Аяулы анам мейірімді
Жүрек жылуы
Бұл сабақтың мақсаты — қайырымдылық, мейірімділік, қамқорлық және әдептілік құндылықтары туралы түсінікті кеңейту, оларды күнделікті өмірде қолдануға баулу.
Көрнекі құралдар
- Ұлағатты сөздер
- Түрлі-түсті қағаздар
- Суретті плакат
Негізгі ой
Қайырымдылық — мейірімділіктің іс жүзіндегі көрінісі: көмекке мұқтаж адамға нақты әрекетпен қолдау көрсету.
Кіріспе: мейірімділік туралы ой
Қайырымдылық — қиын жағдайда қалған, қолдауға зәру адамдарға көмектесу, жақсылықты нақты іспен көрсету. Қазақстанда қайырымдылықтың игі бастамаларын жүйелі түрде қолдап келе жатқан ұйымдардың бірі — «Бөбек» қоры. Қордың президенті Сара Алпысқызы Назарбаева көмекке мұқтаж балаларға қамқорлық танытып, жылулық пен қолдауды насихаттауға үлес қосып келеді.
Мейірімділік — адам бойындағы ең асыл сезімдердің бірі. Ата-ана мейірімі, отбасы мүшелерінің бір-біріне жанашырлығы — адамгершіліктің биік көрінісі, жүрекке шуақ құятын әдептік әсем құбылыс.
Шаттық шеңбері
Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де.
Қуанайық, достарым,
Арайлап атқан күнге!
Ойын: «Сөйлемді жалғастыр»
Оқушылар екі топқа бөлінеді: «Тапқырлар» және «Алғырлар». Әр қатысушы төмендегі сөйлемдерді өз ойымен толықтырады.
Сұрақтар
- Ең үлкен қорқыныш — бұл…
- Мен мынадай адамдарға сенбеймін…
- Мен ренжимін, егер…
- Мен ұмытпаймын, егер…
- Маған көңілсіз, егер…
- Егер маған дауыс көтерсе, мен…
- Мен қарсыласқанда…
- Егер мен өзіме сенімсіз болсам…
Мақсаты
Ойын өз сезімін тануға, эмоцияны дұрыс жеткізуге және өзгенің сөзін тыңдап, сыйлауға үйретеді. Әр жауап — ойлануға, түсінуге, қолдауға жақындататын қадам.
Мәтін талдауы: «Қайырымды бала»
Мәтін
Айдос мектептен үйіне келіп, әкесіне сабағын тыңдатты. Баласының сабаққа дайын болғанына әкесі риза болып, балмұздақ алып келуге ақша берді. Айдос дүкенге асығып бара жатып, жолда автобусқа төлейтін ақшасын жоғалтып алып жылап тұрған баланы көрді. Екі беті албырап, қол-аяғы тоңғанын байқайды. Айдос қолындағы ақшасын әлгі балаға беріп, тезірек үйіне қайтуын өтінді. Бала қуанып автобусқа мініп кетті. Айдос бұрылып, үйіне қайтты.
Пікірталас сұрақтары
- Айдостың қайырымдылығы неден көрінді?
- Егер сен Айдостың орнында болсаң, қандай шешім қабылдар едің?
- Жақсылық жасағанда не маңызды: нәтиже ме, ниет пе?
Негізгі түйін
Қайырымдылық — өзіңе берілген мүмкіндікті өзгеге бөлісу. Айдос бір сәттік қуаныштан бас тартып, өзгенің қауіпсіздігі мен тыныштығын таңдады.
Сергіту сәті
Тербеледі ағаштар,
Алдынан самал еседі.
Кіп-кішкентай ағаштар,
Үп-үлкен болып өседі.
Күннің шуағын құрастыру
Әр оқушы өзінің адал досының атын атап, оның мінезін бір-екі сөзбен сипаттайды. Мысалы: «Айдана — ақкөңіл».
Сөзжұмбақ
Топтар кезекпен сұрақтарға жауап береді. Әр жауап — отбасы, білім, бірлік және ізгілік туралы ұғымдарды бекітеді.
«Тапқырлар» тобы
- Анаңның анасы саған кім? (әже)
- Оң аяқ, сол аяқ, кезек оны тебеді. (доп)
- Бала тәрбиесі қайдан басталады? (бесіктен)
- Жеті күн. (апта)
- Мектептегі екінші анаң. (ұстаз)
- Бірлік болмай, (тірлік) болмас.
- Тілі жоқ өзінде, сөзі бар өзінде. (қалам)
- Сүттен жасалатын тағам. (ірімшік)
- Қабат-қабат қаптама, ақылың болса аттама. (кітап)
«Алғырлар» тобы
- Үйреткен ілімді — қырық екі білімді. (әліппе)
- Жұмыс бізді үш жамандықтан құтқарады: аурудан, жоқшылықтан, (зерігуден).
- Жақсыдан үйрен — жаманнан (жирен).
- Білім ордасы. (мектеп)
- Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін. (білім)
- Бала тілі — (бал).
- Үлкенге құрмет — кішіге (ізет).
- Күн күледі, түн түлейді. (көктем)
Жүректен — жүрекке
Әр сөйлем — мейірімділіктің өмірдегі қарапайым да қастерлі көріністерін байқап, бағалауға шақырады.
Күлімдеген күн — мейірімді!
Кіршіксіз ақ қар — мейірімді!
Таза, мөлдір су — мейірімді!
Бәрімізді көтеріп тұрған жер — мейірімді!
Аяулы анам — мейірімді!
Қадірлі әкем — мейірімді!
Әлпештеген әжем — мейірімді!
Еркелеткен атам — мейірімді!
Жылы жүзді ұстазым — мейірімді! Тату-тәтті достарым — мейірімді!