Тақырыпқа кіріспе

Өмірден өз орныңды таба біл!

Тәрбие сағатының мазмұны оқушыларға мамандық таңдаудың мәнін түсіндіруге, өз бейімін тануға және азаматтық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Кәсіби бағдар Таным үдерістері Отансүйгіштік Өз пікірін айту

Мақсаты

  • Мамандық түрлері және олардың адам өміріндегі маңызы туралы түсінік беру, оқушының өз бейіміне сай мамандық таңдауына ықпал ету.
  • Қоғамға қатысты азаматтық ұстанымды қалыптастыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу және кәсіби бағдар беру.
  • Түрлі жаттығулар арқылы таным үдерістерін дамыту; өз пікірін еркін айтып, өзгенің пікірін құрметтеуге және жүйелі ойлауға баулу.

Қажетті құралдар мен әдістер

Көрнекілігі

Интерактивті тақта, слайдтар.

Әдістері

Тренинг, әңгімелеу, сұрақ-жауап, топтық жұмыс.

Сабақ барысы

I. Кіріспе: ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу, оқушыларды сабаққа дайындау, ортақ жұмыс тәртібін келісу.

II. Негізгі бөлім

1

Тренинг: «Сенің жақсы қасиетің»

Бір-бірімізге тек жақсы қасиеттерімізді айтамыз. Ереже: бір сөз қайталанбауы тиіс.

Мысал: «Айжан, сен әдемісің.» — «Рахмет.» «Айдос, сен өнерлісің.»

2

Тақырыпқа кіріспе: Абай өлеңі

Слайд арқылы Абай Құнанбайұлының өлеңінен бір шумақ көрсетіліп, дыбысталып оқылады.

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан.

А. Құнанбаев

3

Сұрақ-жауап

  • Ұлы ақын осы өлеңі арқылы бізге қандай ой тастайды?
  • «Адамның өмірден өз орнын табуы» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Бүгінгі сабақта қандай тақырыпты қозғаймыз деп ойлайсыңдар?

Қорытынды ой: бүгінгі әңгіме мамандықтар туралы. Тақырып: «Өмірден өз орныңды таба біл!». Оқушылар дәптерлеріне күн ретін және тақырыпты жазады.

4

Мамандық таңдаудың жауапкершілігі

Әр адам ерте ме, кеш пе өмірінде «Қандай мамандық иесі боламын?» деген сұраққа жауап іздейді. Мамандық таңдау — өте жауапты қадам. Өйткені таңдаған мамандығың тек өз болашағыңа емес, қоғамның дамуына, елдің ертеңіне де әсер етеді.

Анықтама: Мамандық — белгілі бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін және адамның өмір сүруіне негіз болатын еңбек қызметінің маңызды саласы.

Әлемдік ауқым

Американдық кәсіптер сөздігіне сай: 22 қызмет саласы, 114 топ, шамамен 40 000 мамандық.

Еңбек нарығы

Жыл сайын 25 млн адам жұмыс орнын ауыстырады; олардың 12%-ы қайта оралады.

Қазақстандағы көрінісі

Шамамен 300-ге жуық мамандық түрі кездеседі; ауыл көлемінде — 50-ге жуық.

5

Ой түйін: қабілет пен бейім

Адам табиғатынан белгілі бір іске икемді болып келеді: талап, бейім, қабілет, зеректік әркімде әртүрлі. Бірі ұстаздыққа, бірі басқаруға, бірі медицинаға, бірі саудаға, бірі сөз өнеріне жақын болады.

«Адам өзінің ыңғайымен, еркімен қызмет ететін зат. Іштен туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икемді болып туады. ... Кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де көп пайда келтіреді».

Жүсіпбек Аймауытов