Әлпештеген баласын, Айналайын анашым

Ана — өмір шуағы

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Мұнайшы ауылы. «Балауса» балабақшасы. Тәрбиеші: Капуова Гүлшат.

Тақырып

8 наурыз — Аналар мерекесі

Негізгі ой

Ананы құрметтеу, мейірім мен ризашылық

Сәлемдесу және құттықтау

Жүргізуші

Армысыздар, аяулы аналар!

Ана десем, сезім билер тым ыстық,
Жарасады адамдарға туыстық.
Бар адамға берсе ананың мейірімін,
Орнар еді бар әлемде тыныштық.

Аналар, барша қонақтар, 8 наурыз мерекесі құтты болсын!

Азиза

Армысыздар, мейірімді әжелер!

Нұрас

Армысыздар, қызғалдақтай құлпырған қыздар!

Жүргізуші

Қазақ қызы — әдепті де әдемі,
Ақылына көркі сай — сұлулықтың әлемі.

Құрметті қыздар, мерекелеріңіз құтты болсын!

Жүргізуші

Бүгін біз көктемнің алғашқы мерекесі — 8 наурыз Аналар мерекесін тойлауға жиналдық. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Жұмбақ және мерекенің басталуы

Жүргізуші

Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.

Қолын қатты тигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.
Бұл кім?

Балалар:

Ана, ана, ана!

Құрметті аналар, қадамдарыңызға гүл бітсін! Сіздерге арналған мерекемізді бастаймыз.

Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын шашайық.

Ән

«Апатайым — анашым»

Бүгін — 8 наурыз. Сұлулықтың, мейірімнің, ізгі тілектің мерекесі. Ендігі кезекті балалардың аналарға арналған тақпақтарына берейік.

Балалардың тақпақтары

Нұрасыл

Ақ анашым, аппағым,
Өзің жайлы тақпағым.
Өзің жайлы әнімді де,
Арнадым саған бәрін де.

Азиза

Мені жақсы көреді,
Күндей күліп жүреді.
Көп ертегі біледі,
Маған айтып береді.

Ақмаржан

Әлпештеген, аялаған,
Ақ сүт берген апатайым.
Сәлем жазып бүгін саған,
Мейрамыңмен құттықтаймын.

Нұрсәуле

Менің әжем мейірбан,
Мені жақсы көреді.
Қажетіне жарасам,
Жас балаша күледі.

Жанар

Ақ қабақты анашым,
Күн сәулелі анашым.
Әлпештеген баласын,
Айналайын анашым.

Азамат

Әже деген көп шығар,
Әжемдей жоқ шығар.
Мейірімді бұл кісі,
Қандай ғажап күлкісі.

Салтанат

О, алақай, балалар,
Шақырады далалар.
Көктем келді гүл алып,
Құстар келді жыр алып.

Әсел

Біз доспыз гүлдермен,
Текке оны жұлмаймыз.
Той күні бір-бірден,
Аналарға сыйлаймыз.

Серік

Шашымды өріп тараған,
Қабағыма қараған.
Үлкен-кіші демейді,
Сыйлайды оны бар адам.

Ақниет

Мәпелейсің мені, анам,
Қолыңдағы құсыңдай.
Құлпыра өсіп дем алам,
Құшағыңда қысылмай.

Өркен

Бізді өсірген апатай,
Еңбегің де зор екен.
Құтты болсын, апатай,
Құтты болсын мерекең!

Айкөркем

Аялаған, саялаған,
Бар бақытым, берекем.
Апатайым, құттықтаймын,
Бүгін сенің мерекең.

Нұрдәулет

Әлпештеген, аялаған,
Ақ сүт берген апатайым.
Тақпақ айтып бүгін саған,
Мейрамыңмен құттықтаймын.

Әдемі-ай

Біз доспыз гүлдермен,
Тек оны жұлмаймыз.
Той күні бір-бірден,
Анаға сыйлаймыз.

Эмилия

С праздником весны тебя поздравляю!
Счастья, здоровья, веселья желаю!
Пусть эта весна принесёт для тебя
Много улыбок, тепла и добра!

Ажар

Ана — өмір шырағы,
Ана — өмір бұлағы.
Бесігімнің жыр-әні,
Жүрегімде тұрады.

Рауан

Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.

Көрініс, ойын және би

Көрініс

«Әжелер»

Жүргізуші

Бар табиғат нәр алып, шыға келер жаңарып.
Қызғалдақ боп құлпырып,
Көктем — біздің балалық.

Ойын

«Гүл сыйлау»

Би

«Бақытты балалық шақ»

Жүргізуші

Шалқып тасып әніміз, жадырасын жанымыз.
Ана сізді құттықтап, би билейміз бәріміз.

Қыздарға арналған сыйлық

Мерекені қарсы алып, мәз болғанда барша жұрт, гүл ұсынып қыздарға сыйлық табыс етеміз.

Балалар

Кетті қысқы ызғар,
Еріп жатыр мұздар.
Мерекеңіз бүгін,
Қызғалдақтай қыздар!

Ән және жүректен шыққан тілек

Ән

«Мама»

Жүргізуші

Аналар, ақ тілекті сөз көп деймін,
Жылытар жүрегіңді көз көп деймін.
Аналар, ақ жаулықты — бұл сіздерге,
Қол соғып қарсы алайық «Мама» әнін.

Жүргізуші

Бөбегіңнің сыйлығын қабыл алшы, анашым.
Ұзақ өмір, жүз жасап, ауырмашы, анашым!

Бәріміздің анамыз бар, әжеміз бар, әпкеміз бар, қарындасымыз бар. Жылына бір рет келетін осы мерекеде аналарымызға жасаған әр сыйлығымыз — ризашылықтың белгісі. Өйткені бізге өмір сыйлап, әлемнің жарығын танытқан — ана.

Балалар

Үн қатасың бал тілмен,
Еркелеймін күнде мен.
Құттықтаймын, анашым,
Сегізінші наурызбен!

Қорытынды

Жүргізуші

О, анашым, неткен жансың — мейірімнен жаралған.
Мәңгілікке арамызда шалқып-тасып жүр аман.
Егер де сен ауырмай, күліп-ойнап қуансаң,
Бұл тәңірден одан басқа ешбір тілек сұраман.

Өмірдегі ең асыл жан — Ана. Сол үшін аналарымызды сыйлайық, ардақтайық, ешқашан ренжітпейік.

Аналар, қалқып бақыт аралында, лайым мұң қонбасын жанарыңа. Осымен «Ана — өмір шуағы» атты мерекелік ертеңгілігіміз аяқталды. Гүл бітсін бәріңіздің қадамыңызға!