көрді?
  2. 2. Павлик неліктен «үйден кетемін» деді?
  3. 3. Қарт Павлике қандай сұрақ қойды?
  4. 4. Павлик бұдан кейін қандай бала болады деп ойлайсыңдар?
  5. 5. Жақсы сөз естігенде адамдар қандай күйде болады деп ойлайсыңдар?

Бір-бірімізге жылы сөзді жиі айтсақ, өмір мейірім мен қайырымға толып, қуаныш пен шаттық артады. Сондықтан әрдайым жүрекке жылы тиетін жақсы лебізді аямайық.

7) Шығармашылық жұмыс (топтық)

Жақсы сөздерді пайдаланып, төмендегі жағдайлар бойынша диалог құрастырыңыздар:

Жағдай 1

Сабаққа кешігіп қалған оқушы мен мұғалім арасындағы әңгіме үзіндісі.

Жағдай 2

Емханаға келген науқас пен дәрігер арасындағы диалог.

Жағдай 3

Дүкендегі тұтынушы мен сатушы арасындағы сыпайы қарым-қатынас.

8) Өлең: «Мейірімді болайықшы, ағайын»

Оқушылар өлеңді жатқа айтады (үйден дайындалып келу ұсынылады).

9) Кесте толтыру (топтық)

Оқушылар аялы сөздер, сыпайы сөздер, құрметті сөздер, жағымды сөздер бойынша мысалдар жазып, әр санатты өз аты жазылған конвертке салады.

Тапсырма нәтижесі

Әр топ сөздерді талдап, олардың әсерін, қолданылатын орнын және мағынасын қысқаша түсіндіреді.

Құндылық

Сөздің қуатын сезіну, қарым-қатынаста ізгі ниет пен әдептілікті ұстану.

10) Үй тапсырмасы

  • «Сыпайы қоян» атты Мексика ертегісін оқып келу.
  • «Мен нені білемін, нені білгім келеді, нені білдім» кестесін толтыру.

11) Сабақтың соңғы тыныштық сәті

Баяу музыка қосылады. Мұғалім жай дауыспен бағыт береді:

«Әрқайсымыз оң қолымызбен жүрегімізді ұстап көрейік. Жүрегіміздің жылуын сезініп, сол жылуды айналамызға жеткізу үшін іштей адамдарға жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар. Рахмет. Көздеріңізді ашуға болады».

Оқушылардан бүгінгі сабақтан алған әсерін, тілегін, ұсынысын стикерге жазып, «Даналық ағашына» ілу сұралады. Сабақ ұнаса, оң қолдарын көтереді.

Сабақ аяқталды. Рахмет!