Қуанышты күй кешуі

Сабақ туралы мәлімет

Пән
Өзін-өзі тану
Тобы
Мектепалды даярлық тобы
Тақырыбы
Мен бақытты баламын

Мақсаты

Бақыт, қуаныш, сүйіспеншілік құндылықтарының мағынасын түсіндіру.

Көрнекі құралдар

Дәптер, түрлі түсті қарындаштар.

Міндеттері

  • Бақыт, сүйіспеншілік, қуаныш туралы түсінік беру.
  • Адами қасиеттерін дамыту.
  • Сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Шаттық шеңбері

Жылы атмосфера

Тәрбиеші балалармен бірге Ө. Тұрманжановтың төмендегі өлең жолдарын қайталап, бір-біріне әдемі күлкі сыйлайды:

Кел, балалар, күлейік!

Күлкіменен түлейік!

Қабақ деген не керек?

Көңілді боп жүрейік!

Әңгімелесу

Тәрбиеші балаларға сұрақ қойып, ой бөлісуге шақырады:

Сұрақ

Балалар, қалай ойлайсыңдар: бақытты бала деп кімді айта аламыз?

Тәрбиешінің қорытындысы

Отбасы мен достары бар, денсаулығы мықты баланы бақытты бала деп айтамыз.

Әңгімелеу

Н. Қадырбаев

Тәрбиеші балаларға Н. Қадырбаевтың «Бақыт деген не?» әңгімесін оқып береді және талқылауға сұрақтар қояды.

«Бақыт деген не?» (әңгіме)

Бақыт, Серік, Ербол — бір көшенің тұрғындары. Үшеуі бірге оқиды. Сабақ беретін апайын бәрі де жақсы көреді. Бірде апайы адам есімдерінің мәні жөнінде тәрбие сағатын өткізді.

— Ербол есімі «азамат бол, ер жігіт бол» деген мағынаны білдіреді, — деді апайы. Ал Серік атауы «дүниеге келген перзентке серік болсын» деген ниеттен туған.

— Бақыт деген ше? — деді Бақыт қызығушылығын жасыра алмай.

— Бақыт — әр баланың ой-арманының орындалуы, қуанышты күй кешуі. Сол ниеті іске асса, бақытқа қолы жеткені. Әркімде арман да, ой да көп. Сондықтан бақыт та сан алуан, — деді апайы.

Бақыт үйіне келіп, атасынан сұрады: — Ата, бақыт деген не?

— Сенің аман-сау жүргенің — мен үшін бақыт, айналайын. Бақыттың үлкені — осы.

— Апай: «Бақыт — әр баланың ой-арманының орындалуы», — деді. Менің арманым — сіздің жасыңыз жүзге жеткенін көру, — деді Бақыт.

— Арманыңа жет, — деді атасы немересінің шын пейіліне қуанып. Бақыт үшін осы сәт — нағыз бақыт еді.

Талқылау сұрақтары

  • Бақыттың атасы немересіне «бақыт» ұғымын қалай түсіндірді?
  • Ойланайық: бақыт деген не? Сендер қалай түсінесіңдер?
  • Бақытты болу үшін не істеу керек?

Ескерту

Балалардың жауаптары мұқият тыңдалып, әр пікір құрметпен қабылданады.

Дәйексөз

Бүгінгі сабақтың дәйексөзі

«Бақыт деген — сенің бала кездерің».

Тәрбиеші бұл ойды балаларға түсіндіреді: бақыт — балалық шақ, денің сау болып, асыр салып ойнаған сәттер.

М. Мақатаев

Жаттау

С. Оспанов

«Бақыт деген не?» (өлең)

Айтшы, білесің егер де,

Папа, бақыт деген не?

Бақыт деген, шырағым,

Мына әсем тұрағың.

Ну ормандар,

Гүл бағы,

Күннің күліп тұрғаны.

Бақыт — дәні даланың,

Алақаны анаңның.

«Ботам» деуі әжеңнің,

Тыныштығы әлемнің!

Қайда бақыт мекені,

Қалай оған жетеді?

Адал еңбек етесің!

Сонда ғана жетесің!

Көрінбейтін көзіңе,

Сонда оның өзі не?

Бақыт деген, сөзім шын —

Айналайын, өзіңсің!

Қорытынды ой

«Мен бақытты баламын» деген сенім — денсаулықты, сүйіспеншілікті, достықты және адал еңбекті бағалаудан басталады.