Маңғыстау өлкесінің көрнекті жерлері туралы түсініктер қалыптастыру

Маңғыстау облысы • Түпқараған ауданы • Форт-Шевченко қаласы

МКҚК «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешісі: Раушан Сисенбаева

Білім беру салалары

  • Таным
  • Әлеуметтік орта
  • Шығармашылық

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

  • Көркем әдебиет
  • Математика
  • Мүсіндеу
  • Қоршаған орта

Тақырыбы: «Маңғыстау — менің мекенім»

Бұл оқу іс-әрекеті ұлттық мәдениет пен өнердің тәлімдік мүмкіндіктерін аша отырып, ғасырдан-ғасырға жалғасқан асыл мұралар арқылы рухани-адамгершілік қасиеті қалыптасқан, ерлік рухы биік, әсемдікке талғамы жетілген тұлғаны тәрбиелеуге бағытталады.

Мақсаты

Маңғыстау өлкесінің көрнекті жерлері туралы түсінік қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды таныту арқылы баланың рухани-адамгершілік дамуын қолдау.

Тәрбиелік мәні

Туған жерге қамқорлық жасауға, ізгілікке, сыйластық пен жауапкершілікке тәрбиелеу.

Дамытушылық

Ойлау қабілетін, есте сақтауын және ой-өрісін дамыту; сұраққа толық жауап беруге дағдыландыру.

Әдіс-тәсілдер

  • 1Сұрақ-жауап
  • 2Түсіндіру
  • 3Ойын түрлері

Сөздік жұмыс

тарихи ескерткіш

Көрнекіліктер

  • Маңғыстаудың көрнекті жерлерінің суреттері
  • Өсімдіктер мен жануарлар бейнелері
  • Дидактикалық материалдар

Сабақ барысы

Балалардың ұйымдасуы

Балалар қонақтармен сәлемдесіп, «шаттық шеңберіне» жиналады.

Шаттық шеңбері

Алақанды ашайық,

Күннің нұрын шашайық.

Таза ауаны жұтайық,

Жүрекке жылу сыйлайық.

Жиналған жылы шуақты

Қонақтарға шашайық.

Сәлеметсіздер ме, қонақтар!

Саяхатшымен кездесу

Есік қағылып, топқа Саяхатшы кіреді: «Сәлеметсіздер ме, балалар! Мен сіздермен бірге Маңғыстау өлкесінің көрнекті жерлеріне саяхат жасауға келдім».

Балалар саяхатшыға өз қаласын таныстырады және көктем мезгілі туралы сұрақтарға жауап береді.

Сұрақтар мен жауаптар

Қазір жылдың қай мезгілі?
Көктем мезгілі.
Көктем мезгілінде неше ай бар?
Үш ай бар.
Қазір көктем мезгілінің қай айы?
Мамыр айы.
Көктемнің ерекшеліктері қандай?
Күн жылынады, құстар жылы жақтан ұшып келеді, жер көгере бастайды.

Өз өлкеміз туралы

Сіздер қай өлкеде тұрасыздар?
Маңғыстау өлкесінде.
Аудандарыңыз қалай аталады?
Түпқараған ауданы.
Сіздер тұратын қала қалай аталады?
Форт-Шевченко қаласы.
Қалада қандай ескерткіштер мен көрнекі жерлер бар?
Иса–Досан ескерткіші, мұражай, саябақ.

Маңғыстау туралы тақпақтар

Мейрамбек

Маңғыстау — көне тарих куәгері,
Білмейміз қанша ғасыр, жыл ілгері.
Бабалар басын құрап қоныс қылған,
Шамасы жылдар өткен тым ілгері.

Батыр

Маңғыстау — талай жақсы өткен жері,
Мәңгілік ата-қоныс еткен жері.
Сырт дұшпан көзін салмай кеткен жері.

Айым

Маңғыстау — ошақ орны, жер киелі.
Қызыл нар қоңыраулатып жүгін артып,
Әжелер көш бастаған ақ түйелі.

Саяхатшы балалармен қоштасып: «Маңғыстау өлкесінің көрнекті жерлері өте көп екен. Сіздермен қоштаса отырып, саяхатымды жалғастырайын» — дейді.

Саяхатшы Форт-Шевченко қаласымен танысып, әрі қарай Маңғыстаудың көрнекті жерлерін аралауға аттанады. Балалар белгіленген орталықтарға жайғасады.

Әлеуметтік орталық: Маңғыстау туралы қысқаша мәлімет

Географиясы мен табиғаты

Маңғыстау облысы Қазақстанның батысында, Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Өлке аумағы негізінен шөлді аймақ болғанымен, мал шаруашылығының дамуына ықпал ететін жусан өсімдігі кең таралған.

Табиғаты алуан: бір жағынан құмды жағалауы мен жартасты өңірлері бар Каспий, екінші жағынан шөл келбетін айқындайтын кең құмды алқаптар.

Ерекше дерек

Қарақия ойпаты дүниежүзілік мұхит деңгейінен 132 метр төмен орналасқан.

Маңғыстау — Ұлы Жібек жолының бір бөлшегі әрі қайталанбас сұлулығы бар өлке.

Киелі орын: Бекет-Ата

Ең атақты ескерткіштердің бірі — Бекет-Ата мешіті. Ол тауды ойып жасалған сәулет туындысы ретінде кеңінен танымал.

Бекет-Ата мұсылман елінде көріпкел әрі әулие ретінде құрметтелген. Аңыз-әңгімелерде оның адамдарды емдеп, әлсіздер мен жәбірленушілерге демеу беріп, денсаулық пен күш сыйлағаны айтылады.

Сонымен қатар, даулы мәселелерде екі жақты ортақ келісімге жеткізер даналығымен ел есінде қалған.