Наурыз мейрамы қазақ халқы үшін қандай мереке
Үздік ашық сабақ бәйгесі • Категория: Тарих • 5-сынып
«Наурыз мейрамы» тақырыбы бойынша ашық сабақтың жоспары
Сабақтың тақырыбы
Наурыз мейрамы.
Сабақтың түрі
Ашық сабақ.
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, музыка, бейнелеу өнері және т.б.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Наурыз мейрамы және қазақ халқының өзге де ұлттық мерекелері туралы жалпы мәлімет беру, мерекелердің маңызын ұғындыру.
Дамытушылық
Ұлттық мерекелердің қазақ халқының рухани және материалдық өміріндегі орнын анықтау арқылы сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиелік
Рухани тәрбие беру, имандылыққа баулу, ұлтжандылық сезімін ояту және ұлттық дәстүрлерге құрметпен қарауға үйрету.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сынып «Тұрғындар мен үйлер» әдісі арқылы үш топқа бөлінеді.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Зымыран сұрақтар» әдісі арқылы өткен тақырыпты еске түсіру және талқылау ұйымдастырылады.
- Сәулет өнері дегеніміз не?
- Ежелгі адамдардың баспанасы қандай болған?
- Қазақстан жеріндегі ортағасырлық қандай сәулет ескерткіштерін білесің?
- Орта ғасырдағы сәулетті құрылыстарды салуда қандай материалдар пайдаланылған?
- Қазіргі заманда сәулет өнерінің дамуының сыры неде деп ойлайсың?
Өткен сабақты қорытындылау (қысқаша мазмұн)
Оқушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы жазған жұмыстарын оқиды. Мұғалім жауаптарды толықтырып, Қожа Ахмет Ясауидің кім болғанын және ислам дінін насихаттаудағы орнын қысқаша түсіндіреді.
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — орта ғасыр сәулет өнерінің озық туындысы екені, оны Әмір Темір салдырғаны атап өтіледі. Соңында үй тапсырмасы бойынша негізгі ойлар жинақталады.
III. Жаңа сабақ
Қызығушылықты ояту
«Наурыз туралы кім не біледі?» — оқушылардың жауаптары тыңдалады.
Сабақтың жоспары
- Қазақтың ұлттық мейрамдары
- Наурыз мейрамы
Тақырыпқа кіріспе тапсырма
Оқушылар дәптерлеріне қазақтың ұлттық мейрамдары мен Наурызға қатысты білетіндерін бір сөзбен қысқаша жазады. Мұғалім жауаптарды тақтаға шығарып, сабаққа тікелей қатысты ұғымдарды іріктейді.
1) Қазақтың ұлттық мейрамдары
Мұғалім оқушыларға: «Қазақ халқының қандай ұлттық мейрамдарын білесіңдер?» деген сұрақ қояды. Жауаптар тыңдалған соң, ұлттық мерекелердің мәні мен қоғамдағы орны түсіндіріледі.
Жекелеме жұмыс
Оқушылар баланың дүниеге келуінен бастап есейгеніне дейінгі кезеңдерде атқарылатын ұлттық мерекелерді жазады:
- Шілдехана
- Тұсаукесер
- Сүндет той
Бұл мерекелердің ортақ мәні — өмірдің жаңа кезеңін қуанышпен қарсы алу, отбасылық және қоғамдық бірлікті күшейту.
Сондай-ақ екі жастың отау құруына байланысты дәстүрлік мерекелердің мазмұны талқыланады: атастыру, қалыңмал, беташар, келіннің сәлем салуы, «жар-жар» айту және т.б. Мерекелердің көбіне ән-думан, жарасымды бата мен ізгі тілек қатар жүреді.
2) Наурыз мейрамы
Бағдарлау сұрақтары
- Наурыз мейрамы қазақ халқы үшін қандай мереке?
- Наурыз мейрамында қандай ұлттық шаралар өтеді?
Негізгі мәлімет
Наурыз мейрамы жыл сайын 22 наурызда атап өтіледі. Бұл күн қазақ және шығыс күнтізбесінде жаңа жыл, яғни жыл басы ретінде танылған.
«Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағына береді. 22 наурызда күн мен түн теңеседі.
Наурыз — қазақтың ұлттық мерекелерінің ішіндегі ең негізгі әрі маңыздысы. Халық бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше қадірлеген. Сонымен қатар бұл кезең көшпелі халық үшін төл алу науқанына тұспа-тұс келіп, тіршілік қарқынын арттыратын уақыт саналады.
Тарихи ескертпе
Кеңес Одағы кезеңінде ұлттық сипаттағы мерекелерге шектеу қойылып, Наурызды кең көлемде тойлауға мүмкіндік болмады. Тәуелсіздік алғаннан кейін Наурыз ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырып, кеңінен аталып өте бастады.
Наурыздың мәні
- Тепе-теңдік пен үйлесім идеясы.
- Жаңару, өсу, түлеудің бастауы.
- Кешірім мен имандылыққа үндейтін мереке («Алдына келген атанның құны болса да кеш»).
- Көктем мерекесі, еңбек тойы, ырыс пен молшылықтың бастауы.
- Мейірімділік пен қайырымдылық мейрамы.
Дәстүр және тағам
Наурыз күні адамдар бір-бірімен көрісіп, амандасып, өткен реніштерін кешіруге тырысады.
Мерекенің ең басты тағамы — Наурыз көже. Оқушыларға Наурыз көженің қандай тағамдардан дайындалатынын дәптерлеріне жазу тапсырылады.
Топтық тапсырма
«Наурыз» сөзін топтастыру және топ атынан бір оқушының қорғауы.
Рөлдік/көрініс тапсырмасы (топтық жұмыс)
Үш топ дәстүрлі мерекелерден немесе ұлттық ойындардан көрініс көрсетеді. Оқушылар ұсынылған бұйымдардың ішінен қажеттisini таңдап алып, топпен ақылдасып сахналайды.
-
1-топ
Асық ойыны
-
2-топ
Тұсаукесер
-
3-топ
Теңге ілу
Қорытынды және бекіту
Бекіту сұрақтары (карточкалар)
- Қазақ халқының ұлттық мерекелеріне қандай мейрамдар кіреді?
- Үйлену тойында қандай шаралар өтеді?
- Наурыз мерекесі неліктен мерекелердің ішіндегі ең маңыздысы болып табылады?
- Мерекелер кезінде өтетін қазақтың ұлттық ойындарын ата.
1–2 оқушыдан өткен сабақ және бүгінгі тақырып бойынша түсінгенін қысқаша айтқызу жоспарланады.
Бағалау және үй тапсырмасы
Бағалау
Сабақ барысындағы жауаптар, белсенділік, топтық жұмыс және қорғау сапасы бойынша бағаланады.
Үй тапсырмасы
- 1-параграфты оқу, тест құрастыру.
- Наурыз мерекесі туралы әңгіме жазу.
Автор туралы мәлімет
Мұғалім
Иманова Ләйлә Тлебалдықызы
Тарих пәні мұғалімі
Мекеме
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Үш Төбе ауылы
Өкпеті орта мектебі