Сөздері барыс септігіне қойып, сөйлем құрап жазу

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушылардың зат есімнің септелуі туралы түсінігін кеңейту; өз бетімен жұмыс арқылы барыс септік туралы білім алуға жағдай жасау; сөйлеуде септік жалғауларын дұрыс қолдануға үйрету.

Дамытушылық

Ойындар арқылы пәнге қызығушылықты арттыру; білімін дамыту; шығармашылық қабілетін шыңдау.

Тәрбиелік

Оқу-білімге құштарлыққа, білімпаздыққа, сауаттылыққа, ұжымшылдыққа және шапшаңдыққа тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: «Балалар, бүгін сабағымызға қонақтар келіп отыр. Олармен амандасайық».

Оқушылар: «Қайырлы күн!»

2) Үй тапсырмасын тексеру

27 және 29-жаттығулар ауызша тексеріледі. Оқушылар мадақталып, бағаланады.

3) Жаңа сабақ

Ой қозғау

Желбіреген аспан түсті байрағы,

Батыр елмін барыс сынды айбары.

«Мен қазақпын!» деп айтуға мақтанам,

Ынтымақты бұзылмаған қаймағы.

Мұғалім: «Балалар, біздің еліміздің символына айналған барыс туралы не білеміз?»

Оқушылардың жауаптары: алғыр, күшті, жылдам, қырағы, жүйрік.

Қысқаша мәлімет: барыс (ірбіс)

Барыс (ірбіс) — мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Дене тұрқы шамамен 125–135 см, биіктігі 60 см, құйрығы 90–100 см, салмағы 30–40 кг.

Түсі көкшіл-сұр, теңбіл шұбар; сақина тәрізді қара дақтары бар. Қазақстан мен Орталық Азияның биік тауларында кездеседі. Қазақстандағы саны шамамен 180–200. Аулауға тыйым салынған, 1996 жылы «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Қазақ халқы барыстың тектілігін, батылдығын, айлалығын және сұлулығын жоғары бағалаған. Жыл санауында үшінші жыл — Барыс жылы.

Психологиялық дайындық

Сабақты бір-бірімізге «барыс» сөзін қатыстырып, жақсы тілек айтудан бастайық:

  • Мирас, жазуда барыстай жылдам әрі епті бол!
  • Арайлым, оқуда барыстай алғыр бол!
  • Исатай, сабақта барыстай қырағы бол!
  • Барлығымызға барыстай сұлулық пен жігер бұйырсын!

Мұғалім: «Осы тілектерді орындауға бар күш-жігерлеріңді саласыңдар деп сенемін. Бәріңе сәттілік және “бестік” баға тілеймін!»

Тақырып пен мақсатты ашу

Бүгінгі сабақтың тақырыбы — барыс септік. Сабақта жеті септіктің бірі барыс септігінің сұрақтары мен жалғауларымен кеңірек танысамыз.

Актуализация (өткенді еске түсіру)

Өткен сабаққа шолу жасау үшін «жеті» санына қатысты ұғымдарды еске түсіріп, слайдтағы ұяшықтарды таңдау арқылы сұрақтарға жауап береміз. Осылайша бұрынғы білімімізді пысықтаймыз.

Жаттығулар және жұмыс түрлері

Жедел жұмыс

  • «Барыс» сөзін шапшаң септеу.
  • 31-жаттығу: ауызша орындау; қарамен жазылған сөздерге сөз құрамына талдау жасап, сұрақ қою.
  • 32-жаттығу: өлеңді көшіріп жазу; «Кімге? Неге?» сұрақтарына жауап беретін сөздердің астын сызу.

Сергіту сәті

Слайдтағы мультфильм кейіпкерлерінің қимылын қайталаймыз:

  • 1-кейіпкер қимылы — 7 рет
  • 2-кейіпкер қимылы — 6 рет
  • 3-кейіпкер қимылы — 5 рет
  • 4-кейіпкер қимылы — 4 рет

Барыс септік: ереже (тірек сызба бойынша)

Барыс септік бағыт-бағдарды, кімге/неге арналғанын білдіреді. Сөйлемде көбіне тұрлаусыз мүше қызметін атқарады.

Есте сақта

Сұрақтары
Кімге? Неге? Кімдерге? Нелерге? Қайда?
Жалғаулары
-қа, -ке, -ға, -ге
Сөйлем мүшесі
Тұрлаусыз мүше

Ойын және жазу дағдылары

33-жаттығу: «Баскетболшы» ойыны

Тапсырма ауызша орындалады (слайд №22–23).

Көркем жазу

Бб Бб Бб ббб бббб

Берік Баянауылда барысты байқап бақылады.

34-жаттығу: сөйлем құрау

тай, ауыл, мал, мектеп, теңіз сөздерін барыс септігіне қойып, сөйлем құрап жазыңдар. Тақтаға әр оқушы бір сөйлемнен жазады, қалғаны дәптерге жазылады.

4) Қорытынды және бекіту

Деңгейлік тапсырмалар арқылы өзіндік жұмыс орындалады. Әр оқушы деңгейін өзі таңдап, қима қағазда орындайды. Соңында сұрақ-жауап әдісімен сабақ бекітіледі.

I деңгей

Берілген сөздерге барыс септік жалғауын жалғап жаз. Екі сөзге сөйлем құра: сәби, басшы, әліппе, өнер, ағам, әжең, еліміз, бөлмесі.

II деңгей

Көп нүктенің орнына барыс септіктегі сөздерді тауып жаз. Бір сөз тіркесіне сөйлем құра:

  • ... тағзым етейік
  • ... жар салды
  • ... құмар бала
  • ... жақын
  • ... ағаш ектік
  • ... келгеніме өкінбеймін

III деңгей

Өлең құрастыр:

................ барысқа,

................ табысқа.

................ жарыста,

................ алысқа.

5) Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы мұғалім тарапынан беріледі.

Бағалау: алдымен оқушылар бірін-бірі бағалайды, содан кейін мұғалім қорытынды баға қояды.

Естелік

Сабақ соңында оқушыларға естелік ретінде барыс бейнесі бар күнтізбе сыйға тартылады.

Автор туралы мәлімет

Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Құмсай бастауыш мектебінің мұғалімі — Аймухамбетова Ляззат Сандибековна.