Мектебімізде жалпы 400 - ден аса оқушы бар, соның оқушының сабақ үлгерімі жақсы
Ұжымдағы қарым-қатынас: педагогикалық ұжымға арналған тренинг
Бұл тренинг ұжым ішіндегі өзара байланыс пен сенімді нығайтып, ортақ мәселелерді талқылауға және педагогикалық әдепті сақтай отырып тиімді әрекет етуге бағытталған.
Формат
Топтық жұмыс · ойын · жағдаят · рефлексия
I. Сәлемдесу
Мұғалімдер бірнеше топқа бөлінеді. Әр топқа ұлт атауына сәйкес атаулар беріледі: қазақ, өзбек, қытай, француз. Әр топ өзіне берілген елдің сәлемдесу рәсімін қысқаша көрсетеді.
Нәтиже
Қатысушылар бір-бірімен еркін танысып, ортақ көңіл күй қалыптастырады және қарым-қатынасқа «жұмсақ кіріспе» жасайды.
II. Постермен жұмыс
Әр топқа талқылауға арналған сұрақ беріледі. Топ мүшелері постерге негізгі себептерді, салдарды және ықтимал шешімдерді түсіріп, кейін ортақ талқылауға ұсынады.
1-топ
Неліктен кейбір сынып жетекшілер оқушыларына жанашырлық танытудың орнына немқұрайлы қарайды?
2-топ
Неліктен ата-аналардың мұғалімдерге деген жағымсыз көзқарасы күшейіп барады? Бұл мәселені қалай шешуге болады?
3-топ
Мектебімізде 400-ден аса оқушы бар. Олардың белгілі бір бөлігі жақсы оқиды. Неліктен «3»-тік баға алатын оқушылар саны көп? Білім сапасын «өте жақсы» деңгейге көтеруге не кедергі?
4-топ
Неліктен мұғалімдердің шамамен 50–55%-ында өз жұмысына деген жауапкершілік деңгейі төмен болуы мүмкін?
Талқылау ережесі
- Сын емес, шешім ұсыныңыз.
- Жеке тұлғаны емес, әрекетті талдаңыз.
- Нақты мысалдар мен іске асатын қадамдарды белгілеңіз.
III. «Айдахар» ойыны
Қатысушылар екі топқа бөлінеді де, екі қатарға параллель тұрып, бір-біріне қарама-қарсы орналасады. Әр топ өзара ақылдасып, үш нұсқаның бірін таңдайды: Айдахар, Ханшайым, Ханзада. Белгі берілгенде екі топ таңдағанын бір мезетте көрсетеді.
Жеңіс ережесі
- Айдахар → Ханшайымды жеңеді
- Ханшайым → Ханзаданы жеңеді
- Ханзада → Айдахарды жеңеді
IV. Жағдаяттар жинағы
Бұл бөлімде топ құрамы ауыстырылады. Әр топқа бір жағдаят беріліп, қатысушылар қысқа уақыт ішінде педагогикалық тұрғыдан дұрыс жауап пен әрекет алгоритмін ұсынады.
Жағдаят 1
Ерлан үй тапсырмасын орындамай келген. Сіз оны Серікпен (үлгерімі жақсы оқушы) салыстырып, «Серік сияқты болсаңдар ғой» деп сөккен кезде, Ерлан ашуланып: «Неліктен бізді басқа оқушылармен салыстырып, төмендете бересіз?» — деді. Сіздің жауабыңыз қандай болады?
Жағдаят 2
Сабақ барысында оқушыларыңыз тыңдамай, шулап кетті. Ашуыңыз шығып, қатты дауыс көтеріп, балағат сөздер айтып ұрысып жатқанда, сыныпқа ата-ана кіріп қалды. Ата-ана: «Қанша ашуыңыз шықса да, педагогикалық әдептен аспаңыз» — деп ескертті. Сіздің іс-әрекетіңіз қандай?
Жағдаят 3
Сыныбыңызда тәртібі қиын, мектепішілік есепте тұрған оқушы бар. Әкімшілік сізден сұрамағандықтан, сіз бұл оқушымен жүйелі жұмыс жүргізбедіңіз. Күтпеген жерден комиссия келіп, сынып жетекшілерден қиын оқушылармен жұмыс құжаттарын сұратты. Сізде құжат жоқ. Не істейсіз?
Жағдаят 4
Маринаның анасы кеңес сұрауға келді. Олардың 13 жастағы қызы көп оқиды, үлгерімі жақсы, бірақ соңғы уақытта қыз бен ата-ана арасында түсінбеушілік көбейген. Ескертулерге қыз: «Сендер мені жақсы көрмейсіңдер, үйден кетемін» — дейді. Ата-ана қорқып, қыздың барлық талабын орындап жүр; бұл жағдай жиі қайталанады. Ата-анаға қандай кеңес бересіз?
V. «Сіз қандай жұмысшысыз?» (жылқы тесті)
Қатысушыларға жылқының силуэті бейнеленген сурет беріледі. Міндет — суретті аяқтау: жылқының сыртқы бейнесін толықтырып, жан-жағына сәйкес фон салу және оған «жайлы орта» жасау. Бұл тестте жылқы — қатысушының өзі. «Жұмысшы жылқы» тіркесіне сүйене отырып, салынған детальдар адамның жұмыс стилін шартты түрде көрсетеді.
Сырт келбетіне көбірек мән берсеңіз
Егер тұяқ, жал, құйрық сияқты сыртқы бөліктерді ерекше нақтылап салсаңыз, сіз еңбекқорсыз, бірақ кейде жұмысты бір арнада ұстап тұру қиын болуы мүмкін.
Бет-әлпетіне көбірек мән берсеңіз
Егер көз, тұмсық, ауыз, кекіл сияқты бөліктерді айқындасаңыз, жұмысқа романтикалық көзқарасыңыз басым болуы ықтимал: үміт пен елес көп, шабытқа сүйенесіз. Бұл өте жас маманға тән болуы мүмкін; ал жасы үлкен қатысушыларда — қуану мен шаттыққа бейімділікті көрсетуі мүмкін.
Ұсақ-түйекті аса мұқият салсаңыз
Егер әрбір қылын тәптіштеп салып, көп уақыт бөлсеңіз, сіз тер төгуді қажет ететін еңбекті ұнататын, тәртіпті әрі жауапты адамсыз. Істі уақытында бітіресіз, өзіңізге де, өзгеге де сын көзбен қарайсыз. Дегенмен бірбеткейлік кейде әріптестерді шаршатуы мүмкін.
Жылқыны кең ортаға орналастырсаңыз
Егер жылқыны шөпке, кең алаңға қойсаңыз, сізге қолайлы жағдай жасалған ортада жұмыс істеу маңызды. Шектеуі көп, тұйық жұмыстардан гөрі еркіндік пен тәуекелді қалайсыз.
Жүген немесе қамыт салсаңыз
Егер жылқыға жүген салсаңыз немесе қамыт кигізсеңіз, сізге нақты талап пен бақылау бар ортада жұмыс істеу ыңғайлы болуы мүмкін: қысым емес, құрылым сізді жинақтайды.
Ескерту: бұл — ойын форматындағы өзін-өзі тануға арналған тапсырма; қорытындыны «диагноз» ретінде емес, талқылау үшін қолдану ұсынылады.
VI. Рефлексия
Мұғалімдер шеңбер құрып отырады. Доп кезекпен беріледі, әр қатысушы тренинг барысы туралы қысқаша пікірін айтады.
Ауызша кері байланыс сұрақтары
- Тренингте ең бірінші не ұнады?
- Не ұнаған жоқ?
- Өзіңіз үшін қандай жаңа нәрсе білдіңіз?
Жазбаша кері байланыс
«Алған әсеріңіз қандай?» тақырыбында үлестірмелі карточкалар арқылы белгілеу (смайликтер немесе қысқа пікір).
Қорытынды
Қатысушыларға алғыс білдіріліп, тренинг аяқталады.