Балалардың табиғат туралы түсінігін анықтау
Мақсаты
1) Табиғат туралы түсінікті нақтылау
Балалардың табиғат туралы түсінігін анықтау, табиғаттың тірі және өлі түрлерін ажыратып, дәлелмен айтуға үйрету.
2) Табиғаттың адам өміріндегі маңызын түсіндіру
Оқушылардың өз пікірлері арқылы табиғаттың адам өмірі үшін аса қажетті екенін тұжырымдату, дүниетанымын кеңейту.
3) Табиғатты сүюге және қорғауға тәрбиелеу
Табиғатты қадірлеуге, қорғауға, қастерлей білуге баулу.
Көрнекіліктер
- Суреттер
- Кестелер
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру
Сабаққа назар аударту, оқушыларды тақырыпқа бағыттау.
2) Сұрақ-жауап
Табиғат туралы бастапқы білімін анықтайтын қысқа сұрақтар арқылы ой қозғау.
3) Суретпен жұмыс: «Қай мезгіл? Не бейнеленген?»
Тақтадағы суретке қарап, оқушылар мына сұрақтарға жауап береді:
- Қай мезгіл?
- Суретте не бейнеленген?
Өлең арқылы табиғат нысандарын атау:
Далаға шықтым, жөнелдім, Шаршап талай бөгелдім. Жан-жағыма кенет қарап едім — не көрдім?
Атаулар: өзен, тау, ағаш, құс, гүл, жануар, аң, адам, көл, бұлт.
Мұның бәрін бір сөзбен қалай атаймыз? Табиғат.
Негізгі сұрақтар
- Табиғаттың қандай түрлері болады?
- Тірі табиғатқа нелер жатады?
- Өлі табиғатқа нелер жатады?
- Неге олай екенін қалай дәлелдейміз?
4) Ән: «Көктем»
Көктем көріністерін еске түсіріп, табиғаттың жаңаруын сезіндіру.
5) Пікірталас: «Табиғат па, әлде зат па?»
Киіз үйдің суреті арқылы адам қолымен жасалған дүниенің табиғаттан айырмасын анықтау.
Талқылауға арналған сұрақтар:
- Киіз үй табиғатқа жата ма?
- Неліктен «зат» деп айтамыз?
- Адам қолымен тағы қандай бұйымдар жасалады?
- Адам деген кім?
- Жануарлар мен құстар ше — табиғат па?
- Өлі табиғатқа не жатады?
6) Ән: «Болайықшы осындай»
Жақсы қасиеттерді бекітіп, ортақ құндылықтарға баулу.
7) Салыстыру жұмысы: «Жақсы және жаман бала»
Сурет бойынша екі балаға мінездеме беру, іс-әрекетін сипаттау және қорытынды жасау.
Тұжырымға жетелейтін сұрақ:
Айналамызда құс, аң, өсімдік, ауа, су, күн болмаса не болады? Біз өмір сүре алмас едік. Неліктен?
- Өсімдік ауаны тазартады.
- Суды ішеміз.
- Ауамен дем аламыз.
- Мал өнімдері — қорек.
- Құстар ағаш пен өсімдіктегі құрт-құмырсқаны жеп, табиғи тепе-теңдікті сақтайды.
Сондықтан туған жеріміздің табиғатын сақтаймыз және қорғаймыз.
8) Табиғат туралы мақал-мәтелдер, ырымдар және тыйым сөздер
Мақал-мәтелдер
- Жері байдың — елі бай.
- Туған жердің топырағы да ыстық.
- Көлдің көркі — бұлақ, таудың көркі — құрақ.
- Сулы жер — нулы жер.
- Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын.
Тыйым сөздер
- Жас бұтақты сындырма.
- Көкті таптама.
- Құмырсқаның илеуін бұзба.
- Аққуды атпа.
- Орманды отама.
- Жаралы аңды атпа.
9) Ән: «Ауылым» және туған жер туралы толғаныс
Туған жерді қастерлеу туралы ойды өлең жолдары арқылы бекіту:
Туған жерді анам демей не дейін, Туған жерді панам демей не дейін. Туған жермен асқақ менің ән-жырым, Туған жермен асқақ менің мерейім. Топырағыңды қастерле — жүретін жеріңді, Қара жерді қастерле — көретін көріңді. Есіл ерді қастерле — қоритын еліңді, Туған елді қастерле — жауға бермес беліңді. Табиғаттан бабамыз ала берген секілді, Дархандықты қазаққа дала берген секілді. Еркелікті, ерікті желден алған секілді. Ұя бұзба, жұмыртқаға тиме деп, Ұрсушы еді анам менің күйгелек. Жас шыбықты сындырма деп ұрысатын, Шыққанымда тұлпарымды сүйрелеп.
Сұрақ: «Бүгінгі тәрбие сағатымызға қандай тақырып қоямыз?»
Оқушылардың жауабы: «Адам және табиғат».
Қорытынды
Туған жерді сүю — парыз. Сүю үшін білу — парыз. Қасиетін ұғу — парыз. Күзетінде тұру — парыз.