Жасай бер, ана тілім - қазақ тілі

Кіріспе ой

Ана тілі бәрінен де биік — ханнан да, қарадан да. Саясатшылар келеді, кетеді, ал ана тілі — мәңгілік. Осыны әрдайым есте ұстайық.

Марат Қабанбай сөзі бойынша.

Мақсаты

Оқырмандардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, қазақ тілін қастерлеуге баулу.

Негізгі идея

Ана тілі — тек қатынас құралы ғана емес, ұлттың жадын, тарихын, мінезін, мәдениетін сақтайтын рухани өзек.

Безендірілуі

Кітап көрмесі

«Қазақ тілі — болашағым, ертеңім…» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, гүл шоқтары қойылады.

Көрнекілік

Нақыл сөздер, шарлар ілініп, қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың портреттері орналастырылады.

Кештің ашылуы: екі бастаушының жыры

1-бастаушы

Жылаған алғашқы іңгә үннен — тілім,
Жөргекте былдыр қағып күлген — тілім.
Жағымды ана әлдиі, ақ сүтімен,
Жүрегіме, қаныма сіңген — тілім.

2-бастаушы

Жанымды жадыратқан бала тілім,
Жыр, ертек жаттаттырған сана тілім.
Жаралып жермен бірге, күн көзімен,
Жасасқан қазақ тілі — ана тілім.

1-бастаушы

Жарысқан жыл құсымен үнді тілім,
Жарасқан дала, малмен сырлы тілім.
Жиһанкез желмаялы Асан қайғы,
Жер-жерге баға берген сынды тілім.

2-бастаушы

Жырлатқан қазақтардың қазақтығын,
Жырлатқан елдік, ерлік, азаттығын.
Жұлдызды құдіреттің туы болған,
Жауынгер ана тілім — қазақ тілім.

Осыдан кейін бірнеше оқырман тіл туралы қанатты сөздерді оқып, бір-біріне сұрақ қою арқылы пікір алмасады.

Пікірталас: «Тіл не үшін керек?»

1-бала

«Осы тіл не үшін керек?» деген сұрақты қойғым келеді.

2-бала

Досым, тіл — бір-бірімізбен сөйлесу, түсінісу үшін қажет. Мұғалім «Тіл — қарым-қатынас құралы» деп түсіндірген емес пе?

1-бала

Жарайды, тіл қарым-қатынас құралы болсын. Онда адамдардың бәрі бір ғана тілде сөйлеп, түсінісе бермей ме? Неге «ана тілі» деп бөлеміз?

3-бала

Әр адамның өз анасы болатыны сияқты, дүние жүзіндегі халықтардың да өз ана тілі, өз Отаны бар.

4-бала

Ана тілі — ананың ақ сүтімен бойға дарыған өз тіліміз. Ана — бәрінен қастерлі, аяулы да асыл жан.

Өлеңдер мен ойлар

5-бала: Әли Әпекұлы

Ана тілім — бала шағым өркенім,
Ана тілім — болашағым, ертеңім,
Ана тілім — сайын далам, жер, көгім,
Ана тілім — арман, ойым, өрнегім.

Ана тілді білмесем,
Шат-шадыман күлмес ем,
Жер бетінде сайраңдап,
Қазақ болып жүрмес ем.

6-бала: Әбділда Тәжібаев

Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Өссе тілім — мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.

7-бала: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ана тілім — бәрін сөйлер шежірем,
Тілсіз нені білдіре алам, не білем?!
Тілім барда ғана мынау ғаламның
Кілтін табар саналысы сезінем.

О, адамдар, қадіріне жетіңдер,
Ана тілің — анаң, сыйлап өтіңдер!

Құрмет пен жауапкершілік

8-бала: Кейде ана тілін сыйламайтын, білгісі келмейтін адамдар да кездеседі. Олар туралы не айтамыз?

9-бала (Сарноғаев): Ана тілін білмеген — ақылы жоқ желікбас.
Ана тілін сүймеген — халқын сүйіп жарытпас.

10-бала (Ғ. Мүсірепов): Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді. Сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық.

Мемлекеттік тіл туралы

Тілдің мәртебесі

Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Ол тек отбасы, ошақ қасының ғана тілі емес, мемлекеттік тіл.

Құқықтық негіз

1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып бекітілді. 1997 жылғы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп көрсетілді.

Көпұлтты қоғамдағы рөлі

Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Мұндай қоғамда мемлекеттік тіл — ел халқын саяси-мәдени бірлікке ұйыстыратын басты құрал. Қазақ тілін терең меңгеру арқылы біз өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне ұмтыламыз, өз халқымыздың тарихын зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтей отырып, өзге тілдерді де үйреніп, олардың мәдениетін қадірлеу — парасаттың белгісі.

Бәрі: Ана тілін қастерлеп, құрметтейік!

Ә. Тінәлиевтің «Ананың тілі» әні орындалады.

Ойын: «Жалғасын тап»

Ойын шарты: мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің жалғасын табу.

  1. 1. Тіл — адам ойының айнасы.
  2. 2. Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі.
  3. 3. Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле.
  4. 4. Тисе терекке, тимесе бұтаққа.
  5. 5. Айтылған сөз атылған оқпен тең.
  1. 6. Бал тамған тілден у тамар.
  2. 7. Көп сөз — бос сөз.
  3. 8. Көп сөз — күміс, аз сөз — алтын.
  4. 9. Жасыңда қылжаң болсаң, өскенде мылжың боласың.
  5. 10. Таза сөйлеу — биік мәдениеттілік.

Қорытынды жыр

2-бастаушы

Жанын сап, халқын сүйіп, баққан тілім,
Жалықпай құпиялар ашқан тілім.
Жаһанның төрт бұрышы түгел танып,
Жат жұрттан да достарын тапқан тілім.

1-бастаушы

Бұл жанды тіл — менің азат тілім,
Жадымда талмай самғар қанат тілім.
Жыр — қуат, сөзі — ана уызындай,
Жасай бер, ана тілім — қазақ тілім!

Жасай бер, ана тілім — қазақ тілі!