Өміріңді аяла

Ақтөбе қаласы, №15 орта мектебі

Әлеуметтік педагог: Әуезова Эльмира Мергенқызы

Өміріңді аяла!

Мақсаты

  • Оқушылардың өмірге деген құштарлығы мен қызығушылығын ояту.
  • Өмірден өз орнын таба білуге, айналасына қуаныш сыйлауға үйрету.
  • Жасөспірімдер арасында жиі кездесетін суицидтің алдын алу мәселелерін қарастыру.

Өткізілу форматы

  • Түрі: ойталқы
  • Көрнекілігі: презентация, бейнебаян, интерактивті тақта
  • Қатысушылар: 7–8-сынып оқушылары
Эпиграф

«Өмір ойын сияқты: біреу күресу үшін келеді, біреу саудаласу үшін, ал ең бақыттылары — қарап тұру үшін».

Пифагор

Сабақ барысы

I
Ұйымдастыру бөлімі

Кездесудің мақсаты мен ережесін айқындау, назарды бір арнаға шоғырландыру.

II
Негізгі бөлім

Нақыл сөздер мен өлең арқылы өмірдің мәні туралы ой қозғау.

III
Ойталқы

Сұрақтар арқылы пікір алмасу, тыңдау мәдениетін қалыптастыру.

IV
Мағынаны тану

Өмір құндылығы, уақытты дұрыс пайдалану және алдын алу тақырыптарын талдау.

Нақыл сөздер

«Өмір деген — бұйым емес қолдағы, өмір дейтін — ұлы бекет жолдағы».

М. Мақатаев

«Өмір — теңіз. “Өтіп кетем” демеңіз, ізгіліктен жаралмаса кемеңіз».

Рудаки

«Өмірдің қызығын көрудің бір-ақ жолы бар: батыл болып, жеңілістер мен ауыртпалықтардан қорықпау».

Дж. Неру

Кіріспе сөз

Құрметті қонақтар, оқушылар және ұстаздар! Бүгінгі кездесуімізді Ш. Сәриевтің өлеңімен бастағымыз келеді. Өлеңді тыңдай отырып, ақынның қандай ойды жеткізгенін назарларыңызға алып көріңіздер.

Ш. Сәриев — «Өмір деген тұрмайды қап-қарадан»

Өмір деген тұрады: таң мен кештен,
Ғұмырлы екі араны жанмен кешкен.

Құпия, жұмбақ, сырлы дүниеге,
Адамдар армен келіп, армен көшкен.

Өмір деген екі өзен: мұң — қуаныш,
Толқыны: шындық — жалған, күлкі — намыс.

Бір таяздап өмірде, бір тереңдеп,
Бір лайланып, өмірде бір тұнамыз.

Күн десең де тірлікті, түн десең де,
Өмірде өсімдіктей бүрлесеңдер,

Жолында жолығатын қос тағдыр бар:
Жусан — жантақ, гүл — тікен, гүл мен шеңгел.

Өмір дәмі — екі дәм: ащы — тәтті,
Таңдайыңа тиеді: жұмсақ — қатты.

Жолында жолығатын екі тағдыр,
Күтеді адам үшін сын сағатты.

Өмір дәмі — екі дәм: улы — усыз,
Тірлік татып жатады: шулы — шусыз.

Кез келіп тағдырына келеді адам,
Жұмыр жер құрлығында: сулы — сусыз.

Қолға түспес дүние жұрт таласқан,
Кітап — өмір, парағын құнттап ашқан.

Сезінер жүрегімен, жаныменен:
Өмір — бірде ашық күн, бірде бұлт басқан.

Өмір деген тұрмайды: қап-қарадан.
Өмір деген тұрады: ақ-қарадан.

Ақ-қараның арасын ашып өтіп,
Арымен өз бақытын тапқан адам!

Ойталқы сұрақтары

Талқылауға арналған бағыт

Сұрақтар қатысушылардың өмір туралы түсінігін кеңейтуге, өз ойын ашық айтуға және өзара сыйластықпен тыңдауға жетелейді.

Сұрақтар

  • Ақын «ақ» және «қара» ұғымдары арқылы нені меңзеп отыр?
  • Адам өмірі қай кезде «аққа» толы болады?
  • Өз бақытын табу үшін адам не істеуі керек?
  • Адам баласы не үшін өмір сүреді?
  • Өмір несімен қымбат?

Мағынаны тану: өмірдің құндылығы және уақыт

«Ағарып атқан әрбір таң қиындықтан шығу жолын көрсетеді», — деген ой Омар Хайямның даналық сөздерінде айтылады. Өмірді дұрыс пайдалана білген адамға өмір қысқа көрінбейді; ал уақыттың қадірін сезінбеген жанға уақыт үнемі жетпей қалғандай болады.

Тығырыққа тірелдім деп түңілген адам — өзіне берілген уақытты өзі қысқартып жүрген адам. Мұндай сәтте бір ғана шешімге жабысып қалмай, көмек сұрау, сөйлесу, қолдау табу маңызды.

Ежелгі ойдан бүгінгі сабақ

Адамзат тарихындағы алғашқы философиялық трактаттардың бірі — ежелгі Египет папирусына жазылған «Өмірден түңілген адамның өзінің рухымен әңгімесі» атты шығарма. Онда адам өз рухымен сөйлесіп, өмірдің ауырлығын айтып, бұл дүниеден ерте кетуді ойлайды. Ал рухы: «Төменде қалай болса, жоғарыда да солай», — деп жауап береді.

Яғни «жоғарыда» жақсылық болуы үшін «төменде» — осы өмірде — сана, орта, әрекет, тірек мықты болуы керек. Бұл ойдың айтылғанына шамамен үш мың жыл болғанымен, мәні әлі де өзекті.

Өмірдегі басты құндылық — адамның өмірі. Күн сайын сан мыңдаған адам өмірге келсе, сан мыңдаған адам өмірден өтеді. Табиғи ажалды айтпағанда, өз өміріне өзі балта шабатын жағдайлардың кездесуі — қоғам үшін де, әр отбасы үшін де аса ауыр мәселе.

Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері бейжай қарауды көтермейді. Мұндай келеңсіздіктің себептері әртүрлі болуы мүмкін: ішкі қысым, жалғыздық сезімі, түсінілмеу, қорқыныш, үміттің азаюы. Алайда кез келген жағдайда бұл — назар мен қолдауды қажет ететін дабыл.