Қазақ ауылына саяхат

Сабақтың тақырыбы

Ән және күй. «Киіз үй» әні (музыкасы: Ж. Тұрсынбаев) — үйрену.

Сабақтың мақсаты

Жаңа материалды меңгеруге қажетті білім мен дағды деңгейін анықтау. Сабақ барысында музыканың сипатын ажырату, мазмұнының өмірмен байланысын түсіндіру және ән әуенінің бағытын аңғарту қарастырылады.

Сабақтың міндеттері

  • Түрлі музыкалық тапсырмалар арқылы баланың шығармашылық белсенділігін ояту.
  • Есте сақтау қабілеті мен ырғақтық сезімін дамыту.
  • Ән айту мәдениетін қалыптастыру (дауыс қою, дұрыс тыныс, жұмсақ тембр).

Кіріспе әңгіме: халық музыкасының мәні

Сабақты халықтық музыка мәдениеті, оның салалары және орындаушылары туралы қысқаша мәліметтен бастауға болады. Халық шығармашылығы тек өткен дәуірді ғана емес, бүгінгі кезеңді де қамтиды: белгілі бір жағдайлар мен оқиғаларға орай халық өз көңіл күйін, арман-тілегін қосып, ән шығарған.

Қазақ халқының музыкалық мұрасы аса бай. Халық музыкасы — сан ғасырлық өмірмен сабақтасқан тарихтың, замана тынысының көрінісі. Оны тудырушылар — өз елінің мұңын да, қуанышын да жеткізген жанашыр жаршылар.

Халық әні

Авторы ұмытылған, ауыздан-ауызға жатталып тараған және бүгінге жеткен әндер.

Халық күйі

Ұлттық музыкалық аспаптарға арналып шығарылған, ауызша дәстүрмен таралып, бізге жеткен музыка.

Музыка мен өнер — өзара тығыз байланысты. Музыка — өмірдің ажырамас бөлігі әрі өнер арқылы көрініс табатын рухани құндылық. Халық әндері мен күйлері адамдар мен достықты, табиғатты, жан-жануарлар мен құстарды және тұрмыс-тіршіліктің сан қырын жырлайды.

Таңғажайып сәт: «Қазақ ауылына саяхат»

Балаларға өздерін автобусқа мініп, ауылға келе жатқандай елестетуді ұсынуға болады. Жүргізуші — Айдос. Мұғалім сұрақ-жауап арқылы «Біздің ауыл» тақырыбын талқылайды.

Ойқозғау сұрақтары

  1. 1 Ауылда кімге келе жатырмыз?
  2. 2 Ауылда не өседі?
  3. 3 Ауылдың табиғаты қандай?
  4. 4 Сен ауылды ұнатасың ба?
  5. 5 Сен жайлауға бардың ба?
  6. 6 Таңертең ұйқыдан тұрған кезде табиғаттың қандай көрінісін байқайсың?

Бұл сұрақтар шығарманың мазмұнын ашуға көмектесіп, баланың сөз қорын байытады.

Киіз үй: қазақ үшін қасиетті мұра

Қазақ халқының ең қасиетті дүниелерінің бірі — киіз үй. Ол ата-бабадан қалған мұра. Ерекшелігі — бұрышы жоқ, дөңгелек пішінді. Алыстан ақ шаңқан болып көрінеді.

Жұмбақтар

Қазша қанат жаяды,
Үйрекше мойын созады,
Құсша қонады.
Жауабы: Киіз үй
Ұқсайтын шеңберге,
Қабырғасы жиылып, керіледі.
Жиһазы мол кең бөлме,
Төбесінен жұлдыздар көрінеді.
Жауабы: Киіз үй
Бір нәрсе өзі биік, іші қуыс,
Ол заттың сүйегі көп айқыш-ұйқыш.
Көзі бар жабырқаған төбесінде,
Жайса үлкен, жиналғанда бір-ақ уыс.
Жауабы: Киіз үй

Ән үйрену: «Киіз үй» (Ж. Тұрсынбаев)

Әнді тыңдағанда ашық әрі көңілді үн естіледі. Қайырмада кездесетін «ха-лә-лә, лә-лә, ха-ла-ла-ку-ли-ла-ла» әуені балалардың үндестігіне жақын, ыңғайлы дыбыс биіктігімен орындатылады.

Бұл тәсіл ән үйрету барысында баланың естуін, есте сақтауын және музыкалық сезімін дамытады. Әннің әрбір сөз тіркесі көркем бейне тудырып, шығарманы тез қабылдауға ықпал етеді. Ән әсем, сазды, мазмұнды, тембрі жұмсақ; көркем-бейнелі шығармалар қатарына жатады. Әуен желісінде қазақ ауылының көрінісі әсерлі суреттеледі.

Ән айту мәдениеті

  • Дауысқа күш түсірмей, айқайламай айту.
  • Әнді жұмсақ, сазды дауыспен орындау.
  • Алғашқы сабақтан бастап дұрыс қалыпты дағдыға айналдыру.

Музыка тыңдау: «Алқоңыр»

Қазақтың халық әні «Алқоңыр» (үнтаспа арқылы) тыңдатылады.

Шығармашылық жұмыс

Түрлі түсті сурет немесе киіз үй макетін көрсете отырып, киіз үйдің қазақ халқының өмір-тіршілігіндегі орны туралы шағын әңгіме ұйымдастырылады.

Талқылау сұрақтары

  • «Сүйегі», «төбесіндегі көзі» дегеніміз не?
  • Киіз үй неден құралады?
  • Жазғы демалыста ауылға, жайлауға бардың ба?
  • Наурызда тігілген алты қанат ақ боз үйдің ішіне кірдің бе?
  • Өзің көрген жасаулар мен ішкі жиһаздарды атап бер.

Негізгі ұғымдар

Киіз үйдің бөліктері: шаңырақ, уық, кереге, түндік, басқұр, ағаш есік.

Негізі ағаштан жасалады, ал жабуы — қойдың жүнінен басылған киіз. Сондықтан ол киіз үй деп аталған.

Бұл бұйымдар — тек тұрмыстық зат емес, ата-бабадан қалған асыл мұра екенін дәріптеу маңызды.

Қорытынды және ынталандыру

Жауап берген балаға қағаздан жасалған гүл беріледі. Сұрақтар аяқталған соң қыздар мен ұлдардың гүлдерін санап, жеңген топ анықталады.

Қосымша ретінде «Айгөлек» ән байқауын өткізіп, үйренген әндерді қайталауға болады. Ән айтқан балаға да гүл беріліп, шапалақ арқылы қолдау көрсетіледі. Бұл тәсіл балалардың ынтасын арттырып, шығармашылығын, ұяңдығын жеңуін және белсенділігін дамытуға көмектеседі.