Сен Аяз ата емессің, сен Мыстан кемпірсің

Жаңа 2015 жылдағы жаңа ертегі

Театрландырылған көрініс сценариі. Бұл ертеңгілік балаларды ортақ қуанышқа біріктіріп, ән мен биге, ойын мен жұмбаққа толы жаңа жылдық көңіл-күй сыйлауға арналған.

Кейіпкерлер

  • Сайқымазақтар
  • Маша мен Аю
  • Фиксиктер (Симка, Мася)
  • Мыстан кемпір
  • Аққала
  • Аяз ата
  • Ақшақар
  • Жаңа жыл, Ескі жыл

Сахна ашылуы

Дауыс

Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Қызықтан құр қалмаңыздар. Жаңа жыл тойы басталды — бос қарап тұрмаңыздар!

2-жүргізуші

Барлық жан бір білекке қосқан үн —
Бақытты боп бастады жыл дастанын.
Қуанышпен келді той боп Жаңа жыл —
Құтты болсын жаңа бақыт, достарым!

Дауыс

Төрлетіңдер, балалар!
Шырша сәнін көріңдер.
Әсем әнмен би билеп,
Көңілді өмір сүріңдер!

2-жүргізуші

Құрметті қонақтар мен кішкентай бүлдіршіндер! Бүгінгі «Жаңа жылдағы жаңа ертегі» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер! Баршаңызды 2015 Жаңа жылымен құттықтаймыз!

Бүгінгі ұрпақ — ел келешегі. Бүлдіршіндеріміздің жүздері жарқын, көңілдері шат болып, бақытты ғұмыр кешуін тілей отырып, құттықтау сөз кезегін мектебіміздің директоры С. Ж. Бекмагамбетовке береміз.

Жүргізуші

Ақ көңілім айналады аппақ қарға,
Көңілдене қосыл сен де ән мен жырға!
Қыс қызығы басылмай ұласады,
Қуанышы көп болсын Жаңа жылда!

Ендеше, жаңа жылдық мерекемізді әсем әнмен ашуға рұқсат етіңіздер.

Музыкалық үзіліс

«Құтты болсын Жаңа жыл» әні орындалады. Клоун әуені естіледі.

Сайқымазақтардың келуі

Сахналық әрекет

Сайқымазақтар бірін-бірі әзілмен итеріп, сахнаға кіріп келеді.

1-сайқымазақ

Армысыздар, халайық!

2-сайқымазақ

Жақсы жайғастыңыздар ма, қымбатты достарым? Бәрі естіліп, көрініп тұр ма? Бәріне орын жетті ме?

Интерактив

Сайқымазақтар балалардан сұрайды: Жаңа жылды тойлауды ұнатасыңдар ма? Дайынсыңдар ма? Дауыстарыңды қаттырақ шығарып айтыңдар!

  • Жаңа жылдық киімдеріңді кидіңдер ме?
  • Тақпақ пен ән жаттадыңдар ма?
  • Шыршаларыңды үйде безендірдіңдер ме?
  • Жаңа жылдық көңіл-күйлерің жақсы ма?

Бірлігіміз жарассын деп, бәрі сайқымазақтың қимылын қайталап, «Аяқпенен топ-топ-топ» биін билейді.

Аяз атаны шақыру және тосын сәт

Сайқымазақтардың ойы

Енді Аяз атаны шақырып көрейік. Бірақ бір шарт бар: дауысымызды қатты шығармаймыз — Аяз ата біздің дайындалып тұрғанымызды естіп қояды.

Барлығы сыбырлап: «А-я-з ата… Аяз ата…»

Дәл осы сәтте балалардың дауысын қатты дыбыс (тарс-тұрс) бұзып жібереді.

Сахнаға кім келеді?

Аяз атаның киімін киіп, Мыстан кемпір кіріп келеді. Мыстанның музыкасы ойнайды.

Мыстан кемпір

Ау, жараңдар, қараңдар, мен келемін — жол ашыңдар!

Иә, дәл өзім — «Аяз атамын».

Сайқымазақ

Бұл шынымен Аяз ата ма?

Ақ таяқтың орнына неге сыпыртқы ұстап тұрсың?

Ал ақ сақалың қайда? Тырнақтарың неге сонша ұзын?

Әшкерелеу

Сайқымазақ күмәнданады: «Аяз ата сақалын қалтасына салмайды. Ол келгенде міндетті түрде амандасады».

Сөйтіп, бәрі бір ауыздан: «Сен Аяз ата емессің — сен Мыстан кемпірсің!»

Мыстан шапанын шешіп: «Амандаспай тұрғанға не бар? Сәлеметсіңдер ме! Мен сендерге жау болып келген жоқпын, дос болып келдім. Мені үнемі ашулы, жаман деп қорқытады. Ал мен өте мейірімдімін, ешкімді ренжітпеймін», — дейді.

«Аяз ата келгенше мерекелеріңді өзім жүргізіп берейін. Рұқсат беріңдерші», — деп өтінеді.

Мыстанның сынағы: жұмбақтар мен ойын

Сайқымазақ балаларға: «Мүмкін, сенім білдірерміз. Ендеше, кештің шырайын келтіріп, ат салыссын! Мыстан, қандай өнерің бар?» — дейді.

Мыстан: «Балалардың ақылды екенін көргім келеді. Жұмбақ жасырамын, сендер шешіп көріңдер», — деп бастайды.

Жұмбақтар

Қолы жоқ, сурет салады. Тісі жоқ, тістеп алады.

Жауабы: Аяз

Қыста ғана болады, ұстасаң қолың тоңады.

Жауабы: Қар

Қанаты жоқ — ұшады. Аяғы жоқ — жетеді. Аузы жоқ — ұлиды.

Жауабы: Боран

Табанға қанжар байладым, бетінде айна ойнадым.

Жауабы: Коньки

Мінсем — төменге зу етем, өрлесем — оны өзім сүйретем.

Жауабы: Шана

Қайқы тұмсық қос табан, қос таяқпен ұштаған. Итерсең алға заулайды, шойын жолдан аумайды.

Жауабы: Шаңғы

Мыстан

Керемет! Жарайсыңдар! Барлық жұмбақтың шешуін таптыңдар.

Ойын: «Желаяқ»

Мыстанның «сиқырлы пимасы» бар. Ойын шарты: аяққа құм толтырылған қапшық байлап, жарыса жүгіру.

Музыка ойнайды, балалар ширақтықтарын көрсетеді.

Ой, керемет! Қандай ширақ балалар! Енді бәріміз бірге «Көңілді күн» биін билейік.