Мектепке дейінгі балалардың құзыреттілігін дамытудағы заттық - дамытушылық ортаның рөлі

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы

«Асылай» бөбекжай-балабақшасы, әдіскер — Минажева Айман Сейтжановна

Баяндамада мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың ерте жастан психофизикалық мүмкіндіктерін оңтайлы дамытуға жағдай жасайтын дамытушы орталықтардың жеткілікті болуы «Тәй-тәй» технологиясының негізгі міндеттерінің бірі екені көрсетіледі.

Мектепке дейінгі мекемеде дамытушы орта кеңістіктерін ұйымдастыру

Жоспар

  1. Кіріспе
  2. Негізгі бөлім
    1. Мектепке дейінгі балалардың құзыреттілігін дамытудағы заттық-дамытушылық ортаның рөлі
    2. Балабақшада пәндік-дамыту ортасының қызмет жағдайы
    3. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде дамытушы орта кеңістігін ұйымдастыру
  3. Қорытынды

Кіріспе

Қазіргі таңда жан-жақты жетілген, білімді азамат дайындау — қоғам алдындағы үлкен міндет. «Бала — болашағымыз» десек, сол балаға жүйелі білім беріп, ынта-ықыласын дұрыс бағыттауды және қабілетін дамытуды балабақшадан бастауымыз қажет.

Мектепке дейінгі білім беру стандарты мектепке дейінгі тәрбие мен мектепалды даярлық топтарында педагогикалық үдерісті ұйымдастыруда жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдануға мүмкіндік берді. Сондықтан оқу-тәрбие үдерісіне жаңа педагогикалық технологияларды енгізіп, оны тиімді пайдалану, балаларға сапалы білім беру және жан-жақты дамыған бүлдіршін тәрбиелеу — басты мақсат.

Осы мақсатты іске асыру барысында біздің балабақшада «Тәй-тәй» технологиясы қолданылып келеді. Технологияның негізін салған — Джорж Сорос. Оның басты ерекшелігі — балалардың орталықтарға бөлініп, шағын топта жұмыс жасауы. Бұл тәсіл балаларды бірін-бірі сыйлауға, бір-бірінің сөзін тыңдауға және ынтымақтастыққа дағдыландырады.

Мақсаты

Балалардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту.

Талабы

Білім беруде мақсатқа жету үшін іс-әрекет арқылы ойлау дағдыларын арттыру, баланың жан-жақты дамуына және жаңалықты тез қабылдауына ықпал ету.

Күн тәртібіндегі құрылым

«Тәй-тәй» технологиясы бойынша әр жұмыс күні таңғы жиыннан басталады. Таңғы жиын ертеңгілік жаттығу жасау, бір-біріне тілек айту және жағымды әуен тыңдау түрінде өтеді.

Таңғы жиыннан кейін негізгі орталықтардағы жұмыстар басталады. Орталықтардағы жұмыс тәрбиешілерден жоғары жауапкершілік пен шығармашылықты талап етеді. Әртүрлі орталықта әрекет ету барысында балалар өзін әр қырынан танытып, танымдық қабілеттерін дамыта отырып білімін тереңдетеді.

Дамытушы ортаның мәні және мақсаттары

Көрнекі құралдардың мазмұнды әрі жеткілікті болуы (суреттер, ертегі кейіпкерлері, қуыршақ театры, түрлі ойыншықтар, үйлестірмелі құралдар) ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің нәтижелілігін арттырады.

Қазіргі заман философиясында «орта» ұғымы жеке мінез-құлық пен қоршаған ортаның тығыз байланысқан жүйесі ретінде қарастырылады. Дамытушы әрі тәрбиелеуші ортада сәби жеке тұлға ретінде қалыптасады, ал бұл қалыптасу социумның бір моделі іспетті.

Дамытушы орта кеңістігінің негізгі мақсаттары

  • Дамытушы орта арқылы өмірдің қыр-сырын танытып, біліктілігін жан-жақты дамыту.
  • Тәрбие мен білім беру жұмыстарында күнделікті өмір дағдыларының құзыреттілігін байыту және жетілдіру.
  • Дербес қимыл-әрекеттерін қолдау, ойлау мен сөйлеу қабілеттерін қалыптастыру; тазалыққа және ұқыптылыққа тәрбиелеу.
  • Тәрбие жұмысының тақырыптары бойынша білім-білік-дағдыларын түсіндіру.
  • Баланың меңгерген білімін бақылау және бағалау.
  • Үйренгендерін күнделікті өмірде қолдануына жағдай жасау.

1) Мектепке дейінгі балалардың құзыреттілігін дамытудағы заттық-дамытушылық ортаның рөлі

Заттық-дамытушылық орта баланың әрекетін ынталандыратын, бағыттайтын және дамытатын фактор ретінде қарастырылады. Ол белсенділік пен бақылағыштық сапаларының, кең мағынада жеке тұлғаның дамуына ықпал етеді.

Бұл орта балалардың жасына, даму деңгейіне және олардың әрекет түріне тікелей тәуелді. Топтағы дамытушы ортаның мақсаты — ақпараттандыру, түрлі үдерістердің бейнесін ұсыну және бала мен қоршаған орта арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты қамтамасыз ету.

Заттық-дамытушылық ортаның барлық компоненттері мазмұны, көлемі және көркемдік шешімі жағынан өзара байланысты болуы тиіс. Әртүрлі жас топтарында ортаны ұйымдастыруда педагогтер ойын әрекетінің кезеңдік ерекшелігін және тәрбиенің жеке тұлғаға бағытталған моделі қағидасын ескеруі қажет.

Маңызды талап

Баланың тақырыпқа, ойын желісіне, ойыншықтарға, ойын орны мен уақытына еркін қол жеткізуі қамтамасыз етілуі керек.

Ұйымдастыру күрделілігі

Топта заттық-дамытушылық ортаны құру — көпжоспарлы және жоғары шығармашылықты қажет ететін жұмыс.

Қағидаттар

  • Көпфункционалдылық: орта көптеген мүмкіндіктер ашып, тәрбие-білім беру үдерісінің барлық құрамдастарын қамтамасыз етуі тиіс.
  • Түрлендіру мүмкіндігі: жағдайға қарай кеңістіктің белгілі бір функциясын алдыңғы орынға шығаруға мүмкіндік беретін өзгермелілік.
  • Икемділік және вариативтілік: орта баланың қызығушылығы мен қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталуы керек.
  • Жас ерекшелігіне сәйкестік: топтың заттық-дамытушы ортасы балалардың жасына, оқу кезеңіне және білім беру бағдарламасына сай жаңартылып отыруы тиіс.

Назарда ұстау

Балалардың өз бетінше іс-әрекетін тиімді ұйымдастыру үшін дамытушы-заттық ортаны жүйелі түрде толықтырып, қолжетімділік пен қауіпсіздікті тұрақты бақылауда ұстау қажет.