Көкөністер мен жемістерді айыра білуге үйрету
Күз берекесі тақырыбындағы тәрбие сағаты
Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы, №19 жалпы орта білім беретін мектебі КММ. Шағын орталық тәрбиешісі — Оразбаева Ақбаян Мұханбетовна.
Тақырыбы
Күз берекесі
Топ
«Бақытты балалық шақ» I тобы
17 бала: 7 қыз, 10 ұл
Ұзақтығы
25 минут
Жас ерекшеліктеріне сай
Мақсаты
- Табиғат құбылыстарын байқатуға, жыл мезгілдерін ажырата білуге үйрету.
- Ел байлығы — астықтың пісіп-жетілуі мен жиналуынан бастап, дастарқанға келуіне дейінгі адам еңбегін дәріптеу.
- Көкөністер мен жемістерді танып, ажырата білуге үйрету.
- Күз мезгіліне қатысты мақал-мәтелдер мен жұмбақтар арқылы ой-өрісін, тілін дамыту.
- Табиғатты аялауға, күздегі өзгерістерді әңгімелей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі
Жемістер мен көкөністер, нан, мақал-мәтелдер жазылған плакаттар, күзгі алқап суреті бейнеленген көрнекіліктер. Сынып бөлмесі шарлармен безендірілген.
Кіріспе сөз
Сәлеметсіздер ме, қадірменді ұстаздар мен қонақтар! Бүгін біз «Бақытты балалық шақ» I тобының балаларымен «Күз берекесі» тақырыбындағы тәрбие сағатын өткіземіз. Ашық сабақтың мақсаты — балалардың сөздік қорын, ойлау қабілетін және сабаққа қызығушылығын арттыру.
Күзде айнала сап-сары алтын түске боялады, сондықтан бұл мезгілді «Алтын күз» дейміз. Бұл — еңбектің қызған шағы: жеміс-жидек пен астық пісіп, өнім жинау басталады. Сол себепті күзді «еңбекқор күз» деп те атайды.
Балалар осы тоқсанда алған білімдерін толықтыра отырып, тақырыпқа сай тақпақ айтып, мақал-мәтелдер келтіріп, жұмбақ шешеді. Сонымен қатар «Бауырсақ» ертегісінен көрініс көрсетеді.
Тәрбие сағатының барысы
1) Ұйымдастыру: амандасу
Барлығы бірге
Амансың ба — алтын күн?
Амансың ба — мектебім?
Амансың ба — ұстазым?
Амансың ба — достарым?
2) Мұғалім сөзі
Балалар, ортаға өнерімізді тамашалатуға Алтын күзді шақырайық. Күздің бізге берер сыйы мол. Қане, бәріміз бірге шақырайық!
3) Балалардың шақыруы
Хормен
Келші, келші, алтын күз,
Келші, келші, жарқын күз!
Мерекені жалғастырып,
Ойнап-күлші, алтын күз!
4) «Күз» кейіпкерінің келуі
Әуенмен билеп ортаға шығады.
Армысыңдар, балдырғандар,
Күзгі бақтың қонақтары!
Өздеріңе ала келдім
Күздің сыйын — көз тартар.
5) Мұғалімнің өтініші
Алтын күз, қолыңыздағы жемістерді балаларға таратып бересіз бе?
6) «Күз» жауабы және ойын
Жоқ, ол үшін балалар еңбектенуі керек. Себебі күздің жемістері мен көкөністері үлкен еңбектің нәтижесінде келеді. Алдымен өнерлеріңді тамашалайын, содан кейін ойын ойнатайын. Ойынның аты — «Көкөніс жинау».
Ойын шарты
Үш бала ортаға шығады: біреуі — жаужұмырды, екіншісі — сәбізді, үшіншісі — пиязды шатастырмай жинап, ыдысқа салады.
7) Ән
2 рет
Тоңазып атырап,
Көп жеміс піседі.
Сарғайып жапырақ,
Саудырап түседі.
Қайырмасы:
Күз жомарт дейміз біз,
Жемісін жейміз біз.
8) Тақпақтар
Кіріспе (хормен)
Бар бізде бау-бақша,
Қызыл-жасыл айнала.
Осындай біп-биік,
Осындай үп-үлкен,
Кел ортаға, өрігім!
1-бала
Өрікпін мен, өрікпін,
Бау-бақшаға көрікпін.
Баптап мені күткен соң,
Талды бойлап өріппін.
2-бала
Алтын, сары, қызыл, көк —
Алуан-алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.
3-бала
Нарттай қызыл алмам бар,
Мәз болады алғандар.
Жазда әдемі киінем,
Тілді балдай үйірем.
9) Сұрақ-жауап
- Бір жылда неше мезгіл бар? — Төрт.
- Жыл мезгілдерін қалай атаймыз? — Күз, қыс, көктем, жаз.
- Қазір қай мезгіл? — Күз.
- Әр мезгілде неше ай бар? — Үш.
- Күз мезгілінің айларын қалай атаймыз? — Қыркүйек, қазан, қараша.
- Күзде қандай өзгерістерді байқаймыз? — Күн салқындайды, күн қысқарады, жапырақ сарғаяды, егін піседі, құстар жылы жаққа ұшады.