Ұлыңыз өзінен жасы үлкен қызға үйленем десе
Отбасы • Тәрбие • Қарым-қатынас
Өрімдей жас ұлыңыздың өзінен әлдеқайда үлкен қызға немесе есік көрген, балалы әйелге үйленемін деуі — көп ата-ана үшін ауыр тиетін шешім. Кейбірі «баламның бақыты үшін келісемін» десе де, іштей қиналатыны түсінікті.
Мұндай сәтте ең маңыздысы — сезімге берілген ұлдың жүрегін жараламай, сонымен бірге ата-аналық даналықтан да айнымай, дұрыс бағыт табу.
Ата-анаға ең әуелі не маңызды?
Ұлдың жағдайы белгілі: махаббатқа берілген шақта ол ешкімнің сөзін құлағына ілмей қалуы мүмкін. Сондықтан, бір жағынан, ұлыңыздың шешіміне үзілді-кесілді қарсы шығып, оны өзіңізге қарсы қойып алмаңыз. Кейде баланың жан дүниесіне үңілмеудің салдары кейін өкінішке айналуы мүмкін.
Ой салатын мысал
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) алғаш рет 25 жасында үйленгенде, жары Хадиша анамыз 40 жаста болған. Жас айырмасы — 15 жыл. Бүгінгі таңда да жас айырмасы үлкен отбасылар кездеседі, олардың бәрін бірдей үйлесімсіз немесе бақытсыз деу дұрыс емес.
Демек, жас айырмасы айтарлықтай болса да, ұлыңыз бұл таңдауды саналы түрде лайық көрсе, кей жағдайда келісім беру де дұрыс шешім болуы мүмкін.
Егер мұндай жағдайдың алдын алғыңыз келсе
Егер сіз жас айырмасы үлкен келін алғыңыз келмесе, ең дұрысы — алдын ала әрекет ету. Баламен жақын болыңыз, мейірімді аямаңыз, үй ішіндегі жылуды күшейтіңіз. Өйткені жан жылуын көрмеген жас оны басқа жерден іздеуі мүмкін.
Егер шынында да жүректің қалауы сол адам болса, ата-ана ретінде балаңызға бақыт тілеу — үлкен ізгілік. Себебі ата-ананың разылығынсыз ешбір перзент өзін толық бақытты сезіне алмайды.
Психологтар айтатын ықтимал себептер
Ұлыңыз өзінен үлкен қызды ұнатып, оны өмірлік жар ретінде таңдаса, мамандар мұның бірнеше психологиялық себебі болуы мүмкін. Салдарымен күрескеннен гөрі, себептерін түсініп, алдын алуға талпынған жөн.
1) Мейірімге зәру болып өсуі
Бала отбасында ата-ана мейірімін жеткілікті сезінбей өсуі мүмкін. Мұндай жағдайда ол жылуды, қамқорлықты өзінен үлкен, «анадай» мейірімі бар адамнан іздеуі ықтимал.
2) Ерте айырылысудың орны толмауы
Ата-анасының бірінен ерте айырылған жігіт жетіспеген мейірімді толықтыру үшін өзінен үлкен жарға ұмтылуы мүмкін. Оның жанында өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінеді.
3) Отбасындағы бедел теңгерімі
Толыққанды отбасында өссе де, ана беделі әке беделінен басым болса, маңызды шешімдерде әйел ықпалы жоғары болса, жігіт өзін бағыттай алатын, тәжірибесі мол әйелге көз салуы мүмкін.
4) Сенімсіздік және тірек іздеу
Өзіндік пікірі толық қалыптаспаған, ерік-жігеріне сенімі төмендеу жігіт ақыл-ойы толысқан, өмірді жеңіл ұйымдастыра алатын жарды жанынан көргісі келеді.
5) Шектен тыс бақылау және қысым
Егер ұлыңыз үшін маңызды шешімдердің бәрін өзіңіз қабылдап, оның таңдауын, қызығушылығын елемей; пікірін баласынып, үстірт тыңдап; тіпті «Менің айтқаным заң!» деп қатаң талап қойсаңыз — ертең ол өмірлік жар таңдауда сіз күткен бағытқа емес, керісінше басқа үлгіге ұмтылуы мүмкін.
Қорытынды: еркіндік пен жауапкершілікті қатар үйретіңіз
Ұл баланы балалық шақтан бастап жасөспірімдік кезеңге дейін, тіпті есейіп, отбасын құру сияқты ең жауапты қадамға келгенде де өз еркіне мүлде қоймасаңыз; армандарын тұсаулап, бағын сынауына мүмкіндік бермесеңіз — кейін оның таңдауларына өкпелеу орынды бола бермейді.
«Жеміс ағашынан алысқа түспейді» деген сөз бекер емес: тәрбие барысында ағаттық кеткен болуы мүмкін. Ең маңыздысы — кінәлауға емес, түзетуге ұмтылу.
Сондықтан ұл өсіріп отырған ата-аналарға ой салатын кеңес: балаңыз кәмелетке толғанда оның ересек адам екенін мойындап, өз бетінше шешім қабылдауды үйретіңіз. Сонда ол өз шешімі үшін өзгені кінәламайтын, жауапкершілігі бар тұлға болып қалыптасады.