Қазақ тілі өте бай, оралымды тіл
Ана тілім — ар мен ұяттың өлшемі
«Сүйемін, туған тілді — анам тілін, бесікте жатқанымда-ақ берген білім. Шыр етіп, жерге түскен минутымнан құлағыма сіңірген таныс үнім!» — деп Сұлтанмахмұт Торайғыров туған тілдің қадірін жүрекке жақын жырлаған.
Өткен ғасырда Сұлтанмахмұтты бас идірген туған тілі — менің де ана тілім. Қазақ тілі — бай, оралымды, шұрайлы тіл. Өзге ұлт өкілдерінің ғалымдары да тіліміздің тазалығына таң қалып, еріксіз мойындап жүр.
Тілдің кешегісі, бүгіні, болашағы
Қазақ тілінің кешегісі — кемел, бүгіні — бүтін, болашағы — баянды. Бұл тіл — ана құрсағында жатып естілген, ақ бесікпен бірге тербелген, ақ сүтпен сіңіп, қазақы қанмен бойға тараған төл мұра.
Егер қазақ тілі мұншалық шұрайлы болмаса, елді аузына қаратқан от ауызды, орақ тілді шешендер мен сөз майталмандары да халқымызда соншалық көп болмас еді деп ойлаймын.
Көптілділік — бүгінгі күннің талабы
Дегенмен, бүгінгі заман бізден көптілді болуды талап етеді. Ана тілімізді тұмардай сақтай отырып, өзге тілдерді де еркін меңгеру — біздің еншіміз.
Мақсат
Болашақ жастар ретінде заман ағымына бейімделіп, күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп отырған әлеммен қатар жүріп, оны игеруіміз керек.
Қажеттілік
Ол үшін өзге тілді үйрену аса қажет. Әл-Фараби бабамыздың ізімен, басқа елдің тілін меңгеру — келешекте жарқын өмір сүруге үлкен мүмкіндік.
Мүмкіндік
Өйткені қай елдің тілін білсек, сол елге жол ашық: тіл арқылы оның өнерін, мәдениетін, әдебиетін және ғылымын да танимыз.
Өз тіліңді құрметте, өзге тілді меңгер
Қазақ елін көркейтетін — қазақтың дарынды, талантты ұл-қыздары. Біз өзге ұлттармен терезесі тең болып өмір сүру үшін біліммен қатар тілдің де құнын арттыруымыз керек.
Қазақтығымызды тілімізбен, салт-дәстүрімізбен, ән-күйімізбен, жырымызбен дәлелдеу үшін де өзге тілдерді үйрену артық емес.
«Тілін білмеген — түбін білмейді» деген сөз бекер емес. Сондықтан алдымен өз тілімізді қастерлеп, мәртебесін көтеріп, содан кейін өзге тілдерде де еркін сөйлей алсақ деп армандаймын.
Технологияның кілті болатын тілдер
Жиырмасыншы ғасырда хакім Абай «Дүниенің кілті — орыста» деп, қазақты орыс тілін үйренуге шақырған. Ал мен өз қатарымдағы балаларды ағылшын, қытай және жапон тілдерін үйренуге үндеймін. Себебі бұл тілдер — жаңа технология мен ғылым-білімге бастайтын жол.
Қазақ баласы өзге тілде еркін сөйлесе, қазақ тіліне де әлемнің қызығушылығы артады деп сенемін. Ақын Қадыр Мырза Әлі ана тілінің қасиетін ар мен ұят ұғымымен теңестіруі де тегін емес.
Әлихан Мира
10 жаста, 5-сынып оқушысы
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз гимназиясы