Қазақстанның географиялық орны

Павлодар қаласы

Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты

География пәні мұғалімі: Жунусбаева Марал Тұрмысовна

І бөлім. Қазақстанның физикалық-географиялық сипаттамасы: оқу модулі

Тақырыптар

  • Қазақстанның географиялық орны мен шекаралары
  • Қазақстан аумағындағы уақыт айырмасы
  • Сағаттық белдеулер және оларды есептеу

Білімділік мақсат

Қазақстанның географиялық орны, аумағы және шекарасы туралы түсінік қалыптастыру; республика аумағында уақыт айырмасының болуы ел көлемімен байланысты екенін дәлелдеу; сағаттық белдеулерді есептеу жүйесін үйрету.

Дамытушылық мақсат

Ақпаратпен және қосымша материалдармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру арқылы ойлау белсенділігін дамыту.

Тәрбиелік мақсат

Оқушылардың туған жерге, табиғатқа және халқына деген сүйіспеншілік сезімін ояту.

Оқыту құрал-жабдықтары

  • Қазақстанның физикалық картасы
  • Дүниежүзінің физикалық картасы
  • Глобус
  • Интербелсенді тақта

Модуль құрылымы (3 сабақ)

Сабақтар мазмұны, түрлері және уақыт бөлінісі

1-сабақ — Кіріспе бөлім

Жалпы: 45 минут

  • Ұйымдастыру кезеңі: тақырыпқа шығу, мақсат қою, оқу модулімен таныстыру; мұғалімнің сызба-нұсқа арқылы түсіндіруі 10 мин
  • «Сұрақтар мен жауаптар» ойыны арқылы жұптық жұмыс 25 мин
  • Рефлексия 10 мин

2-сабақ — Сарамандық жұмыстар

Жалпы: 45 минут

  • Сарамандық жұмысты орындау (жеке және топтық жұмыс) 20 мин
  • №1 «Қазақстанның географиялық орны» және №2 «Жергілікті және белдеулік уақытты анықтау» 15 мин
  • Рефлексия 10 мин

3-сабақ — Қорытынды бөлім

Жалпы: 40 минут

  • Қазақстанды физикалық-географиялық тұрғыдан сипаттауға арналған бақылау жұмысы 30 мин
  • Үй тапсырмасы және рефлексия 10 мин

Сабақтардың толық жоспары

1-сабақ: Қазақстанның географиялық орны мен шекаралары. Қазақстан аумағындағы уақыт айырмасы. Сағаттық белдеулер

Құрал-жабдықтар: кестелер, нөмірленген жетондар, стол үстіндегі көрсеткіштер, жалпы бағалау парағы

Негізгі формат

Жұптық жұмыс + бекіту

І. Ұйымдастыру кезеңі

Сабаққа назар аударту, тәртіп пен жұмыс ырғағын қалыптастыру.

ІІ. Ой қозғау (сұрақтар)

  • Дүниежүзінің саяси картасы бойынша мемлекеттердің жер көлемін салыстырып, Қазақстанның аумағы туралы қандай қорытынды жасайсыңдар?
  • Қазақстанның географиялық орнын нақты анықтай аламыз ба?

ІІІ. Тақырыпты ашу және мақсат қою

Оқушылардың жауаптарына сүйене отырып, мұғалім тақырыпты нақтылайды және сабақ мақсатын бірлесіп айқындайды:

  • Қазақстанның географиялық орнын анықтауға қажетті белгілерді атау
  • Шекара, көрші елдер және координаталармен жұмыс істеу
  • Уақыт белдеулерінің логикасын түсіну және есептеу

IV. Негізгі мәліметтерді сызба арқылы түсіндіру

Мұғалім сызба-нұсқа негізінде негізгі ұғымдарды жүйелейді: географиялық орны, шекаралары, уақыт айырмасы және сағаттық белдеулер.

V. «Сұрақтар мен жауаптар» ойыны (жұптық жұмыс)

Уақыты: 20 минут

Мұғалім әр жұпқа тақырып бойынша сұрақтары бар кестелерді таратады. 20 минут ішінде оқушылар оқулық пен атласты пайдаланып жауаптарды табады. Кейін жұптар бір-біріне сұрақ қойып, білімдерін бекітеді, өзара бағалайды және қорытындыны тақтада ұсынады.

Жұптарға берілетін тапсырмалар

  1. Республикамыздың шеткі төрт нүктесін анықтаңдар.
  2. Қазақстанның географиялық орнының саяси және шаруашылық маңызына сипаттама беріңдер.
  3. Белдеулік, декреттік, жергілікті және жазғы уақыт ұғымдарына анықтама беріп, Қазақстанның сағаттық белдеуін анықтаңдар.
  4. Сағаттық белдеулер неше белдеуден тұрады және әр белдеу неше градустан тұрады?

VI. Рефлексия

Қазақстан аумағының үлкен екенін қандай дәлелдермен негіздей аласыңдар?

2-сабақ: Сарамандық жұмыстар

Формат: жеке және топтық жұмыс

Нәтиже

Картамен жұмыс + уақыт есебі

Сарамандық жұмыс №1

Тақырыбы: Қазақстанның географиялық орны

Мақсаты: Қазақстанның географиялық орнының табиғат жағдайларына, саяси және шаруашылық маңызына баға беру.

  1. Географиялық атлас пен оқулық мәтінін пайдаланып кескін картаға:
    • Қазақстанның шекарасын белгілеңдер.
    • Қазақстанға көршілес елдердің атауларын жазыңдар.
    • Қазақстанның астанасын, облыс орталықтарын және өздерің тұратын елді мекенді белгілеңдер.
  2. Шеткі нүктелердің географиялық координаталарын тауып, картаға түсіріңдер.
  3. Физикалық-географиялық жағдайына сипаттама беріңдер.

Сарамандық жұмыс №2

Тақырыбы: Жергілікті және белдеулік уақытты анықтау

Мақсаты: Жергілікті және белдеулік уақытты анықтауға арналған есептерді шығару арқылы іскерліктерді қалыптастыру.

  1. 77° ш.б. бойлығында орналасқан Алматы қаласында сағат 16:00 болғанда, 74° б.б. бойлығында орналасқан Нью-Йоркте сағат неше болады?
  2. Өздерің тұратын жердің бойлығын анықтап, жергілікті уақытты есептеп шығарыңдар.

Рефлексия (талқылау сұрақтары)

  • Қазақстанның географиялық орнына саяси және физикалық тұрғыдан қандай факторлар әсер етеді?
  • Әр белдеудегі уақыт көршілес белдеудегі уақыттан қандай айырмашылық жасайды?

3-сабақ: Бақылау жұмысы

Мақсаты: алған білімдерін қолдану барысында оқушылардың білім, білік және дағдыларын тексеру.

Түрі

Жазбаша жұмыс

№1 нұсқа

  1. Қазақстан Республикасының дүниежүзіндегі орнын, жер көлемін және шекараларын анықтаңдар.
  2. Қазақстан аумағы Солтүстік жарты шардың қай аймағында орналасқанын дәлелдеңдер.
  3. Қазақстан орналасқан сағаттық белдеулерді атаңдар.
  4. Астана қай сағаттық белдеуде орналасқан?
  5. Жергілікті уақыт ұғымын қалай түсінесіңдер?

№2 нұсқа

  1. Қазақстанмен шекаралас елдерге қысқаша сипаттама беріңдер.
  2. Қазақстан аумағындағы уақыт айырмашылықтары қандай себептерге байланысты деп ойлайсыңдар?
  3. Қазақстан географиясының табиғи және экономикалық проблемаларды шешудегі рөлі қандай?
  4. Мәскеуде және Атырауда жаңа жылды неге Алматыдан кейін қарсы алады?
  5. Декреттік және жазғы уақыт не үшін енгізілген?

ІІІ. Рефлексия

Уақыт айырмашылықтары қажет пе? Неліктен?